М.Әуезов атындағы ОҚУ «Автоматтандыру, телекоммуникация және басқару» кафедрасы Алымов Н. ф.-м.ғ.к., аға оқытушы, Балабекова М. т.ғ.к., доценті, Байғабылова Д.Қ. аға оқытушы, Марқабаева Д.Б. аға оқытушы
Сөз басында айтарымыз, іргелі және күрделі тақырыпты қозғағымызда, Абайдың еңбектерін зерттеуші Нұрғали Маханның ғылыми жұмыстарының нәтижесін қарастырып оны негізге алғанымызды атап өтеміз. Ол Абайдың дінге деген көзқарасына терең тоқталып және оны оқырманына тыңғылықты ізденіспен ұғынықты етіп жеткізе де білген.
Ғұлама Абайдың әрбір діни тұжырымының артында Құранның аяты немесе Мұхаммед Мұстафа с.ғ.у. пайғамбардың, оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын, хадисі тұр. Абайды зерттеуші не болмаса Абайдың діни көзқарасына, тұжырымдарына қатысты сөз айтқысы келген әрбір азамат,- қазір екінің бірі сөз зерттеуші, Абай сүйенген сол негіздерге қайтуы керек. Яғни, Абай нәр алған және сүйенген сол негіздердерге байланыстырып ашу керек.
Ислам дінінің қазақ халқы арасында тарауы өте күрделі болды, ол найзаның ұшымен, керуен сарайымен келген алып сатарлармен және ел арасына сіңіскен емші мен діни білім меңгерген жандармен жүзеге асты.
Шыққан жері араб түбегі және тілі араб болғандықтан қазақ тілді бұқара халыққа үйлесімді тілмен жеткізу ұлы ғұламалардың үлесіне тиді. Атап айтсақ, ұлы Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсаринді және Шәкәрім Құдайбердиевті ерекше бөліп айтуға болады.
Абай өз шығармаларында өлең мәтіндерінде, қара сөздерінде дін мәселесі арқау етті. Сенім мен дінге қатысты аят пен хадистерді қазақша мәндерін «Он үшінші қара сөзінде» «Әуелі — не нәрсеге иман келтірсе, соның хақтығына ақылы бірлән дәлел жүргізерлік болып, ақылы дәлел — испат қыларға жараса, мұны якини иман десе керек», -дейді.
Абай өзінің «Қырық бесінші қара сөзінде» «Неше мың түрлі діннің бәрі де ғаделет, махаббат Құдайға лайық деген» дейді. Осымен ақын ғылым, махаббат, әділетті — дін мен иманның шын негіздері деп келтіреді. Оның айтуынша, «Бұлар Жаратушы Иеміздің ісі, он сегіз мың ғаламды меңгеретін басты заңдары».
Адамзаттың рухани дамуында айнымас темір қазығы, мұсылмандық жолы, яғни Аллаһ жолы және оның баға жетпес асыл кітбы қасиетті құран. Абай – кәміл, жан-жақты үйлесімді жетілген мұсылман. Мұсылманның бес парызының ең бастысы – жаратушы бір Алланың бар екендігіне, оның бірлігі мен ақиқатына сену болса:
Алланың өзі де рас, сөзі де рас
Рас сөз еш уақытта жалған болмас.
Көп кітап келді алладан, оның төрті
Алланы танытуға сөзі айырылмас, -деген Абай, Аллаға да оның «сөзі» «Құран-Кәрімге»-де бар болмысы, жан-тәнімен сенген – кәміл мұсылман.
Өзі мұсылман бола тұра, әлемдік басты діндердің қағидалары мен канондары жазылған бұл төрт кітаптан Абай Құранды ерекше бөліп, оқушысына ерекше түсіндіреді. Адамзат тарихындағы діннің рөлін жетік білген ғұлама Абайдың түрлі діндерге тең дәрежедегі бір көзбен қарауы – оны Әлемдік деңгейдегі ұлы ойшыл-гуманист дәрежесіне көтеріп отыр.
Айта кететін ой, Абайдың бағыты мен ой түйсігі орыстың ұлы гуманист жазушысы Лев Толстоймен үндеседі.
Тіліміздегі «Сенім» сөзінің мағынасы исламдық мұсылман түсінігінде «Иман» деп айтылады. Сонда, «Дін», «Сенім», «Иман» сөздері – адамның дінге деген сенімі мағынасында қолданылатын синоним сөздер. Мұсылманға иман – шарт. Яғни, ол жаратушы бір Алланың бар екендігіне, оның бірлігі мен ақиқатына иман келтіріп, сенуі керек.
Абай иман туралы: «Иман дегеніміз бір ғана инанмақ емес, сен алла тағаланың бірлігіне, уа құранның аның сөзі екендігіне, уа пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа с.ғ.у. оның тарапынан елші екендігіне иландық. Жә, не бітті? Сен алла тағалаға алла тағала үшін иман келтіремісің? Сен иман келтірмесең де алла тағалаға келер еш кемшілік жоқ еді. …Ол инанмақтығың құр ғана инанмақтықбірлән қалса саған пайда бермейді. …Пайдаланамын десең, пайда береді, кәміл иман болады. Пайданы қалайша алуды білмек керек»,-деп жазады өзінің «Тасдиқ» деп аталатын ғылыми трактатында.
Мұсылманның бес парызы бар. Сол бес парыздың ең бастысы әрі ең негізгісі, ол – Алланың бар екендігіне, Құран оның сөзі, ал Мұхаммед пайғамбар оның елшісі екендігіне иман келтіріп, сенуі шарт. Абайдың ойынша Аллаға иман келтіруімізбен ғана іс бітпейді. Себебі, біздің оған сеніп, иман келтіруімізге Алла тағала мұқтаж емес. Құрғақ бір ғана сенім ешқандай пайда бермейді. Аллаға жан-тәніңмен, бар-болмысыңмен, оның өзіне ғана лайық ұлы сипаттарына шын беріле отырып, ақиқатыңмен, бар махаббатыңмен сенуің керек. Сол кездегі иман шын мәніндегі – кәміл иман болмақ.
Әлемдік діндердің барлығында хұзыры мен билігі шексіз жаратушы Хақ тағаладан пендесі қорқу керек десе, «Махаббат пен қорқыныш – от пен су секілді, бірі бар жерде екіншісіне орын жоқ», -деген Абай: «Алла тағала адамзатты махаббатпен жаратты. Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың қарыз іс емес пе?» -дейді.
Ғұлама ойшыл, философ Абай өзінің «Тасдиқ» деп аталатын 38-қарасөзіндегі айтқан ойларын «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінде поэзия тілінде жалғастырады.
… Махаббат жаратқан адамзатты
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп
Және хақ жолы осы деп әділетті.
Осы үш сүю болады имани гүл
Иманның асылы тахкиқ біл.
Ойлан дағы, үшеуін таратып бақ,
Басты байла жолына малың түгіл.
Дін де осы, шын ойласаң, тағат та осы
Екі дүние бұл тасдиқ – хақтың досы.
Осыларды бұзатын және үш іс бар:
Пайда, мақтан, әуесқой – онан шошы, -деген Абай «Алланы сүй», «Адамзатты сүй», «Хақ жолы әділетті сүй» — міне осы үш сүю иманның, сенімнің тірегі – кәміл иман яғни «Иманигүл»,-дейді.
«Дін де осы, шын ойласаң тағат та осы», -деп «Иманигүл» мен дінді бірнәрсе деп түсіндіретін ақын, осыларды бұзатын – пайда, мақтан, әуесқойлық,-деп, пайдакүнем, мақтаншақ және көңілінің байлаулы тұрағы жоқ әрдемеге әуесшіл адамдарды «Иманигүлді» иманды адамдарға қарама-қарсы суреттейді. «Иманигүлдің» тағы бір шарты – адамзатты сүю. Күллі адамзатты бауыр тұтып, жақсы көру – жаратушы бір Құдайдың әмірі,- деп Киелі кітаптарда айтылса да, бұл – ғұлама ойшыл-гуманист Абайдың жеке бағындырған өз биігі. Түрі мен түсі, ділі мен діни сенімі әр түрлі, жаратушы бір Алла жаратқан күллі адамзат – бір адамның баласы. Туған бауырыңды қалай сүйсең, адамзаттың бәрін де солай сүй,-деген сапалы ой – Абай өмір сүрген сол кезеңде, Абайдан өзге ісләм сеніміндегі ой алыптарына орала қоймаған кез. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп»,- жырлаған хәкім Абайдың гуманисттік тұрғыдағы данышпандық ойы – оны адамзат тарихындағы үздік ой алыптарының қатарына қосып тұр.
Адам өмірінің сенімі мен иманының рухани қайнар көзі деп «Иманигүлді» басты орынға шығарған хәкім Абай:
Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс
Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.
Бастапқы үшін бекітпей соңғы төртті
Қылғанменен татымды бермес жеміс, — деп, мұсылманның қалған төрт парызын осы «Иманигүлдің» шарты ретінде ғана қабылдайды. Ораза ұстау, намаз, зекет, жағдайы келсе қажылыққа бару әрбір мұсылманға парыз саналатыны белгілі. Бірақ, сен қанша жерден намаз оқып, зекет (әлсіздерге көмектесу үшін берілетін қайыр садақа) беріп, қажылыққа (қағбаға барып зиярат ету) барғаныңмен, бойыңда «Иманигүл» яғни Алланы, адамзатты, әділетті сүю сезімі болмаса, сыртыңмен намаз оқып, зекет беріп, қажылыққа баруың әшейін жемісін бермес бос тірлік,- дейді хәкім Абай.
Абайдың дінге деген көзқарасы өте күрделі. Абай мұсылманның ең басты парызы жаратушы бір Алланың бар екендігіне, оның бірлігі мен ақиқатына бар болмысымен сене тұра, ол Алланы саналы түрде танып білгісі келеді. Алланы бар ақыл-санасымен танып білгісі келген Абайдың:
Көңілге шәк, шүбәлі ой алмаймын
Сонда да оны ойламай қоя алмаймын.
Ақылдың жетпегені арман емес,
Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын, — деуі, мұсылман әлемі танып білмеген
батылдық болатын. Дін ғылымы: «Алланы жаратқандарына қарап таны. Аллаға ойланбай илан, сен», — десе, Абай: «Сеніп, илану үшін ойланамын», — дейді. Шындығына келгенде, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп», — жырлап, Әлемдік деңгейдегі парасат биігіне көтерілген Абай үшін ісләм дінінің танымдық шеңбері тым тар еді.
Сондықтан да: Ақылға сыймас ол Алла Тағрипқа тілім қысқа аһ,-деп, өлшеусіз Алла тағаланы, өлшеулі пенде ақылымен түсіну мүмкін емес деп (38-қарасөз) «Аһ» ұра өкініп:
Ақылмен хауас барлығын
Білмейді жүрек сезе-дүр
Мүттәкәллимин, Мантикин
Бекер босқа езе-дүр, — деген Абай Алланы сөз арқылы түсіндіріп, оның құдіретін жаратқандарына қарап біле бер, — дейтін дін ғылымдары Мүттәкәллимин мен Мантикинге ашық қарсы келіп, оларды мансұқтап, жоққа шығарып отыр. Өлең шумағындағы «Хауас» сөзі сипат, түр деген мағынада. Абайдың: «Жаратушыны ақылмен біліп болмайды. Оның сипатын, бар екенін жүрек сезеді», — деген пікіріне дін ұстаздарының көзімен қарасақ, Абайдың мұнысы – күпірлік. Міне, сондықтан да біз ғұлама ғалым хәкім Абайдың дінге деген көзқарасы белгілі бір өлшем қағидасы мен түсінік шеңберіне сыймайды, — дейміз.
Айта кететін бір жай, көп жерде «Ақылмен хауас барлығын» деген өлең жолдарындағы «мен» жалғауы шылау ретінде «ақыл» деген сөзден бөлек жазылып кеткен. Мұндай жағдаймен мүлдем келісуге болмайды. Егер «мен»-ді септеулік шылау ретінде бөлек жазсақ «Ақыл мен хауасты, яғни ақыл мен бірге хауасты да танып болмайды», -деген ұғым қалыптасып, Абайдың айтқысы келген «Ақыл арқылы хауасты түсіне алмаймыз», деген ойын мүлдем ұқпай қалар едік. Сондықтан да өлең жолдарындағы «мен» қосымшасын көмектес септігінің жалғауы ретінде бірге жазуымыз керек. Сонда ғана біз өлең жолындағы Абайдың айтқысы келген ойын анық түсінеміз.
Ол бір Алланы жан-тәнімен,бар болмысы, ақыл-санасымен түсінгісі келеді. Сонда,жаратушы бір Алланы қалай танып білеміз? Әрине, Аллаға деген сенім арқылы. Сенім дегеніміз – иман. Ал, әрбір мұсылманға иман-шарт. Абай: «Иман дегеніміз бір ғана инамақ емес,сен Алла тағаланың бірлігіне, уа Құранның оның сөзі екендігіне, Мұхаммед Мұстафа с.ғ.у. оның елшісі екендігіне инандық…Сіз әмәнту билләһи кәмә хуа би исмайһи уа сифатиһи, — дедіңіз. (Құдайға оның есімдері мен сипаттарына иман келтіремін) Егер де ол сипаттар бірлән тағрипламасақ (айыру, анықтап білу) бізге мағрифатулла (Алланы тану) қиын болады», — дейді өзінің отыз сегізінші қара сөзінде.
Жаратушы Алланың осы сегіз ұлы сипаты туралы Абай: «Бұлардың хәммасы Алла тағаланың зәтия (өзіне лайық) суббутия уа фиғлия (өзі істейтін) сипаттары дүр. Мен мұнда сіздерге төртеуін білдіремін. Оның екеуі – ғылым, құдірет. Сегіз сипаттан қалған алтауы – бұларға шарқ (түсіндіру, түсініп беру)», — дейді.
Алла тағаланың сегіз сипаты ішінен ғылым мен құдіретті басты орынға шығарған Абай, қалған алты сипатты осы екі сипатқа түсінік берушілер, — деп түсіндіреді өзінің 38-қара сөзінде. «Ол сипаттармен тағрипламасақ (анықтап білу) бізге мағрифатулла (Алланы тану) қиын болады», — деген Абай, Алланың сегіз ұлы сипатының ішінен өзі екшеп, бөліп алған дәл осы екі сипат арқылы яғни, құдірет пен ғылым арқылы Алланы танып білуді ұсынады. Әрине, Алланың құдіретті екені анық. Ол әркімге белгілі ақиқат. Сонда, Абай бізге Алланы, оның екінші сипаты ғылым арқылы танып білу керек деген ой ұстанымын ұсынып отыр.
Ғылымды адамның ғылымы және Алланың ғылымы, — деп екіге бөлген Абай: «Адамның ғылымы, білімі хақиқатқа, растыққа құмар болып, әр нәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтық бірлән табылады», — дей келіп: «Ол – Алланың ғылымы емес, һәмманы біле тұғын ғылымға ынтықтық өзі де адамға өзіндік ғылым береді» (38-қарасөз) , — дейді.
Абай Алланы, бәрін білетін Алланың ғылымы арқылы емес, адамның ғылымы арқылы тануға тырысады. Себебі: «Біз алла тағаланы өзінің білінгені қадар ғана білеміз, болмаса түгел білмекке мүмкін емес. Заты түгіл, хикметіне ешбір хаким ақыл ілестіре алмайды. Алла тағала – өлшеусіз, біздің ақылымыз – өлшеулі. Өлшеулі бірлән өлшеусізді білуге болмайды», -дейді (38-қарасөз).
Абайдың Алла тағаланы бар ақыл санасымен ұғып, танығысы келгенде айтпақ болғаны: Пендесіне жаратушы Алла тағала қалай танылып, сезіліп тұрса, сол күйінде ғана Алла тағаланы тануға біздің ақылымыз қауқарлы. Алла тағаланы толық танып білу мүмкін емес. Себебі, біздің ақылымыз өлшеулі, Алла тағала – өлшеусіз.
Абайдың пайымдауынша, адамның ғылымы әр нәрсенің түпкі себебін, ақиқатын білмекке ынталанудан туады. Ал, Алланың ғылымы барлық нәрсені біледі. Барлық нәрсені білетін Алланың ғылымына құштарлық, ол да адамға өзіндік ғылым береді. «Аның үшін ол Алланың өзіне ғашықтық», — деген Абай: «Ғылым – алланың бір сипаты, ол хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һәм адамдық-дүр» (38-қарасөз), -дейді.
Алланы, оның басты сипаты ғылым арқылы тану керек деген ұлы ойшыл Абай, дүниені яғни, қоршаған ортаны тану, ақиқатты тану, өзін-өзі тану, өз адамдығын бұзбай жаман нәрседен қашып, жақсы пайдалыны үйрену де ғылымнан,-дей келіп, адам бойындағы күллі жақсы қасиеттердің бәрі де ғылым арқылы келеді,-деген аса күрделі ой қорытындысын түйіндейді өзінің философиялық діни көзқарасын айқындайтын 38-қара сөзінде. Абай 38-қара сөзінде ғылымнан хабарсыз,білімсіз моллалар мен ғылымды оқытпайтын схолостикалық діни медреселерді бітіріп шыққан надан шәкірттерді сынайды. Абай сынында шындық мол. Абай заманындағы дін ұстаздарын былай қойғанда, қазіргі таңдағы дін ұстаздарының ең үлкен қателігі Алланың сөзі Құран Кәрімді заманауи ғылымдар химия, физика, биология, гидрология, медицина секілді ғылымдармен байланысты түсіндіре алмауында. Олар үшін дін мен ғылым екі бөлек, екі дүние. Ал, хәкім Абай үшін дін мен ғылым біртұтас бір дүние. Екеуі де яғни дін де ғылым да ақиқат пен бір Алланы тану жолында қызмет етуі керек. Абайдың дәл осы пікірін көкірек көзіміздегі ой безбеніне салып көрейікші…
Қорыта айтарымыз Абайдың еңбектеріндегі дін мәселелері күрделі аумағы кең, тереңдігі тұңғиық көптеген ғылыми еңбектерге нысан болатын дүние. Сөз басында айтып кеткеніміздей жаратушы бір Алланы тану үшін Абай, Алланың өзіне тән сегіз сипатының ішінен құдірет пен ғылым сипатын даралап бөліп алып, ғылымның өзі – құдірет, — дей отырып, Алланы адам өзіне сезілген ғылым арқылы тану керек, — деген тұжырымға келеді.
Ол адамгершілікті, моральдық-философияны барлық жайдан жоғары қойды. Дінді сенім әрі тәрбие құралы деп есептеген Абай, «Иманигүлді» «Толық адамды» насихаттай келе, тұлғалық сананы жоғарғы деңгейге көтере отырып, ой-сананы түзеумен қоғамды, шаруашылық болмыстың баршасын өзгертіп, түзеуге болады,-деген тұжырым жасайды.
Алланы шынайы махаббатпен сүйіп, білім мен иманды бірге ұстау керек деген мақсатты ойды ұстанған Абайды, ислам дінінің философиясын жоғарғы деңгейге көтере отырып, дінді жаңаша пайымдағысы келген шын мәніндегі исламдық ойшыл – ғұлама деп түсінуіміз керек. Бұл – таласы жоқ ақиқат дүние.
Comments