АймақӘлеуметҚоғамРуханият

«ДІНИ ӘДЕБИЕТТЕР» ЖӘНЕ «ДІНИ МАЗМҰНДАҒЫ АҚПАРАТТЫҚ МАТЕРИАЛДАР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

Елімізде дінді танып білуге талпыныс ар­тып, дін рухани өміріміздің негізіне айналып келеді. Сонымен бірге, дінге оралу барлық пост­ке­ңес­тік елдерде, соның ішінде Қазақстанда да, зай­ыр­лы мемлекеттегі діннің орны, дін мен мемлекет қарым-қатынастары туралы мәселелер төңіре­гін­де пікірталастар туғызды. Басқа елдердегі діни ахуал, сондай-ақ еліміздегі «жаңа діни» қозға­лыс­тардың мемлекетіміздің әлеуметтік-психо­ло­гиялық өміріне ықпалы да өткір мәселеге айналып отыр. Әртүрлі діндер мен конфессиялардың олар­дың жолын ұстаушылар мен ұйымдарының, со­нымен бірге, олардың билікпен, азаматтық қоғам­мен қарым-қатынасы елдегі діни ахуалға ықпал етеді.

Діни ахуал туралы сөз қозғағанда оның екі дең­гейін ескергеніміз жөн: жаппай бұқаралық дең­гейдегі діни сана мен жоғары діни институттар деңгейі. Бұқаралық деңгейдегі діни сананы сара­ла­сақ, бұл дүниеде барлығын «дін аманмын» дейтін қазақ, ХХ ғасырдың 20-жылдары, әсіресе жастар діннен атеизмге бет бұрса, ХХ ғасырдың аяғында тәуелсіздікпен бірге діни сенімге де еркіндік ал­ғаннан кейін, тағы да жастар, енді дінге аса қы­зығушылық танытты.

Бүгінгі қоғамда жалпы халықтың діни сауаты тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда біршама артқан. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында  жастар мешіт пен діни ғибадат үйлеріне жиі қатынау арқылы діни сауаттылықтарын арттырған болса, қазіргі таңда ақпараттық құралдар, ғаламтор көздері негізгі діни таным беру алаңына айналды. Бұл өз кезегінде белгілі бір дәрежеде мәселе тудырмай қоймайды. Сонымен қатар, шет елдердің діни оқу орталықтарына барып білім алушы жастар саны да едәуір артты. Өзінің алған діни көзқарасын дұрыс санап Қазақстанның діни кеңістігінде араби, түрки, ескіше мектептердің ізі де сезіле бастады. Ең әуелі бұл сол елдерден білім алған жастардың ықпалы болса, екіншіден араб, түрік, өзбек тіліндегі діни әдебиеттердің қазақ тіліне аударылуы еді. Елімізде басып шығарылып жатқан, шет елдерден алып келінген діни әдебиеттер мен материалдарға мемлекеттік уәкілетті орган тарапынан дінтану сараптамасы жолға қойылғанға дейін шет елдік біршама діни-саяси топтардың, жамағаттардың әдебиеттері қазақ қоғамына, дін ұстанушы азаматтардың санасына сіңіп үлгерді.

Діни әдебиет дегеніміз – діни мазмұнға ие (теологиялық, діни-каноникалық, ритуалдық-мистикалық, әлеуметтік-теологиялық) және тұрғындардың діни және рухани-діни ұстанымдарынан туындайтын өзге де әлеуметтік мәні бар сұраныстарын қанағаттандыруға бағытталған баспа немесе электрондық өнім (кітаптары, брошюралар) болып табылады.

Діни мазмұндағы ақпараттық материалдар дегеніміз – діни мазмұндағы ақпаратты қамтитын, діни әдебиетке жатпайтын баспа түріндегі немесе электрондық өнім». Аталған ұғымдарға сүйене отырып, діни мазмұндағы ақпараттық материалдарға келесі баспа түріндегі немесе электрондық материалдар жатады:

— діни мазмұндағы ақпараттық бюллетендер, діни уағыздар, құдай ілімі туралы сөз сөйлеу, діни-канондық мәтіндерге түсініктеме, діни лекциялар және діни білім беруге арналған сөз сөйлеу мәтіндік материалдары және жинақтары;

— діни бірлестіктермен өткізілетін және теологиялық тақырыпқа арналған семинарлар, дөңгелек үстелдер және конференциялар материалдары;

— діни мазмұндағы мәтіндері бар үндеу хаттар, буклеттер;

— діни ілім мәтіндері, діни сипаттағы цитаталары бар діни күнтізбелер.

Діни әдебиетке, діни мазмұны (теологиялық, діни-канондық, ритуалды-мистикалық, әлеуметтік-теологиялық) бар кітаптар, баспа немесе электрондық түріндегі брошюралар жатады.

Қазақстан Республикасында діни әдебиеттерді, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды және діни мақсаттағы заттарды тарату мәселесі тиісті заңнамалық актілерімен реттелген.

Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі төрағасының 2013 жылғы 23 шілдедегі № 34 бұйрығымен бекітілген «Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы тұрақты үй-жайлардың, сондай-ақ ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шаралар өткізуге арналған үй-жайлардың орналастырылуын айқындау жөніндегі нұсқаулықтың» 1-тармағында діни әдебиеттерді және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы тұрақты үй-жайлардың орналасу тәртібі көрсетілген. Аталмыш нұсқаулықтың 3-тармағына сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, Нұр-Сұлтанның жергілікті атқарушы органдары арнайы тұрақты үй-жайлардың орналасуын бекітеді.

Кез-келген азамат діни мазмұндағы кітап өнімдерін тарату жұмыстарымен заңсыз айналысса, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 490-бабы 1-бөлігі 3-тармағы (діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де материалдарды, діни мақсаттағы заттарды әкелу, әзірлеу, шығару, басып шығару және (немесе) тарату) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, жергілікті мамандандырылған әкімшілік сотына жолданады. Егер сот шешімімен кінәлі деп танылса, 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу шарасы қолданылады.

Қорытындылай келе, діни мазмұндағы заттар мен әдебиеттерді заң аясында белгіленген орындардан алған абзал.  Сондай-ақ, діни әдебиеттерде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің дінтану сараптамасы арқылы мақұлданған деген ескертпенің бар-жоқтығына көз жеткізіңіз. Ал, егер де мұндай ескертпе діни мазмұндағы әдебиетте жазылмаған болса біз ондай ақпараттық материалдарды оқуға кеңес бермейміз!

 

А.Дүйсен

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

теолог маманы

МАҚТААРАЛ АУДАНДЫҚ ҚХА ЖАНЫНДАҒЫ АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Алдыңғы

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ БАРША ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫ БІРІКТІРУШІ КҮШ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *