Бүгін «Қоғам бірлігі — Жаңа Қазақстанның негізі» тақырыбында Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ІІІ сессиясы өтті. Алқалы жиында ҚХА-ның ХХХІ сессиясында берілген тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында татулық пен қоғамдық келісімді сақтау мемлекеттік саясаттың басты бағыты екенін айрықша атап өтті. Ассамблеяның саяси жүйені реформалау ісіндегі рөлі мен әрі қарай дамыту міндеттерін белгіледі. Қазақстандағы барлық азаматтың құқығы тең. Яғни, кескін-келбетімізге, ұлтымызға, түсімізге қарап бөлінбейді. Еліміздегі түрлі этнос өкілдері қаншама жылдардан бері тату-тәтті өмірі сүріп келеді. Ал, бұл әрбір азаматтың танымына тікелей байланысты. Танымның үш түрі бар: әуелі, өзіңді тану, екінші – қоғамды, мемлекетті, ұлттық құндылықтарды тану, үшінші – әлемді тану, — деді Шымкент қаласы әкімінің міндетін атқарушы Ш.Мұқан.
«Тіл- ұйыстырушы фактор» деген ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық топ жетекшісінің орынбасары Қ.Анарбаев еліміздегі этнос өкілдерінің татулығын нығайтып, бірлігін бекем етудегі мемлекеттік тілдің және «Қазақтану» жобасының маңызына тоқталды.
Жиын барысында Шымкент қалалық славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Н.Романова ел болашағы білімді, әрі еңбексүйгіш ұрпақтың қолында екенін айта келе, оларды тәрбиелеудегі педагогтардың рөліне тоқталды. Ал, «Қазақстан кәсіби медиаторлары мен құқықтық кеңесшілері қауымдастығының» кәсіби медиаторы Н.Нұрханов этномедиация тақырыбын тарқатты. «Достық» білім беру орталығының оқытушысы С.Пак пен «HAN» телеарнасының тілшісі И.Нусратуллаева замандастарын мемлекеттік тілді меңгеруге үндеді.
Сессия соңында Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Б.Нарымбетов өңірде этномедиацияны дамыту үшін қарапайым тұрмыстық келіспеушіліктен бастау алып, ұлтараздық сипат алып кететін жағдайларда этномәдени бірлестік төрағалары белсенділік танытуы тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ, мәселенің мән-жайын анықтамай тұрып әлеуметтік желілерде жалған ақпарат тарататын «белсенділерге» наразылығын білдірді. Ал, сессия төрағасы Шыңғыс Жұмабекұлы жиында қаралған мәселелер бойынша бірқатар сала басшыларына тапсырма берді.
— Соңғы қоңырау кезінде аралас мектептердің салтанатты жиынына қатыстым. Өкініштісі, өзге тілді сыныпты бітірген оқушының қазақ тілінде екіауыз сөзді құрай алмайтынына куә болдым. Оқушы қазақ тілі пәнінен қалай қорытынды алды? Қалай сыныптан сыныпқа өтті?! Шымкент қалалық білім басқармасы тарапынан мектептерде мемлекеттік тілді ілгерілету жұмыстарына қатысты кешенді жоспар жасауды тапсырамын, — деді Ш.Мұқан.
Айта кетейік, Шымкент қалалық ҚХА қарасты 17 этномәдени бірлестік бар. Миллионнан аса тұрғыны бар мегаполис тұрғындарының 31,3 пайызын түрлі этнос өкілдері құрайды.
«Шымкент келбеті» — Замира АЛДАБЕРГЕНОВА, суретті түсірген Серік ҚОСАЕВ
Comments