ЖаңалықтарМәдениет

КИНОИНДУСТРИЯ САЛАСЫНЫҢ ЖАС ТАЛАНТТАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

19 маусым – Қала күніне орай Жастар ресурстық орталығында «SHYMKENT NOMAD FILM FEST» қысқаметражды фильмдер фестивалі өтті.

 Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің атынан жүрекжарды құттықтау тілегін жеткізген Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан мұндай фестиваль мегаполис киноиндустриясын дамытып, жас таланттардың танылуына септігі мол екенін жеткізді.

– Қысқаметражды фильмдер байқауы осымен Шымкентте екінші мәрте өткізіліп отыр. Осыдан бір апта бұрын «Қазақфильм» киностудиясының басшысы Ақан Сатаевпен қаламызға келіп, «Ұлы дала таңы» атты кинотуындысының тұсауын кескенде жолыққаным бар. Сонда талантты режиссер ағамыздан «неге дәл Шымкентті таңдадыңыздар?» деп сұрағанымда, ол кісі «Шымкент мультфильм, киноиндустриясы дамып келе жатыр. Мен соған тәнтімін. Сол үшін осы қаланы таңдадым» деген еді. Сол айтпақшы, бүгінде шынымен де, қарап отырсақ, шаһарымыз жас талантты актерлері, режиссерлерімен республикада танымалдығы артып келеді. Бүгінде киноиндустрия саласына енді қадам басып келе жатқан көптеген жастардың еңбектері ютуб каналдарында жарияланып жатыр. Бұл әрине қуанышты жағдай. Дей тұрғанмен, биік дәрежеге жету үшін алдымен көп еңбек пен ізденіс қажет. Мұнымен қоса, қиындықтармен күресіп, кедергілерді бұзып-жарып өте білу керек, — деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Сондай-ақ өз сөзінде әкімнің бірінші орынбасары фестивальдің болашағы зор екенін, келешекте Шымкенттен мықты актерлер мен режиссерлер шығатынына сенетінін, фестивальге деген қызығушылықтың арқасында биыл Өзбекстан елінен де азаматтар қонақ ретінде қатысып жатқанын жеткізді. Сонымен бірге Шымкентті екінші Голливудқа айналдыруға мүмкіндік бар екенін, ол үшін кадр да, тәжірибе де, тиісті инфрақұрылым да, ең бастысы бұл фестиваль сол арманға жетелейтін баспалдақ екенін атап өтті.

Сонымен жарыс қорытындысына сәйкес «Бізбен бірге жарқын болашақта» фильмі бас жүлде алды. І орын «Ойлан», ІІ орын «Отау», ІІІ орын «Қозға» фильміне берілді. Сонымен бірге бірінші пландағы актер («Бізбен бірге жарқын болашақта») — Сейсенбай Алихан,

бірінші пландағы актриса («Отау») — Алтынбек Айжан, екінші пландағы актер («Тартылыс») — Али Қалдыбай, екінші пландағы актриса («Бетперде») — Назерке Құдайбердиева арнайы номинациялармен марапатталды. Сондай-ақ ең үздік оператор сыйлығы «Жанкүйер», ең үздік монтаж «Ойлан», ең үздік сценарий «Бізбен бірге жарқын болашақта» фильмдеріне табысталды.

«Шымкент келбеті» — Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, Фото: Серік ҚОСАЕВ

Дін саласындағы әлеуметтанулық зерттеулерді жүргізу бойынша семинар-тренинг

Алдыңғы

ТҰРҒЫНДАР ҚАУІПСІЗДІГІ БАСТЫ НАЗАРДА

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *