Қала күні мерекесі «Фан-клубтар шеруімен» басталды . Оған қала әкімі М.Әйтеновтың қолдауымен екінші мәрте ұйымдастырылып отырған «Шымкент жастар лигасы – 2022» чемпионатының жанкүйерлері қатысып, жеңімпаздар марапатталды. Жанкүйер жастардың қуанышында шек жоқ.
Салтанатты шара барысында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқан жеңімпаз жанкүйерлерді құттықтап, бағалы сыйлықтар табыстады.
— «Шымкент жастар лигасы» биыл екінші мәрте өткізіліп, өз мәресіне жетті. Барша жеңімпаздарды құттықтаймыз! Әрине, спорттың 4 түрінен өткен чемпионатқа мектептің барлық оқушысы бірдей қатысып, жеңімпаз бола алмауы мүмкін. Бірақ, әрбір оқушы өз мектебінің командасына жанкүйер болуға құқылы. Іштей тілеулес және белсенді жанкүйерлер бар. Бірақ, қолдаудың ең үлкені — осы белсенді жанкүйерлерге тиесілі. Олар өз командаларына қолдау білдіріп, барын салып, билеп, замандастарына шабыт сыйлап отырды. Келер жылғы чемпионатта қалыптасқан қағиданы бұзып, фан-клубтар арасына жігіттерді қосып, ұлттық нақышта, қазақылықтың иісі аңқып тұратындай командалар жасақталса деген тілек бар, — деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
«Шымкент жастар лигасы» чемпионатында 151 мектептен фан-клубтар жасақталып, спорттың 4 түрінен сайысқа түскен командаларға 2265 оқушы жанкүйер болды. Олардың ішінен оқ бойы озық шыққан 16 команда финалға жолдама алып, бесеуі жүлделі орындардан көрінді. Ө.Жолдасбеков атындағы №9 IT мектеп-лицейі мен №99 мектеп-гимназиясы 3-орын иеленсе, З.Космедемьянская атындағы №23 мектеп-лицейі екінші орыннан көрінді. Ал, жүлделі бірінші орынды Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясының фан-клубы қанжығалады. Циалковский атындағы №84 ЖОМ командасы «Фан клубтар шеруінің» жеңімпазы атанды. Жеңімпаздардың әрқайсысына велосипед табысталды.
— Оқушыларымыздың қуанышында шек жоқ. Өткен жылы командамыз жүлделі 3-орын иеленген болатын. Биыл дайындығымызды пысықтап, костюмдеріне де ерекше мән бердік. Жалпы, мектебімізде би үйірмесі 20 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Республикалық, халықаралық байқаулардан жүлдемен оралып жүрген бишілер бар. Келер жылы да жеңіс тұғырына көрінуге тырысамыз, — дейді жеңімпаз фан-клуб жетекшісі Құралай Ыдырысова. Айта кетейік, «Шымкент жастар лигасы-2022» чемпионаты 1 маусым күні мәресіне жеткен болатын.
«Шымкент келбеті» —Замира АЛДАБЕРГЕНОВА, Суреттерді түсірген Серік ҚОСАЕВ
Comments