Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің Еңбекші ауданындағы екінші секторға қарасты 15 елді мекен тұрғындарымен есепті кездесуі өтті.
Кездесуге Қаратөбе, Қарабастау, Жұлдыз, Жалын, Бадам, Бадам-2 тұрғын алаптары мен Оңтүстік, Көксай-2,3, Жас дәурен, Цементшілер, Шымкентстрой және «11», «12»,13» шағынаудандарынан келген 500 ден астам тұрғын қатысты. Қалалық мәслихаттың хатшысы Бахадыр Нарымбетов жүргізіп отырған есепті жиын қала әкімдігінің ресми әлеуметтік желідегі instagram парақшасында тікелей эфир арқылы да көрсетілді.
Жиынға қала мәслихатының депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, басқарма басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Мұрат Әйтенов ең алдымен өткен жылы атқарылған қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инженерлік-инфрақұрылыммен қамтылуын баяндап, осы жылғы жоспарларға тоқталды. Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Биыл Еңбекші ауданындағы 6 елді мекенде ауыз су құрылысы жүргізіледі. Оның ішінде бүгін жиынға қатысып отырған Қаратөбе, Қарабастау, Жұлдыз тұрғын алаптары бар. Оңтүстік пен Бадам елдімекендерінің жаңа құрылыс бөлігін ауыз сумен қамту үшін келер жылы ЖСҚ әзірленеді деп болжануда. Жалпы аудан 2025 жылға дейін толық ауыз сумен қамтылады.
Аудан 2023 жылы сапалы электрмен, 2025 жылы табиғи газбен толық қамтылса, кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші биыл 59 пайызға жетеді. Сонымен бірге 132 көшеге асфальт төселеді. Ал, осы жылы екінші сектордағы 11 көшеге жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Comments