ШЫМКЕНТТЕ NEET ЖАСТАРЫНА АРНАЛҒАН ТҰЖЫРЫМДАМА ӘЗІРЛЕНДІ
Бүгін Шымкент қаласындағы «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің басшысы Мағжан Исахов @akimat_shymkent инстаграм парақшасында өткен тікелей эфирде жастар саясатын жүзеге асыру барысын баяндады.
Мекеме басшысының сөзінше, қазір қалада жасы 14-29 аралығында 239 986 жас бар. Бұл қала тұрғындарының 21,7 пайызын құрайды. Орталық мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында 13 бағыт бойынша жылдық жоспар түзіліп, оған қаланың барлық жастарын жұмылдыру көзделіп отыр.
Ал, шалғай елді мекендегі жастарды мәдени шараларға тарту үшін 2021 жылы 4 ауданды жастар орталығы ашылып, негізгі 5 бағыт бойынша жұмыс жүргізеді.
М.Исахов өз баяндамасында кейбір санаттағы жастарды жұмыспен қамту барысына да айтты. Орталық қаладағы кәсіпорындармен екі жақты меморандум түзіп, 2021 жылы пробация есебінде тұрған 84 жас тұрақты жұмысқа орналасқан.
Қаладағы жұмыс істемейтін, оқымайтын және жұмыс табуға тырыспайтын NEET жастары 6,7% яғни 14 875 жасты құрайды. (2020 жылдың қорытындысы бойынша 7,6%).
Биыл олардың санын азайту үшін наурыз айында арнайы тұжырымдама бекітілді. Тұжырымдама аясында жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту, бос уақыттарын тиімді пайдалану, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру және оларға құқықтық көмектер көрсету жоспарланған. Сонымен қатар, «Жастарға кеңес» жобасы аясында арнайы мобильді қосымша «Телеграм БОТ» бағдарламасы әзірленуде. Бағдарлама арқылы NEET санатындағы жастар туралы ақпараттық біріңғай платформа дайындалып, оларды мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмысқа тарту тетіктері шешімін табатын болады.
Эфир барысында тұрғындардан 70-тен аса сұрақ келіп түсті. Келіп түскен сауалдардың дені жастарды жұмыспен қамту мен баспана мәселесі төңірегінде болды. Мекеме басшысы жастарға арналаған мемлекеттік қолдаулар туралы кеңінен мәлімет алу үшін ауданда құрылған жастар орталығынан консултация алуға кеңес берді.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Comments