Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасының басшысы Ғалымжан Утенбаев тұрғындарды баспана мәселесіне қатысты кезекті қабылдауын өткізді. Аталған шараға басқарма басшысынан бөлек басшысының орынбасары бөлім басшылары және сала мамандары қатысып, 70-ке жуық азаматтың мәселесін тыңдап, заң аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Отбасы банк жариялаған ақпараттарға сәйкес «Шаңырақ» жеңілдетілген несиелік бағдарламасы бойынша 54 пәтерге тікелей брондауға өтінім беру уақыты ағымдағы жылдың 28-ші наурыз бен 4-ші сәуір аралығында өткізілмек. Аталған бағдарламаға түрғын үй кезегінде тіркелген, табыс көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3.7 көрсеткіштен аспайтын яғни әрбір отбасы мүшесіне шаққанда 133 267 теңгеден аспаған барлық азаматтар қатыса алады.Ипотекалық несие 5 пайызбен, алғашқы жарна 10 пайыз, 20 жылға рәсімделмек.
Қабылдауда болған азаматтар арасында тұрғын үй кезегінде тіркелмеген тұрғындар баспаналы болудың бағыттары жайында сауалдарын жолдады. Басқарма басшысы Ғалымжан Әмірбекұлы тұрғын үй кезегіне тіркелмеген, атында тұрғын үйі жоқ барлық азаматтар ағымдағы жылы өткізілетін жеңілдетілген пайыздық 7-20-25 бағдарламасына қатысуға мүмкіндігі бар екендігін жеткізді. Азаматтар бірінші нарықтан тұрғын үйді немесе пәтерді өз таңдайды. Бұл бағыт бойынша төлем қабілеттілігін растау үшін яғни пәтерді рәсімдеу үшін екінші деңгейдегі 8 банк жұмыс істейді. Атап айтқанда, Банкцентркредит, Еуразиялық банк, Халық банкі, Сбербанк, АТФ банк, Жусан банкі, РБК банкі, Форте банк.
Айта кету керек, өткен жылы «Шаңырақ» жеңілдетілген несиелік бағдарламасы бойынша 1460 отбасы баспанамен қамтамыз етіліп, оның ішінде 267 отбасыға жергілікті бюджет есебінен алғашқы жарнасын бір бөлігін жабуға тұрғын үй сертификаттарымен көмек берілген болатын.
Comments