Жақында туған өлкем Ордабасы ауданының орталығы Темірланға жолым түсіп, көңілім ерекше қуанып қайтты. Бұрынғыдан да ажарлана түскен ауылым тап бір гүлзар баққа айналғандай! Қайда қарасаң да тақтайдай тегіс асфальт жолдар мен жайқалған әсем гүлдер көздің жауын алады.
Ауылға қадам баса салып, бірден вальс королі, атақты композитор Шәмші Қалдаяқовтың әсем әніне арқау болған «Арыс жағасында» — Шәмші, оған қарсы жақта Темірлан аллеялары. Көпірден өткенде ғажайып Этноауыл қарсы алады. Қайда қарасаң да тазалық, жасыл желек пен жайқалған гүлдер жанға рахат сыйлайды екен.
Серуен аймақтары мен балалар ойнайтын алаңшалар, дара тұлға, күш атасы Қажымұқанның еңселі ескерткіші, заманауи Спорт кешені мен биыл ғана бой көтерген Рәміздер алаңы, спорт кешені,
Төрткүлге шыға берістегі оң жақта сап түзеген әдемі де еңселі үйлер… Осының бәрін көргенде көкіректі мақтаныш сезімі кернейді.
Ауыл әкімі Азат Оралбаевтың бірде тұрғындармен кездесуінде айтқан мына сөзі есіме түсті: «Ауыл өзге емес, өзіміздің, бәріміздің ортақ шаңырағымыз, туған үйіміз. Оны ластайтын да, таза ұстайтын да өзіміз. Сондықтан тазалық мәдениетін әрқайсысымыз өзімізден, өз отбасымыздан бастап, жастарға үлгі болуымыз керек. Әр тұрғын туған өлкесін өз үйіндей көргенде ғана нағыз тазалыққа қол жеткіземіз».
Шындығында да, бұл сөз әншейін айтылып қалмапты. Көктем шыққалы әрбір мекеме өз айналасын көркейтіп, абаттандыруға белсене кіріскені көрініп-ақ тұр. Тіпті аяқ басар жері көп базар төңірегінің өзі тап-таза, мұнтаздай. Міне, енді күзде тағы абаттандыру мен тазалау жұмыстары онан сайын қарқын алыпты.
Туған жерімнің осындай көркем ажарын көріп, қуанып қайттым. Сіздер де Темірланның осы бір сұлу да көрікті сәттерін тамашалай отырыңыздар.











Comments