Түркістан облысы, Ордабасы аудандық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ комитеті 2017-жылдан бері мұғалімдер арасында «Әріптес туралы сыр» атты эссе жазудан байқау ұйымдастырып келеді. Мұның басты мақсаты – өз арасындағы ұстаздардың мерейін өсіріп, дәріптеу, әрі ұстаздар шығармашылығын дамыту. Биылғы бірінші орынды Нұралы Нысанбайұлы атындағы орта мектеп мұғалімі Рахат Шынәсіл иеленді.
*** *** *** («Қазақстан Республикасы ішкі істер қызметінің үздігі» төсбелгісі мен ҚР Білім және ғылым министрінің «Құрмет» грамотасымен марапатталған, өмірінің соңғы күніне дейін мектеп басшылығында қызмет еткен Сманов Сағынбек Пердебекұлы туралы)
«Ұстаздық ұлық емес,ұлы қызмет» демекші,өзінің еңбек жолын ұстаздық етуден бастаған Сманов Сағынбек Пердебекұлы қазіргі Ордабасы ауданы Шұбар кәсіптік-техникалық училищесінде тарих пәнінің мұғалімі және бастауыш комсомол ұйымының хатшысы қызметімен бастаған.
Ұлтының жанашыр азаматы болғандықтан болар, ол кісі жақсы мұғалім ғана емес,елдің өркендеп өсуіне үлес қосар азаматы да бола білді. Олай дейтінім,еңбек жолындағы бірнеше жыл ішкі істер басқармасының саяси бөліміндегі басшылық қызметін мүлтіксіз атқаруында.
Осы қызметтерде жүргенде Сағынбек Пердебекұлы ақылдылығы мен еңбекқорлығының арқасында өз ортасына беделді,сыйлы басшы атанды.Себебі ол күнделікті газет-журнал оқудан басқа көркем әдеби кітаптарды да көп оқуға ден қойды. Алдыңғы буын ағалардың сөздеріне, ақыл-кеңесіне үнемі назар аударды. Өз қарамағындағы қызметкерлеріне әділ болып,олардың қателігі мен мінін байқаса жай сөзбен түсіндіре білді.
Қылмысты істердің талайының бетін ашып,мемлекет алдында қызметтік борышын адалынан атқарды. Қылмыскерлерді іздестіру,табу,қылмыстың бетін ашу сияқты күрделі істерді жүргізген Сағынбек Пердебекұлы полиция подполковнигі шенімен зейнеткерлікке шыққаннан кейін,Оңтүстік Қазақстан облыстық «Халыққа қызмет көрсету орталығының » Ордабасы ауданы бойынша филиалының бастығы қызметін атқарды. Халыққа қызмет көрсету орталығының халықпен дұрыс жұмыс жүргізуін басшылыққа алды.
Міне, осындай жауапты әрі күрделі қызметтерден кейін ол мектеп басшылығына келді.Ол үшін мұғалімнің қызметі мен мектеп өмірі ешбір қиындыққа соққан жоқ.Қайта шәкірттерге заманауи білім беруге атсалыса отырып,өзі басшылық жасаған әрбір мектептің рейтингісін жоғары көтеріп тастады.
Сманов Сағынбек басшылық жасаған кезеңде Ордабасы ауданы Көктөбе елдімекеніндегі Н.Нысанбайұлы атындағы жалпы орта мектебі 2009-2010 оқу жылында аудан бойынша ұлтаралық бірыңғай тест қорытындысы бойынша 4-орынды иеленді. Бұл нәтиже мектеп өміріне қайта оралған Сағынбек ағайымыздың біліктілігін көрсетті.Сағынбек ағай осы мектепте басшылық жасап жүрген кезінде ауыл ақсақалдарымен және ел ішіндегі кәсіпкерлермен де тығыз байланыста бола отырып, ел мүддесіне жарарлық құнды істер атқарды. Соның бірі жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен мемлекет бюджетін пайдаланбай құны 1,5 миллион теңге тұратын Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған обелиск және мектепте құны 300 мың теңге тұратын табиғат бұрышын салдыру жұмыстары мен мектепті безендіру жұмыстарын ұйымдастыруы еді. Бұл атқарылған істер Сағынбек ағайымыздың еңбекқорлығын, елдің жанашыр азаматы екендігін тайға таңба басқандай дәлелдеді.Әріптестеріне «Осы жасалып жатқан істердің барлығы сіздердің иеліктеріңіз үшін, ауылдың жаңарып жаңғыруы үшін. Мен кеткенде «не бітірді?»деп емес,«Сары баланың жасап беріп кеткені»деп отырсаңыздар болды»,-деп күлдіріп қоятын.
Сағынбек ағай өз әріптестерінің жадында тек жаңғырту істерімен емес, адамгершілікке толы жүрегімен, кішіпейілділігімен есте қалды. Ол әріптестерін бөліп-жармай барлығына теңдей қарады. Осы мектептің басшысы болған соң «Әрбір қызметкердің денсаулығы, отбасының амандығы, салауатты өмір сүруі мен үшін басты мәселе»,- деп отыратын.Себебі,ұстаздар өзгенің баласын оқытамын,тәрбиелеймін деп жүріп, өз баласына қарауға мұршасы келмей жатады. Сондай кездерде әріптестеріне:
-Жандарым-ау, сендердің көңіл-күйлерің болмаса, мына балалар сендерден қандай күш-қуат алады, қандай білім алады? Сондықтан да мен үшін сіздердің отбасыларыңыздың амандығы маңызды. Қандай қиындық болса да шешілмейтін мәселе жоқ. Менен еш қымтырылмай, қысылмай ұжымнан немесе менен көмек керек болса айтыңыздар,-деп отыратын. Басшысы жайлы, көңіл-күйлері жақсы болғандықтан мектеп ұжымы да ынтымақты еңбек етті.
Сманов Сағынбек ағай жұмыс барысында орынбасарларына талапты да орынды қоя білді. Қандай тапсырма болсын өз уақытында нақты орындалуын талап етті. Бауыржан ағамыздың «тәртіпке бағынған құл болмайды» дегеніндей, ол кісі бірінші орынға тәртіпті қоятын. Және атқарылатын жұмысты ертеңге қалдырмай дер кезінде орындағанды жөн көретін.
2010 жылы Сманов Сағынбек ағайымыз мектебімізге есімі берілген осы ауылдан шыққан дастаншыл- ақын Н.Нысанбайұлының еске алу кешін ұйымдастырды.Осы бастаманы бастау кезінде ол өз кабинетіне оқу, тәрбие меңгерушілерімен бірге мектептегі үйірме жетекшілерін шақыртты. Мен сол кезде шешендік өнер үйірмесін жүргізетінмін. Мен де бардым.Біз кіргеннен ағай осы кешті өткізуге тез арада кірісу керек екенін, бұл кешке облыстан айтыскер ақындарымыз бен аудан басшыларының, ауыл тұрғындарының шақырылатындығын айтты.Мен бұл кешке ерекше дайындық керек сияқты ғой деп ойлап болғанымша,ол кісі оқу,тәрбие меңгерушілеріне тапсырмаларды жаудырып үлгерді. Кештің өтілу уақытын айтты. Сонда мен таң қалдым екі орынбасары да бір артық сөзге келмей, «Дайындаймыз ағай» деді. Мен сол аң-таң күйімде сыртқа шығып, сол кездегі тәрбие меңгерушісі Исабай Бақыт апайға:
-Апай, аз ғана уақыт ішінде оқушыларға ақын шығармаларын жаттатып, сахналық көрініске дайындалып үлгереміз бе?- деп қалдым.Сонда Бақыт апай тапсырма берілді. «Өту күні айтылды. Енді соны орындауымыз керек» деді. Мен сол кезде көрдім Сағынбек ағайдың бір-ақ кесіп айтатын мінезі бар екенін. Және айтылған істі орындап болғанға дейін тынбай еңбектеніп тер төге жұмыс істейтіндігін. Бұл да «сегіз қырлы,бір сырлы» ағайымыздың бір қыры еді.
Қатқыл мінезді ағайымыздың тағы бір қыры мектепте өткізілетін іс-шараларға қатысып, балалардың өнерін тамашалағанды ұнататын. «Талабыңа нұр жаусын», «Өнерің өрге жүзсін» деп әрдайым шабыттандырып отыратын. Ал мақтау қағазымен марапатталған оқушыларға «Жарайсың!»деп, көңілін көтеріп қоятын.Мұғалімдерден аудандық білім бөлімімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізуді талап етіп отыратын.Ұстаздарға «Бұлақтың көзін ашатын сіздерсіздер, бойында дарыны бар оқушыны жетістікке жеткізуге әрекет жасаңыздар, еңбек етіңіздер»,-деп ескертіп отыратын.
Сманов Сағынбек ағай туралы айтылатын естеліктер өте көп.Ол кісі оқушылардың кітап оқуға қызығушылығы бастауыш сыныптан басталады деп, балаларға арналған баспа журналдарымен келісім шартқа тұрып, оқушылардың шығармашылықпен айналысуына жағдай жасады. Бос уақытында өзі де мектеп кітапханасынан әдеби кітаптар алып оқып жүргенін көретінбіз.Оқушылар, мұғалімдер сабақтан тыс уақытында кітапханаға кіріп, әдеби шығармалар оқысын деп, екінші қабаттағы кітапханамызды бірінші қабатқа жарық та кең бөлмеге орналастырды.
Сағынбек ағай «Білімге құмарлығым –әкемнен келсе, еңбекқорлығым, қандай жұмыс болсын беріліп, адал істеуім-анамнан, ал, ұқыптылығым мен нақтылығым-кіндігімді кескен Манат ападан деп ойлаймын»-дейді өзінің «Өмір өткелдері» кітабында. Және осы кітабының алғы сөзінде «Мен жұрналшы да , жазушы да емеспін, бірақ білгенімді, есімде қалғандарын кейінгі ұрпаққа, өнеге болар деген мақсатпен қағазға түсіргім келді. Ақ парақты алдыма жайып қойып қолыма қалам алдым…»деп жазған.
Иа, Сманов Сағынбек Пердебекұлы ағайымыз бүгінгі күнді емес, болашағымызды ойлаған, бүгінгі өсіп келе жатқан жеткіншектер білімге құштар болса, жақсы білім алса, бәсекеге қабілетті Қазақстанның туын жоғары көтеретін азаматы болатынын жүрегімен түсінген жан. Бір бойында сан қырлы жан-жақтылық бар Сағынбек Пердебекұлы «Қазақстан Республикасы ішкі істер қызметінің үздігі» төс белгісімен, білім саласында қызмет ету мерзімі аралығында ҚР Білім және Ғылым министірінің «Құрмет грамотасымен», «Qurmet-AB»Қоғамдық қорының «Білім беру ісінің үздігі» медалімен, ОҚО Білім және Ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының «Кәсіподақ қызметінің үздігі» медалімен марапатталған, ісіне тиянақты алаштың ер тұлғалы азаматы еді.
Рахат ШЫНӘСІЛ,
Нұралы Нысанбайұлы атындағы орта мектеп мұғалімі.
Ордабасы ауданы,
Түркістан облысы.
Comments