АймақҚоғамЭкономика

«ІСТЕЙТІН АДАМҒА ЖҰМЫС КӨП»

Қарты бар елдің қазынасы бар» деген тамаша сөз бар. Қарттарды құт-береке деп тану, олардың тәжірибесін үлгі тұтып, ардақтау — бүгінгі ұрпақтың көрегендігі. Еліміз Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде талай қиындықты бастан кешті. Сол  кезеңдерде қаншама ер азаматтар мен қыз-келіншектер істің көзін тауып, аянбай еңбек ете білудің арқасында әр отбасы өз тіршілігін өзі істеді.Киелі де қастерлі Ордабасыдай өңірдің қазір қариялыққа жеткен сол кездегі еңбеккерлері әлі де жастарға, отбасына үлгі көрсетіп, кәсіптерін дөңгелентіп жүр. Ордабасы аудандық  әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлия Тайтелиеваның ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне «Еңбек елдің – мұраты» атты тақырыппен еңбек ардагерлерімен кездесу өтті. Жиынды аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, республикалық «Жігіт сұлтаны» байқауының жеңімпазы, сазгер, ақын Құрманәлі Жылқыбай жүргізіп отырды.  

— Біздің «Аялы алақан» қоғамдық  бірлестігінің құрылғанына 10 жыл толды. Ұйымда аудан бойынша 5500 мүгедек бар.Осы  уақыт аралығында талай игі  жұмыстар атқарылды. Оларға қолымыздан келгенше көмек қолын созудамыз. Биыл 1-10 қазан аралығында Қарттар күніне орай 56 адамға түрлі сыйлықтар ұсынамыз. Құртай арықтың жанынан 20 қыз-келіншекке арналған   тігін цехы, ер азаматтарға арналған дәнекерлеу цехы жұмыс істеуде. Олар уақытылы жалақыларын алуда,- дейді  «Аялы алақан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ертай Досқараев.

— Он баламен ерте жесір қалып, оларды ешкімге алақан жаймай өсіру маған оғайға соққан жоқ. Кеңес Одағының ыдырап, балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен кез еді ол. Ең үлкенім мектеп бітіріп, әскерге борышын өтеуге кетсе, кішкентайым екі жаста-тұғын. Мектепте тракторды жүргізуді үйренгенімнің көп пайдасы тиді. Ескі көк москвичті сатып алып, сонымен ары-бері шапқылап, Көктөбе ауылына барып, бос жатқан жерлерді жалға алып, мақта ектім. Алғашқы жылы зиянға шықтық. Бірақ қайтпадым, келесі жылы тағы да «ақ алтын» өсірумен айналыстым. Сол кезде мені көпшілік «Көк москвич апа» дейтін. Ерінбей еңбек етудің нәтижесінде балаларды да оқыттым, дүкен де аштық, жылыжайға қызанақ пен қияр да ектік. «Ай» тойханасы мен «Ай» моншасын да ашып, халыққа қызмет көрсетудеміз. Бір кезде «Көк москвич апа» десе, қазір «Ай апа» дейді. Мұның бәрі адал еңбектің арқасы.Кәсіптің негізі – тәуекелділік, сенімділік,табандылық, төзімділік, Міне, осылар болған жерде, мақсатқа жетеді. Бес минуттың өзін құр бос сөзбен емес, тек еңбекпен өткізу қажет. Мектепте ата-аналар комитетінің төрайымы да болып қоғамдық жұмыстардан да қол үзбедім.

«Кең байтақ та байлыққа тұнған елімізде неге кей отбасылар кедей тұрады» деп ойлайтынмын. Мұның басты себебі – істің көзін таба білмеуде. Адамның қолынан не келеді, соны ерінбей істей беру  керек. Еңбек ете білген адам нәтижесіз қалмайды. Қолдан нан жабу келе ме, жауып сатыңыз, киім тіге аласыз ба, өтініш қабылдап,тігіңіз. Отбасы — ошақ қасының ұйытқысы – Әйел. Ол – Ана. Үйдің берекелі болуы ер азаматпен қоса, әйелге де көп байланысты,- деп өзінің тамаша ойларын ортаға салды кәсіпкер, «Алтын алқалы ана», ауданның Құрметті азаматы, «Қазақстанның үздік әйелі» атанған  Айымхан Рахиева. Айымхан ананың бұл күнде ұл-қыздары өз орнын тауып, түрлі салада абыройлы қызмет етіп жүр.   Бөржар ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы  Сәлима Әбілдаева Ай апа туралы ізгі тілегімен қоса гүл шоқтарын ұсынып, басына ақ орамал жапты.

— Он екі жылдан бері тігін тігумен айналысып келемін. Диван жанына қоятын өрнекті ілгіштер де тігеміз. Көбіне көрпеге қошқар мүйіз салынады.Осыған көп өтініш береді. Біз көбіне құрақ көрпелер, қыз жасауын тігеміз.  «Келін ене топырағынан жаратылады» дегендей, келінімнің де тігін тігумен хабары бар болып шықты. Маған мықты көмекші болып жүр. Ток тігін машинаға қарағанда аяқ машинаның  тігісі мықты. Көбіне аяқ машинамен тігеміз,- деп өз ойларымен бөлісті  Жеңіс ауылының тұрғыны,зейнеткер кәсіпкер  Күлән Жақсылықова.    
 
Жиын соңында осы іс-шараны ұйымдастырушы Г.Тайтелиева өз еңбектерімен абыройға бөленген ардагерлер  туралы жылы лебізін білдіріп, аудан әкімінің Алғыс хатын тапсырды. Жиын соңында да қатысушылар кәсіпкерлерге өз сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алып жатты.

   Базаркүл ҚАЛБЫР.

Ордабасы ауданы,

Түркістан облысы.  

Ұлытау: Ауыл тұрғындары Тәуелсіздіктің 30 жылдығына 30 бозарша екті

Алдыңғы

ӘРІПТЕС ТУРАЛЫ СЫР

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *