Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Палаталарының бірлескен отырысында «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын жариялады.
М.Әуезов атындағы ОҚУ басшылық құрамы және профессор-оқытушылары Жолдауды толық тыңдап, ел дамуының алдағы стратегиялық бағыттарымен танысты.
Пандемиядан кейінгі экономикалық даму, денсаулық сақтау жүйесі, сапалы білім беру, өңірлік саясатты жетілдіру, т.б. маңызды салаларды қамтыған жолдауда экономикалық, әлеуметтік, саяси-құқықтық мәселелер бойынша ұстанымымыз нақтыланып, тиісті мемлекеттік органдарға тапсырмалар берілді.
Әсіресе, ЖОО-ның сапалы маман даярлаудағы міндетіне, түлектерінің еңбек нарығындағы сұранысқа лайықты болуы үшін оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеу қажеттілігіне назар аударылды.
Ең басты құндылық ретінде бекітілген адам құқығын қорғау саласында да әлі де жетілдірілуі тиіс заңнамалық актілер аталып, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету жұмысын белсендіру тапсырылды.
Қазіргі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат – сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға басымдық береді. Осы жұмысты жалғастыра отырып, «тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты» жоюға айрықша назар аударылатын болады. Тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою — оны әлеуметтік-экономикалық, құқықтық тұрғыдан зерделеу және пәрменді шаралар арқылы әсер ету, ауқымды ақпараттық-ағарту жұмыстарын жүргізу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитеті қалыптасқан жастар тәрбиелеу. Ел ертеңі ЖОО-ның аудиториясында қалыптасатынын ескерсек, қоғамда жат әрекеттен алшақ жүретін, адал, парасатты тұлға қалыптастыру – білім беру ұйымдарының алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі.
Аталған жоспарлар мен іс-шараларды іске асыруда педагог мамандардың өзіндік үлес салмағы бар екенін түсінеміз және университет қызметкерлері Жолаудағы бастамаларды толық қолдаймыз! «Мықты мемлекет болу үшін ұлттың ұйыса білуі айрықша маңызды. Шын мәнінде, ұйымдасқан ұтады» — деп ел Президенті атап өткендей, ауқымды бастамаларды іске асыруда белсенді азаматтық ұстанымымызды көрсетіп, ел ертеңін жарқын етуге үлес қосуға дайынбыз.
Г.Дулатова
Шымкент қаласы М.Әуезов атындағы ОҚУ
«Parasat» — сыбайлас жемқорлыққа
қарсы комплаенс-қызметі басшысы м.а.
Comments