Жақсымен сөйлессең, көңілің ашылар…
Мектепте оқып жүргенде «Коммунизм таңы», «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас», «Оңтүстік Қазақстан» газеттері мен «Жұлдыз» журналы біздің үйдегілердің асыға күтетін басылымдары болатын. Бүкіл аудандағы, облыстағы, тіпті әлемдегі жаңалықтарды осы газет-журналдардан оқитынбыз. Мен әңгіме-өлеңдерді, хабарларды кішкентайымнан әжеме оқып беретінмін. Кейде әжем мені арнайы тексере ме, әлде шынында да түсінбей қала ма, «Сонда не болды өзі?» деп сұрайтын. Түсінгенімді ауызша айтып беремін. Қазір ойлап отырсам, осы әжеме оқып беретінім, түсінгенімді қосымша айтатыным менің әдебиетке, кітап оқуға деген құштарлығымды арттырды-ау деймін. Негізі әрбір ата-ана балаға әріп танығаннан бастап, түрлі ертегі, әңгіме, тіпті түрлі тақырыптағы хабарларды да оқыта бергендері жөн. Сонда оқушы кезден не оқығанын түсінумен қатар оқуға деген құштарлығы оянады.
Хош, сонымен С.М.Киров атындағы (қазір Әл-Фараби атындағы) Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, жас маман ретінде «Коммунизм таңы» газетіне қызметке келгенімде бұрын материалдары түрлі тақырыппен үздіксіз шығып жататын Слам Нұрмаханбетов, Тұңғышбай Төрегелдиев, Шахаризада Дәнеева мұнда істемейді екен.Слам аға облыстық газетке, Тұңғышбай аға жеке кәсіпке, Шахаризада облыстық радиоға қызметке кетіпті. Редактор Нармахан Бегалыұлы, оның орынбасары Сабыр Әлібеков, жауапты хатшы Асқар Омарханов, Гүлжан Әбілдаева, Батырбек Салиев, Ильичбек Мұртазаев, Жұбай Мұртазаева, Өмірзақ Тасболатов, есепші Айзада Әсілова, Арыс қаласындағы меншікті тілші Зүпар Мүсілімов, орысшасы «Заря Коммунизмада» Лилия Алексеевна Горбащенко, Тамара Венедиктовна Сорокина, Мұхтар Естемесов қос газетте тынбай еңбек етіп, барынша қызықты етіп шығаруда. Осы топқа мен келіп қосылдым. Аптасына үш рет шығады. Орысша жазылған материалдарды біз қазақшаға аударамыз. Мұхтардың сөйлемдерінің қиындығы соншалық, Нармахан ағай «Мұхтардың мына жазғанының қасында Лев Толстойдыкі қарапайым шығар» дейтін күліп. Кейде оның айтар ойды құрмалас сөйлемнің ортасына қоятыны бар. Көбіне мен аударамын. Бір жақсы жері «Мына жеріңді түсінбей отырмын» десең, түсіндіріп береді. Ал Лилия Алексевнаның тіпті қарапайым, түсінікті етіп жазғаны соншалық, оны зырылдатып аударып тастайсың. Жас маман деді ме, маған аудандық радиоторабын жүргізуді қоса берді. Онда тікелей эфирде «Темірланнан сөйлеп тұрмыз» деп бастап, аудан жаңалықтарын айтумен қоса кей мамандардан сұхбат аламын. Ол кезде әр ауылдарда клуб жанындағы бағанада, онымен қоса әр үйде «бес сомдық радио» күндіз-түні сарнап тұрады. Сонда менің де оқығанымды аудандағылардың бәрі тыңдайды. Ең соңында «Хабарды жүргізген Базаркүл Қалбырова. Назар қойып тыңдағандарыңызға рақмет» деймін. Екі күнде бір даусымды естігендеріне әжем, ата-анам мен бауырларым мәз. Өзім де қуанамын. Кейін қатарымызға ҚазМу-дің журналистика факультетін бітіріп, Дидар Бегалиев пен Нұрман Ақылбеков қосылды. Осында істегендердің бәрі бір үйдің баласындай ұжымдағы той-томалаққа, туған күн кештеріне бірге барамыз. Мерекелерді редакцияда атап өтеміз.
Жаспыз ғой, қыздар тырнағымызды бояп аламыз. Бір күні редактор Нармахан ағай газетте әріптен қате кетіп, бәрімізге ұрсып жатыр. Біздің қызыл бояумен бояған тырнағымызды көріп: «Тырнақтарыңдағы қызыл беттеріңде болса ғой» деді. Гүлжан екеуміз бір-біріміздің қолымызға ұрлана қарап қоямыз. Кейін күліп, сонан кейін қызылмен боямайтын болып кеттік.
Бір күні редакцияға «Оңтүстік Қазақстан» газетінде ұзақ жылдар меншікті тілші болып зейнетке шыққан белгілі журналист Бердуәлі Тұрмаханбетов келісім-шартпен қызметке келді. Ағай екеуміз бір кабинетте отырдық. Тәжірибесі мол, тек өмірдің жақсы жағын көретін Бердуәлі ағайдан көп нәрсені үйрендім. Қол босаған кезде ағайдан өмірден көрген-түйгенін сұраймын. «Өміріңде өзің көтере алмайтын сөзді өзгеге айтушы болма» дегенді үнемі қатты ұстандым» дейтін. Осы сөздің маған қатты әсер еткені соншалық, мен де өмірлік қағидаға айналдырдым. Бұл жақсы жаннан қашан да жақсы нәрсені үйренесің деген сөз. Байқаймын, ағай ешкімге ауыр сөз айтпайды. Аудандық банк басшысы болып Икрам Асқарұлы деген досы істейтін. Соның бір айтқан сөзін бір күні үлгі ете айта отырып, өзі рахаттанып күлгені бар. Бірде Икрам ағайдың есігінің алдында жүрген бір тауығы жоғалып кеткенін әйелі отағасына айтады. «Өзі семіз еді, біреу сойып алды ма екен?» дейді әйелі ішкі күдігін жасыра алмай. Сонда Икрам Асқарұлы «Кім біледі, ауырып қалған шығар, соған емге тауық сорпасы керек болуы мүмкін. Әйтеуір біреудің керегіне жараса болды да» дейді. Төрт-бес күнен соң енді қоразы жоғалады ғой. Бұл туралы тағы ренжи айтқан зайыбына «Соған қарағанда ауруына тағы керек болған шығар» дейді жайбарақат. Тағы бірер аптадан соң еркек тоқты жоғалмай ма, сонда Асқар ағамыз «О, кім болса да қой етін жеуіне қарағанда ауруынан жазыла бастаған-ау.. Бұған қайта қуану керек» деп еш әзілсіз, күлмей жауап берген ғой. Мұны әйелі үйіне келген достарына күйіп-пісіп айтатын көрінеді. «Асекеңнің осындай сабырлылығына риза боламын» дейтін. «Мұңайма», «Ақ қайың», «Перизат», «Бақытты күндер-ай» және басқа да тамаша әндерімен тарихта қалған белгілі сазгер Сапарбек Медеубеков те келіп, небір қызықты әңгімелерді айтады. Қазір үшеуі де марқұм. Бердуәлі ағай ән падишасы Шәмші Қалдаяқовпен де дос еді. Атақты композитор да талай рет кабинетке іздеп келді. Мұндайда Бердуәлі ағай амандық-саулықтан соң «Енді қалған әңгімені үйде, дастархан басында жалғастырамыз» деп қара шаңырағына алып кететін.
Негізінде күнделікті тіршілік барысында жаныңда жүрген жанның кім екеніне онша мән бермейсің. Бірақ уақыт өте келе, оны елеп-екшегенде ғана түсінесің. Бұл 85 жылдық тарихы бар «Ордабасы оттары» газетіндегі отты жылдардың бір сәттері ғана. Редакцияда осындай талай тамаша жанның қолтаңбасы, жақсы сәттермен өрілген өмірі бар. Айналасына сәулесін шашқан Күн секілді небір жақсы жандар жанымда көп болды. «Жақсы достың жасар жақсылығы да көп болар» деген екен Ахмед Иүгінеки. Сол айтқандай, қашан да жақсы адамдармен дос болғанға не жетсін, шіркін!
Базаркүл ҚАЛБЫР.
Comments