Қоғам

Ол ылғи да  ұлттық  мәселені көтерді

Гүлжан ӘБІЛДАЕВА,
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ғылыми басылымдар редакциясының аға редакторы:

Ол ылғи да  ұлттық  мәселені көтерді

 
Мұратбек Дүйсембеков 1960 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген.Тырнақалды туындылары аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда жиі жарияланып тұрды.1983 жылы КазГУ-дің журналистика факультетін бітірген соң, «Қазақ әдебиеті», «Оңтүстік Қазақстан», «Түркістан» газеттері мен «Жаңа фильм» журналында, сондай-ақ облыстық телеарнаның меншікті тілшісі боп қызмет етті.1993 жылдан өмірінің соңына дейін Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті редакциялық баспа бөлімінің меңгерушісі әрі университет президентінің референті болды. Ол сатирик-ақын, журналист-публицист еді. Республикалық «Жігер» студент-жастар фестивалінің лауреаты болатын. Артында екі кітабы және әлі жарық көрмеген мол әдеби мұрасы қалды.Таяуда оның асыл жары Гүлжанмен әңгіме-дүкен құрған едік.
   


 

– Сіздер ең алғаш қалай таныстыңыздар? Оған кім себепкер болды? Әңгіменің әлқиссасын содан бастасақ?

Бізді таныстырған, әрине, Алматы. Өзімнен үлкен әпкем Гүлзакира қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде  оқитын. Жазда КазГУ-дің қалашығында, құрылыс отрядында қалды. Ашық алаңқайға жасыл палатка құрылған, темір кереуеттер. Кілең жастар кешкісін өлең оқиды, ән айтады, шаттыққа толы көңілді шақ. Сол орта мен үшін тым қызық еді. Студент атану арман болып тұрған кез ғой. Гүлзакираға келемін. Қасында Гүлнар (Шәмшиева) отыратын, сырласады, жазған өлеңдерін бір-біріне оқып береді. Тағы бірде Шәмші (Паттеев) мен Мұратбек келді. Түркістандық Гүлнардың жерлестері. Екеуі де –­­­­­­­­­­­­­­­­­ мен секілді журфакқа құжат тапсырғандар. Алғаш рет сол жерде танысқанбыз. Өзім солармен қатарлас болсам да, мені баласынып, еркелетіп қоятындары есімде. Олар менен ересек сияқты көрінетін.

­­– Бұл қай жылдары еді?
1978 жыл болатын. Әлгінде айтқан үш абитуриенттің ішінде Мұратбектің аты озды. Ол күндізгі бөлімнің студенті атанып шыға келді. Төртінші емтиханнан «құлаған» мен құжатты қайта тапсырып, сыртқы бөлімге іліндім. Шәмші дайындық курсына қабылданды.

– Содан кейін жиі кездесіп жүрдіңіздер ме?
– Жоқ, КазГУ-градта аракідік кездесіп қалатынбыз. Сәлеміміз дұрыс болатын. Оқулық алмасып, конспект дәптерін бергені есімде. 1983 жылы оқуын бітірген Мұратбек Алматыда қалып, «Қазақ әдебиетінде» қызмет атқарды. «Қожанасыр қоржыны» атты сатиралық бетте шығармалары жарық көріп тұратын. Атақты Шерхан Мұртаза басшылық жасаған тұс қой. Соны мақтаныш тұтып жүрді кейін. «Жаңа фильм» журналында жүргенінде Алтыншаш Жағановадан көп жақсылық көргенін айтатын. Апайдың анасы сол кезде Мұратбекпен бірге Түркістанға келіп, зиярат етіпті.

– Бұл жылдары сіз қайда едіңіз?
– Ол кезде мен туған ауылым бұрынғы Бөген, қазіргі Ордабасы аудандық газетінде қызмет істедім. Мұратбек Түркістанға 1985 жылы келген, шамасы. Қалалық газеттен жұмыс бұйырмай, Ахмет Ясауи кесенесінде бірнеше жыл ғылыми қызметкер боп қызмет атқарды. Сол жылдары көне қаланың проблемаларын көтеріп, мерзімді басылымдарға, қалалық партия комитетіне өз бастамаларын жазып, айтып жүретін. Мавзолей ретінде халыққа қызмет ететін ескі ғимараттың мәселесі де аз емес. Ауыл-ауылды аралап, тарихи жәдігерлерді жинастыратын. Облыс орталығына қарай жол түссе, міндетті түрде біздің редакцияға соғатын. Белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нармахан Бегалиев басқаратын газетіміздің тігінділерін ақтарып, мақалаларды оқып шығатын. Бүгінде абыз да аңыз Нар-ағаңның әр журналисі бір-бір қазақша мәшіңкемен қамтамасыз етіп, әркім мақаласын өзі басатын дәрежеге жеткізгені, ол кезде шын мәнісінде үлкен жетістік еді. Бұл газетте «Машбюро» деген болмайтын. Сондай бір қауырт мәшіңкеден бас алмай отырғанымда Мұратбек келіп, қолмен жазылған біраз мақаласын тастап кеткені бар еді.Оны мәшіңкеге бірнеше дана етіп басып, конвертке салып жібергенмін қазіргі тұрып жатқан үйімнің мекен-жайына. Түркістанға қонаққа шақыратын, мавзолейдің тарихын айтып, қызықтыра түсетін.

Осылайша, ескі танысым редакцияға жиі келетінді шығарды. Соңғы келгенінде бір топ жігіт бар қасында. Жігіт деймін-ау, мавзолейдің қызметкерлері ғой. Арнайы іссапар рәсімдеп, 3 күнге біздің аудандағы музейлерді аралауға келіпті. Жәдігер  жинап жүрген көрінеді. Біздің үйде қонақ болды, әке-шешеммен, ағаммен танысты. Содан тірі «жәдігер» етіп, мені алып кетті Түркістанға. Сөйтсем, о бастағы жоспар осылай аяқталуы тиіс екен.

– Бұл енді Шымкенттің дәстүрлі қыз алып қашу операциясы ғой. Содан бастап көне Түркістанның тұрақты «жәдігері» боп қалыпсыз. Одан кейінгі отбасылық тіршіліктеріңіз қалай болды?

«Алып қашты» дегенге келмес. Екеуара келісім болды ғой… Негізі, Мұратбек отбасына  жайлы адам еді. Ол әкеден ерте айырылыпты, анасын өте жақсы көретін. Мінезі салмақты болатын. Бірақ көпшілік орындарға барса, шешіліп сөйлеп, кез келген тақырыпта әңгіме қозғап, көсіліп салатын. Жәй сөз емес, келелі мәселені қозғайтын. Жұмысындағы мәшіңкені үйге алып келіп, маған хат жаздырғаны есімде. Мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновқа «Эрмитаждан Тайқазанды қайтару қажет, Түркістанның 1500 жылдығын атап өту керек» деген тілек айтылатын. Сол кездегі қала басшысы Н.Балқияевтың атынан бірнеше мекемелерге, белгілі қоғам қайраткерлеріне осы екі мәселені көтеріп, хат жолдағанына өзім куәмін. Әрине, бүгінде бұл екі мақсат-мұрат орындалды ғой. Бірақ сонау біздің жұбайлық өміріміздің алғашқы айларында Мұратбектің айтуымен мәшіңкеге осы мазмұндағы хаттардың басылғанына қазір ешкім сене қоймас. Бірақ мен өтірік айтып отырғаным жоқ. Шындық – осы.

Айтпақшы, Мәскеуден, КСРО Кинематографистер одағынан жауап хат келгені бар. Аты есімде жоқ, Октябрь революциясын дәріптеген бір фильм көрсетілген екен, соның бір жерінде Тұрар Рысқұловтың бейнесі бар. Оған өзбектің ала «топысын» кигізіп қойған көрінеді. Осыған қарсы пікірде Марат Тұяқбаев досы екеуі хат жолдаған. Мәскеу сыпайы ғана жауап берген, «болашақта ескереміз, айтқандарың орынды» деген сарында. 25-30 жастағы жігіттер ғой сонда бұлар. «Сендей кезінде әкең қала басшыларының қасында жүріп, күрмеуі қиын мәселелерді шешуге белсене араласып жүретін» деп қазір ұлыма айтып отырамын. Әкесіне қарап ой мен бой түзесін деген ниет қой менікі.

– Иә, бұл әңгімеңізге Мұратбекті танитын адамдардың бәрі сенетініне күмәнім жоқ. Оның болмыс-бітімі сондай еді ғой. Ылғи да елдің тауқыметін ойлап жүретін. Өзіме емес, өзгеге болсын деп тұратын.
– Иә, Аллаға шүкір, жаңа өзің айтқандай, ақыл тоқтатып, пікір қалыптастырып үлгерген, жеке басының емес, халықтың қамын ойлайтын жігітке тұрмысқа шыққан екенмін. Ол ылғи да  ұлттық  мәселені көтерді. «Тайқазан» қайта оралғанда «Оңтүстік Қазақстанның» маңдай алды тілшісінің бірі, екі баланың әкесі еді. Бірақ Түркістанның тойын көруді жазбады. Ең өкініштісі, өзі бағдарламасын жасап, конференциясын ұйымдастырған Саттар Ерубаевтың 80 жылдығы, Нұртас Оңдасыновтың 90 жылдығы қарсаңында баяндама оқыған ол, негізгі мерейтой өткізіліп жатқанда, 1994 жылдың 2 қазанында о дүниелік болып кетті. Мұратбектің жеті күндік асы беріліп жатқанда С.Ерубаевтың 80 жылдығына келгендер тосын қазаның куәсі болды.

Университеттің сол кездегі бас ғимаратында мүшәйра, ақындар айтысы өткізілді. Алматыдан талай ақын келді. Фариза Оңғарсынова апайға кездесіп, ағыл-тегіл жылағаным бар. Тағы бірде университетке профессор, көптеген журналситердің ұстазы, деканымыз болған Темірбек Қожакеев пен ақын Қапан Қамбаров келді. Екеуі де кезінде сабақ берген. Темірбек аға Мұратбектің дипломдық жұмысының жетекшісі болған. Ол кісі Мұратбекті жақсы көретін, шығармаларын жоғары бағалайтын.

–  «Оңтүстік Қазақстан» газетінде белсенді қызмет атқарғанын жақсы білеміз.
Тұңғыш ұлымыз бірге толған кезде «Оңтүстік Қазақстан» газетінің басшылары қызметке шакырды. Мамандығы бойынша жұмыс істеп, іссапарлатып жүрді. Кілең жасы үлкен ағалармен араласатын. Ағайынды Пайыз, Сәділ Кәдеевтер, Ж.Тұяқбаев, Ә.Әлшериев, У.Темірбеков, К.Үкібаев, О.Жарқынбеков, С.Нұрмағанбетов, Қ.Оразбеков, Т.Рәмбердиев, т.б. сол кездегі газет қызметкерлері. Зейнеп, Несіпкүл, Мариям есімді журналист апайлар да бар еді. Бес-алты жыл тапжылмастан осы қасиетті шаңырақта қызмет етті. Әр нөмірде 2-3 мақаласы жүретін. Қаламы шыңдалып, әдеби ортамен етене араласты. «Қақпан» атты сатиралық бетті жүргізді.

– Ол жерден неге кетті? Түркістанға қашан келдіңіздер?

Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университеті ашылған жылдары-ақ Мұратбек ауылға қайтуды айтумен болды. Қолында газет қиындысы бар. «Түркістаннан ерлер лицейі ашылыпты. Сонда менің балам оқуы керек» дейді. «Балаң мектепке барған жоқ, ол лицей 6-сыныптан бастап қабылдайды екен» деймін мен. Сонымен не керек, 1993 жылы күзде аталған оқу орнындағы редакциялық-баспа бөлімінің меңгерушісі қызметіне қабылданып, университеттің хал-ахуалы, болашағы туралы мақалалар жазып, телеарнаға хабар түсіріп, қауырт жұмысқа кірісіп кетті. «Ясауи университеті» газетін министрлікке тіркетіп, куәлік алып келді.

Белгілі жазушы Қалтай Мұхамеджанов Халықаралық «Түркістан» газетіне қызметке шақырды, облыстық телеарнаның басшысы, ардагер журналист Байдулла Қонысбеков те Мұратбекті телеарнаның Түркістан, Отырар, Кентау –үш аудандағы тілшісі етті. Осының барлығына сол кездегі университет ректоры Мұрат Жұрынов қарсы болған жоқ. Қайта қуана келісті. Аудан орталығында ашылған университет туралы мақаланы республикалық газеттер басып, облыстық телеарна көрсетіп жатты күн аралатып. Әрине, бұл жерде Мұратбектің еңбегі зор еді. Мен  осы бөлімде әлі күнге дейін қызмет етіп келемін.

– Көзі тірі кезінде кітабы шықты ма?
Тырнақалды туындылары «Темірқанат», «Қарлығаш» атты ұжымдық жинақтарға енген болатын. Кейін «Арақтың махаббаты» атты жеке сатиралық кітабы жарық көрді. Өзі қайтыс болғаннан кейін, 2007 жылы «Артыңа кеттің із тастап…» атты кітап шығардық. Ол жинаққа Мұратбектің лирикалық және сатиралық шығармалары, аудармалары, ғылыми еңбектері мен мақалалары, сонымен бірге, Мұратбек туралы естеліктер топтастырылды. Кезінде «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жарияланған дүниелерін кітап ету де ойда бар. Бірақ әлі қолға алынған жоқ.

– Артында неше тұяқ қалды?

Оның артында жақсының көзіндей боп, бір ұл мен бір қыз қалды. Ұлының аты Зерек. Қызының аты ­ Зерде. Мұратбек өте балажан еді. Жұмыстан келе бесіктегі Зеректі бір иіскеп, рахаттанып қалатын. Іссапарға барса, ойыншық алып келіп, олармен қосыла өзі де ойнайтын. Қызын да ерекше жақсы көрді.«Моншақ қызым, томпақ қызым» деп күнде бір жаңа есім ойлап табатын. Бірақ сол ұл 6 жасында, қыз 5 жасында әкеден айырылды ғой. Екеуі де әкелері ойлағандай лицейде оқып, үздік бітірді. Зерек Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы ұлттық техникалық университетті, Зерде Абылайхан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін бітірді. Зерек үйленген. Қызмет етіп жатыр. Зерде шет елде PhD докторант. Құдай қаласа, 1-2 жылда бітіріп келеді.

– Достарынан кім хабарласып тұрады?
Шәмші досы зайыбы екеуі Түркістанға келген сайын хабарласып тұрады. Зеректің  үйлену тойына арнайы келіп қатысты. Байдулла аға Қонысбеков, тележурналист Сапарәлі Рысбеков, досы Абай Балажан да тойдың құрметті қонағы болды. Сосын Шәмші Ниязов деген шорнақтық кісі үйге көп келетін. Жасы бізден біраз үлкен. Осыдан 2-3 жыл бұрын ат басын бұрып, «Алматыда баспада істеймін. Мұратбектің кітабын шығаратын болдық» деп еді, қолдағы бар материалдарды бергенмін. Бастығымыз журналист Қонысбай Ботбай деп еді. Бірақ сол күйі хабарласпай кетті. Ұялы телефоны өшірулі.

Мұратбектің курстасы, ақтөбелік ақын Ертай Ашықбаевтың анасы мен әйелі 1994 жылы Түркістанға келіп, базар аралағаны бар. Үйге түсті. Кейін оның «Қысқалық» деген өлеңін бір газеттен оқыдым. Мұратбекке арнапты. Еркін Қыдыр да келіп кеткен.

Бұлардан басқа арқа-жарқа дастарқандас болып, отбасымызбен араласқан достарын көрмедім. «Бозторғай басымен, тұрымтай тұсымен» болып кеткен заман ғой қазір. Кімге өкпелейсің?!

Түркістанды рухани астана жариялап, әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Журналистердің Халықаралық Конгрестері, Халықаралық медиа форумдар өтіп жатады. Сондайда бір шұрқырасып қаламыз. Бізбен қатарлас оқығандардың дені бір-бір мерзімді басылымның басшысы ғой қазір.

– Мұратбектің орнын ешкімнің толтыра алмайтыны анық. Оның жоқтығы әлі де сезілетін шығар?

Әрине, оның жоқтығы жаныма қалай батты десеңізші?! Сөзбен жеткізу мүмкін емес. Әулие адам болған екен ғой деп қазір ойлаймын. Шымкентте жүргенде қатты сырқаттандым. Отыздан енді асқанмын. Балалар тым жас. Дәрігерлер диагнозымды таппай, әр ауруханаға бір сүйреді. Мәкеңнің де күйі болмай, әбіржіп кетті. Сонда: «Гүлжан, сен ауруыңды маған берші. Мен-ақ өлейін. Мен балаларға қарай алмаймын. Сен жақсы анасың ғой, бағып-қағасың» демесі бар ма?! «Періште аумин депті!» дейтін сөз бар халықтың арасында. Мен жазыла бастадым, әрине, дәрігерлердің арқасында. Ал сау жүрген Мұратбегім өмірден өтті де кетті. Осы тақылеттес мысалдар көп. Аузы дуалы болған ба деймін, соған қарап… Түбі тегін адам емес.

­– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Ермахан Шайхыұлы

Ақындар аллеясы — тек Темірланда

Алдыңғы

ШЫМКЕНТТЕГІ КІТАП КӨРМЕСІНЕН НЕНДЕЙ ОЙ ТҮЙДІК?

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *