Жаңалықтар

ШЫМКЕНТТЕ БІЛІМ МЕН СПОРТ САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КӘСІПОДАҒЫНЫҢ 10 ЖЫЛДЫҒЫ АТАП ӨТІЛДІ

Қоғамның интеллектуалды және физикалық әлеуетін қалыптастыратын білім беру, спорт және бюджеттік мекеме қызметкерлерінің еңбегі – ел болашағының берік діңгегі. Әрбір педагогтің, бапкердің және бюджет саласы маманының адал маңдай тері мен жауапты қызметі қоғам тарапынан жоғары бағалануы тиіс. Осы орайда қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсарту, олардың әлеуметтік статусын көтеру және заңды мүдделерін қорғау жұмыстары кәсіподақ қозғалысының басты басымдығы болып табылады.

Осы бағытта «Шымкент қаласы білім, спорт және бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі өзінің 10 жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өтті. Салтанатты жиын «Ұстаз мәртебесін көтеру – кәсіподақтың басты міндеті» деген арнайы тақырыпта өтіп, оған өңірдегі білім, спорт және бюджеттік сала өкілдері, кәсіподақ белсенділері, мекеме басшылары мен сала ардагерлері қатысты.

Он жылдық тарихында ұйым мыңдаған қызметкердің заңды құқықтары мен әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғайтын сенімді әрі пәрменді әлеуметтік серіктеске айналды. Кәсіподақ осы уақыт ішінде педагогтер мен сала мамандарының қоғамдағы беделін арттыруға, қауіпсіз де лайықты еңбек жағдайын жасауға, еңбек дауларының алдын алуға және қызметкерлердің құқықтық қорғалуын қамтамасыз етуге басымдық беріп келеді.

«Бүгінгі қоғамда еңбек культін қалыптастыру – оңай олжа табудан арылып, адал білім мен еңбекке ұмтылуды талап етеді. Ұстаздар мен спорт саласы өкілдерін қолдау, олардың еңбек жағдайын жақсарту – жас буынды еңбексүйгіштікке баулудың және патерналистік, масылдық көңіл-күйден арылудың ең сенімді жолы. Кәсіподақ – еңбек адамының шынайы тірегі.»

Салтанатты жиын аясында жылдар бойы адал еңбек етіп, өңірдің білімі мен спортын өрге сүйреген сала ардагерлері мен белсенді кәсіподақ мүшелеріне ерекше құрмет көрсетілді. Еңбегі сіңген азаматтарға мерекелік төсбелгілер, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталып, бағалы сыйлықтар берілді. Бұл қолдау – адал еңбектің қоғамда әрдайым жоғары бағаланатынының жарқын дәлелі.

Мерекелік басқосуда ұйым өкілдері алдағы уақытта да ұстаздар қауымы мен бюджет саласы қызметкерлерінің мүддесін қорғау, еңбек заңнамасын орындау және әлеуметтік әріптестікті нығайту бағытындағы жүйелі жұмыстарды қарқынды түрде жалғастыратынын жеткізді.

ШЫМКЕНТТЕ ENBEK.KZ ПОРТАЛЫНДА 3 647 БОС ЖҰМЫС ОРНЫ ЖАРИЯЛАНДЫ

Алдыңғы

ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ: ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА ЖОЛАЙРЫҚ АШЫЛДЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *