Шымкентте Опера және балет театрында 10 қазан — Қазақстан Республикасының Кәсіподақтары күніне арналған салтанатты мерекелік іс-шара өтті. Еліміздің түрлі салаларының дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген еңбекшілер мен кәсіподақ белсенділерінің басын қосқан жиын жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Мерекелік жиынның шымылдығын Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан «Шашу» биімен балет труппасы ашып, Опера және балет театрының солисі Айбек Қанатбектің орындауында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен жалғасты.
Салтанатты жиында «Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Ілімшаұлы Алтеев құттықтау сөз сөйлеп, салада жылдар бойы адал қызмет еткен ардагерлерге, соның ішінде Асылбеков Шерім Асылбекұлы, Беимбетов Тұрған Аманұлы және Побединская Анна Андреевнаға мерекелік сыйлықтар тапсырды.
Салтанатты жиынның арнайы қонағы «Әділет» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Ербол Рәбілұлы Байқонысов іс-шараға жиналған кәсіподақ қозғалысының ардагерлері мен қонақтарды мерекелерімен құттықтап, Кәсіподақтар орталығының басшылығына сый-сияпат жасады.
Мерекелік шарада сөз алған «Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Ілімшаұлы Алтеев барша қатысушыларды кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтап, адал еңбектің қоғамдағы маңызына ерекше тоқталды. «Өз ісіне адал беріліп, өндіріс пен білім, денсаулық пен мәдениет саласының өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген әрбір еңбеккердің қажырлы қызметі қашан да жоғары бағаға лайық. Сіздердің ынтымақ пен бірлікті ту етіп, еңбекшілердің құқығы мен мүддесін қорғаудағы атқарып жатқан істеріңіз еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қоса береді», — деп атап өткен орталық төрағасы сала ардагерлеріне және марапат иелеріне алғысын білдіріп, сәттілік тіледі.
Жиын барысында әр салада елеулі еңбек етіп жүрген азаматтар арнайы марапаттарға ие болды. Алғыс хаттар мен төсбелгілер табыстау рәсімі мерекенің ажарын кіргізді:
Шымкент қаласы әкімінің Алғыс хатымен ел дамуына қосқан үлесі үшін Салима Ағабековна Анарбаева, Серікқали Жанбулатов, Ақсәуле Мизанбекқзызы Омарова, Есенкүл Сәрсенбеккызы Омарова, Жаңылша Өтемісқызы Жабишева, Қымбат Мадикаримқызы Көбеева, Валентина Максимовна Ващенко сынды озаттар марапатталды.
Сондай-ақ, Шымкент қаласы мәслихаты төрағасының Алғыс хаттары табысталды.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының төсбелгілерімен: атап айтқанда, Серік Елемесұлы Әуесханов – «Қазақстан кәсіподақтар қозғалысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Әсел Маратқызы Балабекова – «Еңбек озаты» төсбелгісімен және «Қызмет» кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» медалімен, Данебек Колдасович Пошаев – «Кәсіподақ ардагері» төсбелгісімен, Гаухар Мұхтарқызы Маниева – «Мемлекеттік қызметкерлер кәсіподағының үздігі» төсбелгісімен, Салима Жексенбековна Таласбаева – «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен және басқа да кәсіподақ белсенділері түрлі марапаттармен марапатталды.
Бұдан бөлек кәсіподақ белсенділеріне «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» АКБ төрағасының және салалық кәсіподақтар басшыларының атынан Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды.
Салтанатты жиын опера жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелік концертпен ұласты. Сахнада отандық ақын-композиторлардың «Айналдым елім», «Үкілі камшат», «Тыңда», «Ақмаңдайлым», «Қазақ вальсі» сияқты әуезді әндері шырқалып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Шара соңында «Кәсіподақтар Гимні» орындалып, адал еңбек пен ынтымақтың маңыздылығы тағы бір мәрте айшықталды.













Comments