ӘлеуметҚоғам

МАҢДАЙ ТЕРМЕН ӨРЕЛГЕН ӨМІР ЖОЛЫ: Еңбек пен ерлікке толы шежіре

Адамның шын мәніндегі қадір-қасиеті ең алдымен адал маңдай термен өлшенетін еңбекпен бағаланатыны белгілі. Елдің дамуы мен өркендеуі биік мінберлерден емес, өндіріс пен зауыт қабырғасынан, темірді илеп, тасты түйіндеткен қарапайым еңбек адамдарының қажымас қайратынан бастау алады. Осындай асыл қасиетті ту еткен жанның ерен еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, ұлт рухын көтеретін жарқын белеске ұласты.
Жуырда елордамыз – Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында Еңбек күніне орай маңызы зор ауқымды шара – «Еңбек – ел мұраты» республикалық форумы өтті. Премьер-Министр Олжас Бектеновтің, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтің, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің, сондай-ақ әлеуметтік әріптестер мен қоғам өкілдерінің басын қосқан бұл алқалы жиында қарапайым еңбек адамдарының мәртебесі биікке көтерілді. Осы республикалық деңгейдегі маңызды шарада көп жылғы адал еңбегі, темірдей төзімі пен кәсіби шеберлігі еленіп, өндіріс саласына қосқан өлшеусіз үлесі үшін «KARLSKRONA LC AB» ЖШС токарі Сәкен Аблязімұлы Ділдәбаев мемлекеттік жоғары награда – «Құрмет» орденімен марапатталды.
Осынау беделді марапатқа ие болған кейіпкеріміздің өмір жолы мен еңбек шежіресіне үңілсек, оның әрбір қадамы нағыз өнегелі өмір мектебі екенін көреміз.
Сәкен Аблязімұлы Ділдәбаев 1967 жылы 29 сәуірде Шымкент қаласында дүниеге келген. Зоя Космодемьянская атындағы №23 мектептің табалдырығын аттап, 1982 жылы 8-сыныпты аяқтады. Мектеп табалдырығын тәмамдаған бозбала 1982 жылы «Прес-автоматтар» зауытына токтар шәкірті болып жұмысқа орналасады. Арада бір жыл өтіп, екінші разрядты токарь атанған соң, ол №10 эксперименталды цехқа ауысып, 1985 жылға дейін еңбек етеді. Сол жылы әскер қатарына шақырылып, Хабаровск өлкесінде Отан алдындағы борышын абыроймен өтейді. 1987 жылы әскерден елге оралып, туған жері Шымкентегі зауытта еңбек жолын қайта жалғастырады.
1991 жылы зауыттан босап, Қорғасын зауытына ауысады. Сол жылы өміріндегі ең маңызды қуаныштардың бірі болып, Сәуле есімді арумен отау құрады. Бүгінгі таңда бұл жұптың тату-тәтті өмір сүріп жатқанына 35 жыл толып отыр. Олар екі қыз тәрбиелеп өсірді, бүгінде олардың өздері де отау құрып, ата-ана есімін ардақтап отыр. Сәкен Аблязімұлы мен Сәуле ханым қазіргі таңда төрт немеренің ардақты атасы мен аяулы әжесі атанып отыр.
Отбасының берекесін арттырып отырған жандардың кәсіби жолы да үлгі тұтарлық. Жұбайы Сәуле ІІМ госпиталінде зертхана меңгерушісі болып қызмет атқарады. Үлкен қызы кадрлар бөлімінің басшысы болса, кіші қызы бухгалтер мамандығы бойынша еңбек етуде.
Токарь мамандығына адалдығын бір сәтке де бәсеңдетпеген Сәкен Аблязімұлы тоқсаныншы жылдардың соңында Қазақ химия-технологиялық институтының сырттай бөліміне түсіп, алты жыл бойы білімін жетілдіріп, жоғары оқу орнын сәтті аяқтайды.
2002 жылы Қорғасын зауытынан шыққан соң, «Феникс» ЖШС халықаралық жүк тасымалы саласында тәжірибе жинақтайды. Ал қазіргі уақытта «KARLSKRONA LC AB» ЖШС-де тәжірибелі токарь ретінде өндірістік әлеуетті арттыруға сүбелі үлес қосып келеді.
Қарапайым жұмысшыдан бастап, еліміздің экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген Сәкен Аблязімұлы сияқты азаматтардың еңбегі ерен бағаланып, «Құрмет» орденімен марапатталуы — барша еңбек адамдарына көрсетілген зор құрмет. Оның өмір жолы — табандылықтың, адалдық пен кәсібилікке беріктіктің жарқын үлгісі.

«ЕҢБЕК – ЕЛ МҰРАТЫ»: Қарапайым еңбек пен қажырлы өмірдің жемісі

Алдыңғы

ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ — 60 ЖАС: ШЫМКЕНТ ЖОЛ-КӨЛІК КОЛЛЕДЖІНДЕГІ ШУАҚТЫ МЕРЕЙТОЙ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *