Өмір — үздіксіз ізденіс пен талмайтын еңбектің өзегі. Әрбір адам өз тағдырын өз қолымен жасап, алға қойған мақсатына жету жолында қажырлы қайрат көрсете білсе, биік шыңдардың бағындырылары анық.
Осындай өз ісіне адал, мақсатына берік жандардың бірі — жас маман, медицина қызметкері әрі спортта топ жарған табанды кейіпкер Айтжан Мырзакерім Нұрлыбекұлы.
Мырзакерім 2006 жылы 28 шілдеде Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Балықты ауылында дүниеге келген. 2011 жылы И.И. Рыбалко атындағы жалпы орта мектептің табалдырығын аттайды. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ оның өмірге деген көзқарасы, ізденімпаздығы байқалатын. Әсіресе, 7-сыныпта бастау алған үстел теннисіне деген қызығушылық оның өміріндегі айрықша бетбұрыстың бастауы еді. Алғашында досымен бірге қызық көріп қана қатысып жүрген бұл спорт түрі уақыт өте келе оның шын мағынасындағы сүйікті ісіне айналды.
Төзім мен еңбектің арқасында алғашқы маңызды жетістігі — аудандық жарыста 2-орынды иеленді. Бұл жеңіс оған үлкен қанат бітіріп, спортқа деген сенімін нығайта түсті. 2021 жылы мектепті 9-сыныппен тәмамдап, үлкен өмірге қадам басты.
Мектептен кейінгі таңдауын ізгілік пен адам өмірін құтқаруға бағыттаған Мырзакерім 2021 жылы Авиценна көпсалалы колледжіне «фельдшер» мамандығы бойынша оқуға түседі. Оқу жылдарында теориялық білімді терең меңгеріп қана қоймай, болашақ мамандықтың қыр-сырын жіті үйренді. 2023 жылы тәжірибе алмасып, кәсіби дағдыны шыңдау мақсатында «YNTYMAQ» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіподағы» РҚБ Шымкент қалалық филиалының құрамындағы «Камеya Pharm Group» клиникасына практикаға келеді. Жас маманның алғырлығы мен жауапкершілігін байқаған ұжым оны жылы қабылдады. 2025 жылы «Авиценна» көпсалалы жоғары колледжін сәтті аяқтап, қолына дипломын алған соң, сол жылы дәл осы «Камеya Pharm Group» клиникасына «медбрат» болып ресми түрде жұмысқа орналасты.
Жұмысқа орналасқаннан кейін клиника ұжымының қолдауы мен өзінің табандылығының арқасында үстел теннисімен қайтадан айналысып, күндіз науқастарға көмек қолын созып, кәсіби міндетін атқарған жас маман, бос уақытында спортын да қатар алып жүрді.
2026 жылдың 8 шілдесінде медицина қызметкерлеріне арналған Шымкент қалалық спартакиадасында үстел теннисінен бақ сынап, жүлделі 2-орынды иеленді. Бұл жеңіс оның өзіне деген сенімін одан әрі арттырып, үлкен мақсаттарға жетеледі.
«Камеya Pharm Group» клиникасының бас директоры Жансерік Бөкенбайұлы жас маманға үлкен сенім білдіріп, қолдау көрсетіп, Қостанай қаласында өтетін республикалық спартакиаданың іріктеу жарысына қатысуына жағдай жасады. Үлкен жауапкершілікті сезінген Мырзакерім іріктеу кезеңінде бар шеберлігін салып, қарсыласын тізе бүктіріп, республикалық спартакиадаға жолдама алды.
2026 жылдың 13 қыркүйекте Қостанай төрінде өткен республикалық спартакиадада тартысты ойын өрнегін көрсетіп, үстел теннисінен 1-орынды жеңіп алды. Бұл жетістік — бірнеше жыл бұрын қарапайым қызығушылықтан басталып, үздіксіз еңбек пен табандылықтың арқасында кемелденген үлкен жеңіс еді. Алғашқы жарыстарда жүлдесіз қалған сәттерден бастап, республикалық деңгейдің шыңына көтерілуі оның «адам өз мақсатына шын ниетімен ұмтылса, арманына міндетті түрде жетеді» деген қағидасын дәлелдеді.
Жеңіспен оралған әріптесін «Камеya Pharm Group» ұжымы ерекше құрметпен қарсы алып, қуанышын ортаға салды. Бұл ұжымның сенimi мен сыйы жас маманға ерекше қанат бітірді. Бүгінде Мырзакерім үшін медицина — қастерлі кәсіби мақсаты, ал спорт — мінезін шыңдайтын өмірлік мектеп. Спорт оған тәртіпті, сабырлы болуды, жеңілістен сабақ алып, жеңіске жеткенде тоқтап қалмауды үйретті.
«Менің өмірлік ұстанымым — еңбек ету, үйрену, алға ұмтылу және бастаған ісіңді соңына дейін жеткізу», — дейді жас кейіпкер.
Алдағы уақытта өз мамандығы бойынша біліктілігін арттырып, еліне пайдасы тиетін білікті маман атану мен спорттағы биік белестерді бағындыруды мақсат еткен Мырзакерім Нұрлыбекұлы — бүгінгі жас буынға үлгі боларлық нағыз Еңбек адамының жарқын көрінісі.
ЕҢБЕК АДАМЫ: ТАБАНДЫЛЫҚ ПЕН КӘСІБИЛІК ТОҒЫСҚАН ЖОЛ: АҚ ХАЛАТТЫ АБЗАЛ ЖАННЫҢ СПОРТТАҒЫ БИІК БЕЛЕСІ












Comments