Қазіргі қоғамда адал еңбек етіп жүрген қарапайым қызметкерлердің бейнесін дәріптеу, олардың әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау және еңбек ұжымдарындағы өзара әріптестікті арттыру – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Осы орайда, «Еңбек адамы» бейнесін қалыптастыру, еңбексүйгіштікке баулу және әлеуметтік серіктестікті насихаттау мақсатында жүзеге асырылып жатқан ауқымды шаралардың бірі – «Кәсіподақ десанты» жобасы.
Жақында аталмыш жоба аясында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағының Шымкент қалалық ұйымы (төрайымы – Л.В. Тургинбаева) Ю. Гагарин атындағы № 34 жалпы орта білім беретін мектептің кәсіподақ активімен мазмұнды кездесу өткізді. Шара барысында білім беру саласы қызметкерлерінің күнделікті кәсіби қызметі, олардың еңбек құқықтарын қорғау тетіктері және әлеуметтік кепілдіктері жан-жақты талқыланды.
Кездесу ашық диалог, өзара түсіністік пен шынайы қызығушылық жағдайында өтті. Қатысушылар еңбек ұжымының әл-ауқатын арттыруда, ұжымдық шарттардың сақталуын қадағалауда және мұғалімдердің құқықтық сауаттылығын көтеруде кәсіподақ ұйымының рөлі ерекше екенін атап өтті. Сондай-ақ, ұстаздардың еңбегін бағалау, кәсіби шеберлігін арттыру және өскелең ұрпаққа үлгі боларлық еңбекқорлық қасиеттерін сіңіру мәселелері сөз болды.
Бұдан бөлек, кездесу аясында еңбек өтілі жоғары ардагер ұстаздар мен салаға жаңадан қадам басқан жас мамандарды қолдау тетіктері сөз болды. Қарапайым педагогтердің күнделікті машақаты мол еңбегін бағалау, олардың кәсіби жетістіктерін насихаттау және жұмыс орнындағы қауіпсіз әрі жайлы жағдайды қамтамасыз ету – кәсіподақ ұйымының басты назарында екені айтылды. Мұндай ашық пікірлесулер ұжым ішіндегі әлеуметтік жауапкершілікті арттырып, әрбір қызметкерге өзінің еңбегі еленетінін және құқығы сенімді қорғалғанын сезінуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, жиынға қатысушылар масылдық пен енжарлыққа жол бермей, адал еңбек пен толық кәсіби жауапкершілікті алдыңғы қатарға шығарудың маңыздылығын атап өтті. Адамның қоғамдағы орны мен мәртебесі оның атқарған адал еңбегімен және кәсіби біліктілігімен өлшенетінін тілге тиек еткен кәсіподақ өкілдері, мұндай жобалардың болашақта да жүйелі түрде жалғасатынын білдірді. Бұл өз кезегінде білім саласы қызметкерлерінің беделін арттырып, жастар арасында еңбексүйгіштік пен адалдық құндылықтарын терең сіңіруге зор ықпал етеді.
Жиын барысында кәсіподақ бірлігінің маңыздылығына, бастамаларды қолдауға және бастауыш кәсіподақ ұйымдары арасындағы байланысты одан әрі нығайтуға басымдық берілді. Мұндай форматтағы жүздесулер – әрбір еңбеккердің үнін естуге, ортақ мәселелерді ашық талқылап, тиімді шешімдер қабылдауға зор мүмкіндік береді.
Шара соңында ұйымдастырушылар Ю. Гагарин атындағы № 34 мектептің кәсіподақ активіне көрсеткен жылы қабылдауы, ашықтығы және сындарлы әңгімесі үшін ерекше алғыстарын білдірді. «Бірлігіміз бекем болса, күшіміз де мықты!» деген ұстаныммен ұжым алдағы уақытта да бірлескен жұмыстарды жалғастыруға уағдаласты. Мұндай бастамалар еңбек адамдарының мәртебесін көтеріп қана қоймай, қоғамдағы өзара сенім мен әлеуметтік тұрақтылықты нығайта түсетіні сөзсіз.












Comments