Жаңалықтар

«Цифрлық Қазақстан: жасанды интеллект – заман талабы»: студенттерге жаңа технологиялардың мүмкіндіктері таныстырылды

Бүгінде жасанды интеллект әлемдік деңгейде қарқынды дамып, білім беру, медицина, ғылым, өндіріс және қызмет көрсету салаларына белсенді енгізіліп жатыр. Осыған байланысты цифрлық технологияларды дұрыс түсіну және оларды сауатты пайдалану жастардың заманауи білім мен еңбек нарығына бейімделуінің маңызды факторларының біріне айналып отыр.Студент

жастардың цифрлық сауаттылығын арттыру, жасанды интеллект технологияларының мүмкіндіктерін кеңінен таныстыру және оларды білім алу мен кәсіби даму бағытында тиімді пайдалануға баулу мақсатында Сайрам медициналық колледжінде «Цифрлық Қазақстан: жасанды интеллект – заман талабы» тақырыбында мазмұнды кездесу өтті. Кездесуге академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің Ғылым және инновациялық жұмыстар жөніндегі проректоры, техника ғылымдарының кандидаты, профессор,«Тұран» Ғылымдар академиясының академигі Мұсабек Исламұлы Ақылбаев арнайы қатысып, студенттерге жасанды интеллекттің даму үрдістері, жаңа технологиялардың әлеуеті және цифрландырудың қазіргі қоғамдағы рөлі туралы кеңінен айтып берді. Профессор өз сөзінде жасанды интеллектіні тек технологиялық жаңалық ретінде емес, білім мен ғылымды дамытуға мүмкіндік беретін маңызды құрал ретінде қарастыру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін меңгеру жастардың жаңа білімді жылдам игеруіне, ақпаратты іздеу мен талдау дағдыларын жетілдіруіне және кәсіби бағытта өз мүмкіндіктерін кеңейтуіне жол ашады. Іс-шарада Сайрам медициналық колледжі директорының орынбасары Бахадыр Акрамшиков та сөз сөйлеп, жасанды интеллект құралдарын білім беру үдерісінде тиімді пайдалану жолдарына тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда білім алушылар үшін жасанды интеллект оқу материалдарын жүйелеу, ақпаратты талдау, қосымша мәліметтер іздеу және оқу үдерісін жекелендіру секілді бірқатар бағытта пайдалы құрал бола алады. Дегенмен технологияны пайдалану кезінде алынған ақпаратты сыни тұрғыдан бағалау, оның дұрыстығын тексеру және цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтау маңызды.«Жасанды интеллект студенттің

білімін алмастыратын құрал емес, керісінше оның ізденісін толықтыратын технология болуы керек. Сондықтан жастар ең алдымен өз бетінше ойлау, талдау және шешім қабылдау қабілеттерін дамытуға мән бергені жөн», – деген пікірлер кездесу барысында кеңінен талқыланды. Мамандар студенттердің назарын жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалануға да аударды. Атап айтқанда, интернет кеңістігіндегі ақпараттың барлығы бірдей шынайы бола бермейтіні, сондықтан цифрлық ортада ақпарат көздерін саралау, жеке деректерді қорғау және технологияларды академиялық адалдық қағидаттарына сәйкес пайдалану қажеттігі түсіндірілді. Медициналық білім беру саласы үшін бұл

бағыттың маңызы ерекше. Себебі денсаулық сақтау жүйесінде цифрлық технологиялар мен интеллектуалды ақпараттық жүйелердің қолданылу аясы жыл сайын кеңейіп келеді. Осы тұрғыдан алғанда, медициналық колледж студенттерінің цифрлық сауаттылығын арттыру олардың кәсіби даярлығының маңызды құрамдас бөлігі болып саналады. Іс-шара соңында Сайрам медициналық колледжінің директоры Жанар Баймағамбетова кездесуге қатысқан қонақтарға алғысын білдірді. «Бүгінгі студент – ертеңгі білікті маман. Сондықтан жастардың жаңа технологияларды меңгеріп қана қоймай, оларды сауатты әрі жауапкершілікпен қолдана білуі маңызды. Жасанды интеллект –заман талабы. Оны дұрыс пайдалану білім сапасын арттыруға және кәсіби мүмкіндіктерді кеңейтуге ықпал етеді», – деді колледж директоры.

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ЖАРЛЫҒЫМЕН ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ҚҰРАМЫ БЕКІТІЛДІ

Алдыңғы

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *