Сауран ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімдігі мен Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ Сауран аудандық филиалының бірлесе ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп –тұрақтылықтың негізі» тақырыбында жиын өтті.
Шараға «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ Түркістан облысы бойынша төрағасы Ғ.Рысбеков, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Қалеке, Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ Сауран аудандық филиалының басшысы А.Раматуллаев, аудандық прокуратура және полиция өкілдері, білім саласының қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар, медиаторлар, жастар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Семинар барысында заң үстемдігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау, этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты нығайту мәселелері талқыланды.
Жиында «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысының Түркістан облысы бойынша төрағасы Ғани Рысбеков өңірдегі заңдылықты сақтау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қоғамда адалдық пен парасаттылық құндылықтарын қалыптастыру және азаматтық белсенділікті арттыру бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
Семинарда «Қарнақ-Шекербұлақ» бауырлас ауылдары бойынша өткізілген іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы Жүйнек ауылдық округіндегі «Қазыбек би» атындағы мектеп директоры Жұман Досманов баяндама жасады.
Сонымен қатар, Сауран ауданында заңдылықты қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Данияр Түймебаев хабарлап өтті.
Жиын барысында қатысушылар өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салып, аудан аумағында заң мен тәртіпті нығайтуға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және қоғамдық келісімді одан әрі күшейтуге бағытталған мәселелерді талқылады.
Заң мен тәртіп – тұрақты әрі қауіпсіз қоғамның берік негізі. Оны қамтамасыз ету – мемлекеттік органдардың ғана емес, қоғамның әрбір мүшесінің ортақ жауапкершілігі. Жиын соңында қатысушылар ел бірлігі мен ортақ Отанға деген сүйіспеншілікті дәріптейтін «Атамекен» әнін бірге орындады.
САУРАНДА «ЗАҢ МЕН ТӘРТІП – ТҰРАҚТЫЛЫҚ НЕГІЗІ» ТАҚЫРЫБЫНДА ЖИЫН ӨТТІ











Comments