Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тамыз конференциясының пленарлық отырысында жастардың өмірге деген көзқарасы, олардың мақсат-мүддесі мен ел болашағындағы рөлі туралы айтқан пікірлері көпшілікті ойландырды.
Меніңше, бұл сөздердің мәні – жастарды жай ғана болашақтың иесі ретінде емес, бүгінгі өзгерістердің белсенді қатысушысы ретінде қабылдауда. Себебі елдің дамуы тек ертеңгі күнге байланысты емес. Оның негізі бүгінгі жас буынның білімімен, еңбегімен және бастамасымен қаланадЖастарl
Жастар ең алдымен өз тарихын жақсы білуі керек. Өткенін таныған адам өзінің кім екенін, қандай құндылықтардың ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқанын жақсы түсінеді. Бірақ тарихты білу тек өткенге үңілу үшін емес, одан дұрыс қорытынды жасап, келешекке жол ашу үшін қажет.
Қазіргі заман жастардан белсенділікті, білімділікті және бейімделе білуді талап етеді. Технология қарыштап дамып, жаңа мамандықтар мен жаңа мүмкіндіктер пайда болып жатқан кезеңде өзіңді дамытуға ұмтылу – маңызды қажеттілік.
Бүгінгі жас үшін мүмкіндік көп. Жаңа білім меңгеруге, кәсіп бастауға, шығармашылық қабілетін шыңдауға, қоғамдық бастамаларға қатысуға жол ашық. Бірақ мүмкіндік болғанымен, нәтиже өздігінен келмейді. Оның артында еңбек, ізденіс және табандылық тұрады.
Әр адамның өмірінде түрлі кедергілер болуы мүмкін. Кейде жоспарлаған ісіміз бірден жүзеге аспайды, кейде таңдаған жолымыз біз ойлағандай болмай жатады. Мұндай сәттерде тоқтап қалмай, жағдайды саралап, басқа шешім іздей білу маңызды. Себебі кез келген тәжірибе адамды шыңдап, келесі қадамға дайындайды.
Мемлекет басшысының жастарға қатысты ұстанымы да осы жауапкершілікке негізделген деп ойлаймын. Жастар өзіне сеніп қана қоймай, нақты әрекет етуі керек. Білім алып, еңбек етіп, қоғамға пайдалы іс жасауға ұмтылған әрбір жас елдің дамуына өзіндік үлесін қосады.
Бізге белсенді ойлайтын, жаңа бастамадан қорықпайтын, еңбектенуге дайын және өз таңдауына жауап бере алатын ұрпақ қажет. Осындай жастар көбейген сайын қоғамның да әлеуеті арта түседі.
Жастардың жетістігі – тек жеке адамның табысы емес. Ол отбасының, ортасының және тұтас елдің дамуына әсер ететін нәтиже. Сондықтан жас буынның әрбір жақсы бастамасын қолдап, олардың өз қабілетін көрсетуіне мүмкіндік жасау – ортақ міндет.











Comments