Адам өмірінің мәні — артында қалдырған игі ісімен, айналасына сепкен шуағымен және өз кәсібіне деген шексіз адалдығымен өлшенеді. Әсіресе, адам өмірі мен денсаулығының арашашысы саналатын медицина саласында ширек ғасырдан астам уақыт табанды еңбек ету — нағыз батырлық пен жанкештілікті талап етеді. Денсаулық сақтау жүйесінде 40 жылдан астам уақыт үздіксіз тер төгіп, мыңдаған жанға үміт сыйлаған білікті маман, тәжірибелі ұйымдастырушы, денсаулық сақтау ісінің ардагері Жәукімова Роза Түзелбайқызының өмір жолы — бүгінгі жас ұрпаққа, әсіресе еңбек жолын жаңа бастаған жас мамандарға таптырмас үлгі-өнеге.
Роза Түзелбайқызының еңбек шежіресі қарапайым дәрігерлік қызметтен басталған еді. Алғашқы күннен-ақ өзіне жүктелген міндетке өте үлкен жауапкершілікпен қарап, әрбір науқастың дертіне шипа табуды азаматтық әрі кәсіби борышы санай білді. Тәжірибесі шыңдалып, кәсіби біліктілігі артқан сайын оның ұйымдастырушылық қабілеті де айқын көріне бастады.
Жылдар бойы жинақталған білім мен табандылықтың арқасында ол өңірлік денсаулық сақтау жүйесін дамытуға елеулі үлес қосты. Роза Түзелбайқызы өз қызмет жолында Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының медициналық ұйымдарында қатардағы маманнан бастап, басшылық лауазымдарға дейін көтерілді. Кейіннен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің аппаратында, Түркістан облысы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасында саланың стратегиялық мәселелерін шешуге белсене қатысты. Сонымен бірге Шымкент қалалық Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығында, облыстық балалар ауруханасында және Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында басшылық қызметтерді атқара отырып, ана мен бала денсаулығын қорғауда ауқымды істерді жүзеге асырды.
Соңғы жылдары Роза Түзелбайқызы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шымкент қаласы бойынша филиалында «Медициналық көмектің сапасын бағалау және шарттық міндеттемелерді бақылау» бөлімінің бас сарапшысы лауазымын атқарды. Бұл қызметте де ол медициналық қызметтердің сапасын арттыруға, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділігін нығайтуға және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігін жақсартуға сүбелі үлес қосты.
Роза Түзелбайқызы — білікті сарапшы ғана емес, парасатты тәлімгер. Ол өзінің бай тәжірибесін, медицина саласының қыр-сырын кейінгі толқын жас мамандармен бөлісуден ешқашан аянған емес. Оның әрбір кеңесі, іске деген жауапкершілігі мен терең адамгершілігі әріптестері арасында үлкен құрметке ие болды. Адал еңбекті ту еткен ардагер маман масылдық пен патерналистік көңіл-күйге қарсы, өз кәсібіне деген сүйіспеншілігі арқылы нақты нәтиже шығарудың жарқын үлгісін көрсетті.
Мерейлі еңбек жолының заңды қорытындысы ретінде жақында Роза Түзелбайқызы құрметті еңбек демалысына шықты. ӘМСҚ Шымкент қаласы филиалының директоры Сәуле Дүйсенбаева мен барша ұжым ардагерді салтанатты түрде құрметпен шығарып салды. Ұжым атынан 40 жылдан астам уақыт бойы медицина саласын дамытуға қосқан үлесі үшін терең алғыс білдіріліп, сый-құрмет көрсетілді.
Бүгінгі қоғамда мұндай жандардың еңбегін дәріптеу — адал еңбектің қадірін ұғындырудың басты тетігі. Роза Түзелбайқызы сияқты өз ісіне адал, өмірлік тәжірибесі мол маманның өмір жолы кейінгі буын үшін өнеге мектебі болып қала бермек. Ардагерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және отбасылық бақ-береке тілейміз.












Comments