Төлеби ауданы білім бөлімінің ұйымдастыруымен Ленгер қаласындағы №7 IT мектеп-лицейі базасында «Адал ата-ана – қауіпсіз балалық шақ» тақырыбында аудандық ата-аналар форумы өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ата-ана мен қоғам жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ өскелең ұрпақтың жарқын болашағына бірлесе үлес қосу.
Форумға аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев, аудан прокуратурасының прокуроры Бексұлтан Маратұлы, білім бөлімінің басшысы Шұға Тұрмаханбетқызы, сондай-ақ ата-аналар, білім саласының мамандары мен қоғам белсенділері қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Пердебайұлы өз сөзінде бала қауіпсіздігі мен саналы тәрбие беру – қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтіп, ата-ана мен мектеп арасындағы тығыз байланысты нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
Іс-шара барысында mektep психологтары қатысушылармен сауалнама жүргізіп, түрлі психологиялық тренингтер ұйымдастырды. Форум аясында отбасы құндылықтары, жасөспірімдердің қауіпсіздігі, ата-ана жауапкершілігі және психологиялық қолдау мәселелері кеңінен талқыланды.
Ашық пікір алмасу алаңында ата-аналар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, мамандар тарапынан нақты жауаптар алды. Форум соңында 2025–2026 оқу жылында республикалық олимпиадаларда жүлделі орын алған білім алушылардың ата-аналарына Алғыс хаттар табысталды.
Аталған форум – отбасы мен мектеп арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, бала тәрбиесіндегі ортақ жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.
Форум барысында құқық қорғау органдарының өкілдері сөз алып, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударды. Аудан прокуроры Бексұлтан Маратұлы өз баяндамасында заң үстемдігі мен бала құқығын қорғаудың құқықтық аспектілерін тілге тиек етті. Бүгінгі таңда кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде тек мектеп қабырғасындағы бақылау жеткіліксіз екені, баланың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда отбасының басты рөл атқаратыны айтылды.
Талқылау барысында түнгі уақытта балалардың заңды өкілдерінің серіктестігінсіз тұрғынжайдан тыс жерде болуы, сондай-ақ интернет кеңістігіндегі түрлі қауіпті топтар мен буллинг (қорқыту, шеттету) мәселелері сөз болды. Құқық қорғаушылар ата-аналарға балаларының мінез-құлқындағы өзгерістерге дер кезінде көңіл бөлуді және олармен ашық, сенімді қарым-қатынас орнатуды ұсынды. Заң талаптарын сақтау — бала өмірі мен болашағының басты кепілі екені ескертілді.
№7 IT мектеп-лицейінің заманауи техникалық базасында өткендіктен, форумда цифрлық қауіпсіздік мәселесі кеңінен қаралды. Мектеп психологтары мен білікті мамандар ата-аналарға арналған арнайы практикалық тренингтер өткізді. Онда қазіргі жасөспірімдердің гаджеттерге тәуелділігі, әлеуметтік желілердің бала психикасына әсері және киберқауіпсіздік ережелері нақты мысалдармен түсіндірілді.
Психологиялық интерактивті жаттығулар барысында ата-аналар баланың ішкі күйзелісін анықтау, суицидтік мінез-құлықтың алдын алу және отбасындағы жағымды микроклиматты қалай сақтау керектігін үйренді. Мамандар баламен өткізетін уақыттың көлеміне емес, оның сапасына мән беру қажеттігін алға тартты. Сауалнама қорытындысы көрсеткендей, көптеген ата-аналар балаларының виртуалды әлемінен гөрі, олармен шынайы өмірде сырласу сағаттарын көбірек ұйымдастыруды қалайды.
Білім бөлімінің басшысы Шұға Тұрмаханбетқызы аудан бойынша білім сапасын арттыру және тәрбие жұмыстарын үйлестіру бағытында атқарылып жатқан ауқымды істерге тоқталды. Төлеби ауданының мектептерінде 2025–2026 оқу жылында айтарлықтай табыстар тіркелген. Мектеп пен ата-ананың бірлескен жүйелі жұмысының арқасында аудан оқушылары республикалық және халықаралық деңгейдегі интеллектуалдық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарында үздік нәтижелер көрсетіп келеді.
Форумның салтанатты бөлімінде осындай талантты балаларды тәрбиелеп, олардың шығармашылық тұрғыдан шыңдалуына жағдай жасаған үлгілі ата-аналардың еңбегі еленді. Оларға табысталған Алғыс хаттар — тек құрмет белгісі ғана емес, сонымен бірге өзге де ата-аналарға үлгі-өнеге ретінде ұсынылған марапат болды. Қорытындылай келе, «Адал ата-ана – қауіпсіз балалық шақ» форумы аясында қабылданған ұсыныстар мен қарарлар алдағы уақытта аудан көлеміндегі барлық білім беру мекемелерінде іс жүзіне асырылатын болады.
«АДАЛ АТА-АНА – ҚАУІПСІЗ БАЛАЛЫҚ ШАҚ»: ТӨЛЕБИДЕ АУДАНДЫҚ АТА-АНАЛАР ФОРУМЫ ӨТТІ












Comments