Арыс қаласында Білім күні қарсаңында «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа білім ордасының ашылу салтанаты өтті.
Іс-шараға облыс әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев, қала әкімі Қайсар Маңқараев, қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, ұстаздар, оқушылар және ата-аналар қатысты.
Салтанатты жиында облыс әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Әбілханұлы мен қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, ардақты ұстаз Әбдісаттар Жүніс құттықтау тілегін жеткізіп, жаңа мектептің лентасын қиды.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асқан 600 орындық білім ордасы заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мектепте екі спорт залы, акт залы, асхана, коворкинг алаңдары, кітапхана, мәжіліс залы, арнайы пән кабинеттері мен шеберханалар бар. Сондай-ақ оқушылардың салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған ашық футбол алаңы да қарастырылған.
Жаңа мектепті аралап көрген ата-аналар мен оқушылар ғимараттың кеңдігі мен сәніне ерекше ризашылықтарын білдірді.
Айта кетейік, биылғы жаңа оқу жылында Арыс қаласында 20 мыңнан астам оқушы білім алуда. Оның ішінде 1629 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, үлкен өмірге қадам басты.
Барша ұстаздар мен ата-аналарды жаңа оқу жылымен құттықтап, табыс тілейміз.
Comments