Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде отын-энергетика кешенін жүйелі жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Сенімді, өзін-өзі қамтамасыз ететін және заманауи энергетикалық жүйе еліміздің тұрақты экономикалық өсімі мен әрбір азаматтың әл-ауқатын жақсартудың берік іргетасқа айналады.
Электр энергетикасы: басты міндет – энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ету
Электр энергетикасы саласындағы басты міндет – еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету және экономиканың өсіп келе жатқан қажеттіліктерін толық қанағаттандыру.
Президенттің тапсырмасы аясында алдағы бес жылда кемінде 14 гигаватт энергия өндіретін жаңа қуат көздерін іске қосу міндеті алға қойылды. Бұл жұмыс бірнеше бағытта жүргізілуде: жұмыс істеп тұрған стансаларды жаңғырту, энергия өндіретін жаңа қондырғылар салу, сондай-ақ гидро және жаңартылатын энергия көздерін дамыту.
2023 және 2024 жылдары 1,3 гигаватт жаңа электр қуаты іске қосылды.
2025 жылы тағы 621,5 мегаватт енгізу процесі жүріп жатыр, ал 2026 жылға 2 648,5 мегаватт жоспарланған.
Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін жаңа стратегиялық нысандар салу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Түркістан облысында қуаты 1000 МВт-қа дейінгі бу-газ қондырғысы негізінде электр стансасын салу жобасы жүзеге асырылуда. Қызылордада қуаты 240 МВт жаңа ЖЭО салу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Инфрақұрылымның тозуын төмендету: 9 жылу электр орталығы қауіптілігі жоғары «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа көшті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу қажеттігіне назар аударды.
ЖЭО-ның тозуын азайту мәселелері Үкіметтің ерекше бақылауында. Кең ауқымды жөндеу науқаны жүзеге асырылуда: 2025 жылы 10 энергоблокты, 63 қазандықты және 39 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған.
Қазіргі уақытта 5 энергоблок, 30 қазандық және 19 турбинада жұмыс жүргізілуде. Ал 4 энергия блогы, 15 қазандық және 9 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды.
Жүргізіліп жатқан шаралар қазірдің өзінде нақты нәтиже беруде: құрал-жабдықты жаңғырту мен жаңарту нәтижесінде еліміздегі ЖЭО-лардың орташа тозуы 64%-дан 61%-ға дейін төмендеді.
Өткен жылыту маусымының қорытындысы бойынша 9 ЖЭО апат деңгейі жоғары «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа, 3 ЖЭО сарыдан жасыл аймаққа көшті. Қазіргі уақытта «қызыл» аймақта 10 ЖЭО, сары аймақта – 17, жасыл аймақта – 10 ЖЭО бар.
Жыл сайын тозуды азайту және нысандарды қауіпті аймақтардан қауіпсіз пайдалану аймағына көшіру мақсатында ЖЭО жаңғырту бағдарламасы жүйелі түрде жалғасады.
Президенттің тапсырмасын жүзеге асыру шеңберінде 2024 жылғы желтоқсанда Үкімет «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын (бұдан әрі – ұлттық жоба) бекітті, оның аясында ТКШ инфрақұрылымын жөндеу бойынша кең ауқымды науқанды ұзақмерзімді жеңілдікпен қаржыландыру басталды.
Ұлттық жоба электр энергиясын өндіру қуаттарын дамытуды, табиғи монополиялар саласын жақсартуды, отандық өндірушілер мен әлеуметтік осал топтарды қолдауды, сондай-ақ процестерді автоматтандыру үшін цифрлық технологияларды енгізуді қамтиды.
Бұл жұмысқа 200-ден астам инфрақұрылымдық компания тартылған.
Негізгі көрсеткіш – нысандардың тозу деңгейін 40%-ға дейін төмендету.
Ұлттық жобаға сәйкес 86 мың шақырым инженерлік желілерді жаңғыртуға шамамен 6,8 трлн теңге инвестиция тартылады. Оның ішінде: 1,6 мың шақырым жылу желілері; 77,6 мың шақырым электр желілері; 4,7 мың шақырым су құбыры желілері; 2,6 мың шақырым кәріз желілері.
Бұл апаттар санын 27%-ға азайтуға мүмкіндік береді.
Электр қуатын өндірудің жаңа көздерін салуға және қолданыстағы станцияларды жаңғыртуға 6,2 трлн теңге көлемінде инвестиция тарту көзделген. Бұл қаражат станциялардың тозуын 15%-ға төмендетуге және қосымша 7,3 ГВт көлемінде өндірістік қуат енгізуге мүмкіндік береді.
Бүгінде елімізде электр энергиясын өндіретін 55 ұйым жұмыс істейді, оның 19 станциясы 65%-дан аса тозған. Электр энергиясын өндіру көлемі – 113 млрд кВт/сағ, ал тұтыну көлемі – 115 млрд кВт/сағ.
Осылайша, алдын ала болжам бойынша, алдағы бес жылда Ұлттық жобаны жүзеге асыру үшін энергетика және коммуналдық шаруашылық секторға шамамен 13 трлн теңге инвестиция тарту қажет.
Осы ретте айта кетейік, қаражаттың негізгі бөлігі жекеменшік қаржы институттарынан (екінші деңгейлі банктер – ЕДБ, халықаралық қаржы ұйымдары – ХҚҰ, Өнеркәсіпті дамыту қоры – ӨДҚ) тартылады.
Жалпы қаржыландырудың мынадай тетіктері қарастырылған: тікелей қаржыландыру (ҚДБ, ЕДБ, ХҚҰ, ӨДҚ); бірлесіп қаржыландыру; облигациялар; бюджеттік несиелер; жекеменшік монополистердің капиталы; лизингтік қаржыландыру.
Әрбір кәсіпорын үшін қаржыландырудың жеке моделі әзірленеді.
Ұлттық жобаның инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында тарифтік әдістемеге өзгерістер енгізілді. Бұл салынған қаржының қайтарымын қамтамасыз етіп, қаржылық ағындардың қажетті деңгейін тұрақты түрде сақтауға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл өз кезегінде тарифтерге әсерді азайтуға ықпал етпек.
Әлеуметтік осал топтар үшін тарифтік жүктемені жеңілдету мақсатында коммуналдық қызмет ақысын өтеуге атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Сонымен бірге тозу деңгейі жоғары, құжаттары расталған және қаржыландыруға дайын 48 табиғи монополия субъектісі (96 жоба) қарастырылып, анықталды. Жалпы сомасы 144,5 млрд теңгеге 1 347 шақырым коммуналдық желіні жөндеу мен ауыстыру және 3 047 бірлік жабдықты жаңарту жоспарланған.
Энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мен салу аясында отандық өндірісті барынша пайдалану жоспарланып отыр.
Ұлттық жобаны жүзеге асыру нәтижесінде ТКШ өнімдерін өндіретін қазақстандық кәсіпорындар толық қуатымен жұмыс істейді деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар шамамен 190 млрд теңге инвестиция есебінен тағы 27 жаңа өндіріс орны салынып, 3,5 мыңға жуық жұмыс орны ашу көзделген.
Пайдаланылатын отандық кәсіпорындардың өнім көлемі шамамен 4,4 трлн теңге құрайды.
Бұл тәсіл ішкі нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті күшейтіп қана қоймай, импортқа тәуелділікті азайтып, «жергілікті» кәсіпорындардың жалпы нарықтағы орнын бекемдеуге мүмкіндік береді.
Ұлттық жобаны жүзеге асыру халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі іс-шараларды, бірыңғай платформаны қолдана отырып барлық реттелетін сатып алуларды біріктіретін қағидаларды, жүйелік оператордың ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін жаңғырту процестерін автоматтандыру шеңберінде жаңа цифрлық технологияларды енгізуді және т. б. көздейді.
Президенттің 2024 жылғы Жолдауын жүзеге асыру: отын-энергетика кешенін ауқымды жаңғырту қалай жүргізілуде

Comments