Түркістан облысындағы «Самғау» оңалту орталығында Түркістан облыстық прокуратурасының Басқарма аға прокуроры Серікболсын Заурбеков пен облыс прокурорының көмекшісі Дидара Абдрасилова ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін жеке қабылдау өткізді. Шара барысында азаматтар өздерін мазалаған әлеуметтік және құқықтық мәселелерін ортаға салып, тиісті кеңестер алды. Прокуратура өкілдері әрбір өтінішті мұқият тыңдап, заң аясында жауап берді. Сондай-ақ бірқатар мәселені бақылауға алатындарын айтты.
Облыс прокуратурасы «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысын жалғастыруда. Түркістанда мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жеке қабылдаудың басты мақсат – құқықтық сауаттылықты арттыру және азаматтардың заңды мүдделерін қорғауға қолдау көрсету. Мұндай кездесулер халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.
Бүгінде облыс аумағында 101 557 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Прокуратура органдарының қадағалау жұмыстарының нәтижесінде көптеген мүгедек жанның құқығы қорғалды. Мәселен, «Автомобиль көлігі туралы» заң талаптарына сәйкес, бірінші топтағы мүгедектер мен бірқатар әлеуметтік топ өкілдері үшін қалалық және қала маңындағы көлікпен тегін немесе жеңілдікпен жүру құқығы қарастырылған. Алайда облыстың кейбір аймақтарында бұл талаптардың орындалмауы анықталған. Жетісай, Мақтаарал аудандары мен Кентау қаласында жүргізілген тексеріс нәтижесінде 3263 мүмкіндігі шектеулі азаматтың құқығы қалпына келтірілді.
Comments