Арыс қаласында «Отбасы істері және гендерлік саясат» жобасы аясында арнайы семинар-тренинг өтті. Шараға «Қазақстан әйелдерінің республикалық кеңесі» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалының төрайымы Баян Жандосова, кәсіби медиатор Жұлдыз Өтегенова, Арыс қалалық «Отбасыны қолдау орталығы» КММ мамандары мен қала жастары қатысты.
Аталған жобаны Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының тапсырысы негізінде «Шығармашыл жастар» қоғамдық қоры жүзеге асыруда. Іс-шара 2025 жылдың 16-19 маусым аралығында Түркістан облысы аумағында өткізіліп, қыркүйек айында қорытынды республикалық семинар-тренингпен түйінделеді.
Семинар барысында қатысушылар медиативтік тәсілдер, құқықтық білім, отбасындағы дағдарыстық жағдайлардың алдын алу жолдары, гендерлік теңдік пен көшбасшылық туралы тың ақпараттар мен тәжірибелер алды.
Бұл бастама өңірдегі әйелдердің қоғамдық-саяси белсенділігін арттырып, отбасылық-әлеуметтік мәселелердің шешімін табуда маңызды қадам болмақ .
Айта кетейік, жобаның басты мақсаты – отбасы істері және гендерлік саясатты жүзеге асыруда белсенділік танытқан өңірдің 17 аудан, қаласынан 85 әйел азаматты облыстық деңгейдегі арнайы саяси менеджмент мектебіне іріктеу.
Семинар-тренингтер «AMANAT» партиясының «Томирис» бағдарламасы концепциясына негізделіп, әйелдердің саяси сауаттылығын арттыруға, елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласатын көшбасшы әйелдердің қатарын көбейтуге бағытталған.
Сонымен қатар, жобада отбасылық құндылықтарды насихаттау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, осы салада кәсіби медиаторлар, психологтар мен құқықтық мамандардың қатысуымен сала мамандарын даярлау мәселелері де қарастырылған.
Comments