Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ПЕДАГОГТАРЫ ФИНЛЯНДИЯ МЕН ЭСТОНИЯДА БІЛІМ ЖЕТІЛДІРУДЕ

Қазіргі заман талабына сай білім беру жүйесін дамыту — еліміздің басты стратегиялық міндеттерінің бірі. Түркістан облысында да бұл бағыттағы жұмыстарға ерекше назар аударылады. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров білім саласына деген өз құрметі мен қолдауын әрдайым білдіріп келеді. Оның бастамасымен ұстаздардың кәсіби шеберлігін арттыруға, жаңа инновациялық әдістерді енгізуге, сондай-ақ педагогикалық кадрлардың біліктілігін үздіксіз жетілдіруге басымдық берілуде. Бұл өз кезегінде оқушылардың білім сапасын жоғарылатуға, тәрбие бағытындағы жаңалықтарды жүйелі түрде жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

2024-2025 жылдарға арналған «Баршаға қолжетімді сапалы білім» ұлттық бағдарламасы аясында Түркістан облысы білім басқармасының «Білім беруді дамыту орталығы» КММ үлкен жұмыс атқаруда. Биылғы оқу жылында халықаралық деңгейдегі оқыту курсы ұйымдастырылып, оның негізінде облыстың педагогтары үш кезеңде білімдерін жетілдірді. Бірінші кезең онлайн форматта өтіп, онда педагогтар заманауи білім беру технологиялары мен әдістемелерімен танысты. Екінші кезең Алматы қаласында өтті, мұнда практикалық семинарлар мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Ал үшінші кезең — ең қызықты әрі маңыздысы — іріктелген педагогтардың Финляндия мен Эстония мемлекеттеріне сапары болды.

Финляндия мен Эстония — әлемдегі білім беру жүйесінің үздіктерінің бірі ретінде танылған елдер. Түркістан облысының ұстаздары осы елдердің тәжірибесін зерттеп, «Мұғалімдердің болашақтағы және заманауи білім беру сапасын арттыру» тақырыбы бойынша арнайы білім алды. Олар шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасып, инновациялық оқыту әдістері мен басқару тәсілдерін тереңірек түсініп қайтты. Бұл сапар арқылы түркістандық педагогтар өздерінің кәсіби деңгейін көтерумен қатар, білім беру жүйесін одан әрі дамытуға қажетті жаңа идеялар мен практикалық әдістерге ие болды.

Айта кетерлігі, Түркістан облысында педагог кадрлардың біліктілігін арттыру мәселесіне ерекше мән беріліп келеді. Мысалы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде республикада алғаш рет облыстың 41 педагогы арнайы менеджмент курстарынан өтті. Бұл курстар ұстаздарға білім беру саласын басқару, ұйымдастыру және тиімді дамыту саласында үлкен тәжірибе берді. Сонымен қатар, облыс педагогтары әлемнің түрлі елдерінде ұйымдастырылған халықаралық курстар мен семинарларға қатысып, білім мен тәжірибе жинақтауда. Мәселен, Жапонияда «lesson study» әдісі, АҚШ-та «инклюзивті білім беру», Қытайда «техникалық және кәсіптік оқыту» бағыттары бойынша тәжірибе алмасу жұмыстары жүргізілді.

Бұл үрдіс жыл сайын кеңеюде. Жаңа оқу жылында да түркістандық ұстаздар мен әдіскерлер білім сапасын арттыру мақсатында Франция, Малайзия, Сингапур секілді мемлекеттерде арнайы тәжірибелік курстарға қатысады. Бұл курстарда «Келешек мектептері» мен «Мақсатты мектеп» бағдарламаларына кірген ұстаздарға басымдық беріледі. Мұндай халықаралық тәжірибе педагогтарға өз ісін жаңаша көзқараспен қарауға, оқушыларға сапалы білім беру үшін озық әдістерді қолдануға септігін тигізеді.

Түркістан облысының білім саласындағы осындай белсенді қадамдары елдің болашағы үшін үлкен үміт ұялатады. Заманауи талаптарға сай білімді жетілдіру — әрбір ұстаздың ең негізгі мақсаты болып табылады. Ал облыс әкімінің қолдауымен бұл мақсаттар оң нәтижеге жететіні сөзсіз. Осындай ауқымды және жүйелі шаралар арқылы облыстың педагогтары біліктілігін арттырып, білім беру жүйесінде жаңа белестерге қол жеткізіп отыр.

ТҮРКІСТАН: «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА 11 МЫҢНАН АСТАМ ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚҚА ТОСҚАУЫЛ ҚОЙЫЛДЫ

Алдыңғы

ҚЫТАЙ САПАРЫ: НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ БЕЙЖІҢДЕ 20-ДАН АСТАМ КОМПАНИЯ БАСШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *