ЖаңалықтарЭкономика

ҚЫТАЙ САПАРЫ: НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ БЕЙЖІҢДЕ 20-ДАН АСТАМ КОМПАНИЯ БАСШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында шетелдік инвестицияларды тарту және өңіраралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында маңызды кездесулер өткізуде. Бұл сапардың негізгі мақсаты – Түркістан облысының экономикалық әлеуетін кеңінен таныстыру, жаңа өндіріс орындарын ашу және екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайту болып табылады.

Бейжің қаласында ұйымдастырылған кездесулерде облыс әкімі 20-дан астам ірі қытайлық компаниялардың басшыларымен екіжақты келіссөздер жүргізді. Бұл іскерлік кездесулер барысында Нұралхан Көшеров өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат беріп, бірлесе жұмыс істеудің артықшылықтарын түсіндірді. Қытайлық кәсіпкерлер Түркістан облысының экономикалық даму әлеуетіне үлкен қызығушылық танытып, түрлі салалардағы жобаларға қатысуға ниет білдірді.

Өңір басшысы әр инвестормен жеке жұмыс жүргізіп, олардың талаптары мен ұсыныстарын тыңдап, Түркістан облысының инвестициялық климатын жақсартуға барынша көмек көрсететінін атап өтті. Ол сондай-ақ, бұл кездесулердің жаңа жобаларға жол ашатынын, екі елдің экономикалық ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеретінін ерекше атап өтті.

Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас өте жоғары деңгейде дамып келеді. Қос мемлекеттің басшылары арасындағы тығыз байланыс және достық қатынастар жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мол мүмкіндік береді, – деді Нұралхан Көшеров. – Біз Түркістан облысында өндіріс орындарын көбейтуге, жаңа зауыттар мен фабрикалар салуға мүдделіміз. Облыстың табиғи-климаттық жағдайы ауыл шаруашылығымен жыл бойы айналысуға өте қолайлы. Сонымен қатар, жібек жолының бойында орналасқан аймақ кадрлық әлеуеті жоғары және қажетті жұмыс күшін ұсына алады. Қазіргі таңда облыста тиімді инвестициялық ахуал қалыптасқан. Негізгі инвестициялық алаңдарымыз – 15 индустриалды аймақ және жалпы аумағы 4000 гектар болатын «Turan» арнайы экономикалық аймағы. Біз жобаларды талқылап, бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз, – деп сөзін жалғады облыс әкімі.

Сондай-ақ, Нұралхан Көшеров ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге арналған заманауи жабдықтар, ауыл шаруашылығын автоматтандыру, суару жүйелері мен бұлтты платформалар секілді инновациялық технологияларды енгізу саласында жетекші әлемдік компаниялардың басшыларымен кездесті. Бұл бағыттардағы жаңа жобалар әсіресе мақта шаруашылығында «ақылды агротехнологияны» дамытуға бағытталған. Түркістандық кәсіпкерлер бұл жобаларға серіктес болуға әзір екенін жеткізді.

Кездесулер барысында жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуға қатысты да бірқатар ұсыныстар мен бастамалар талқыланды. Азық-түлік өнімдерін өндіретін кәсіпорындар салу жоспары туралы да пікір алмасылды. Сонымен бірге, теңіз өнімдерін өңдеу саласында бірлескен жобаларды қаржыландыру мәселелері көтерілді.

Инвестициялық кездесулер барысында Қытайдың қауіпсіздік саласындағы жетістіктері мен технологиялары, оның ішінде бейнебақылау жүйелері мен жасанды интеллект желісін дамыту бойынша ғылыми-зерттеу орталығының жұмысы да таныстырылды. Бұл Қазақстандағы қауіпсіздік инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп күтілуде.

Сонымен қатар, Қытайлық компаниялармен болған іскерлік кездесулер кәсіптік білім беру саласын дамыту мәселелерін де қамтыды. Түркістан облысының басшысы техникалық мамандықтарды дамыту үшін екіжақты серіктестікті нығайтуға мүмкіндік бар екенін айтты. Бұл бағытта арнайы бағдарламалар мен жобалар қарастырылуда, олар жергілікті жұмыс күшінің сапасын арттыруға және жастарды еңбек нарығына дайындауға бағытталған.

Жалпы алғанда, Нұралхан Көшеровтің Қытайға жасаған сапары өңірдің экономикалық дамуы мен халықаралық ынтымақтастығын кеңейтуге тың серпін берді. Бұл кездесулер Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңа өндірістер мен жобаларды жүзеге асыруға қажетті ресурстарды қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратындығы сөзсіз.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ПЕДАГОГТАРЫ ФИНЛЯНДИЯ МЕН ЭСТОНИЯДА БІЛІМ ЖЕТІЛДІРУДЕ

Алдыңғы

ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ — РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СПАРТАКИАДА ЖЕҢІМПАЗДАРЫ!

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *