Сырттай қай адамға қарасаң да, оның тек сыртқы бейнесін ғана көресің. Ал ішкі бет-бейнесін, жан-дүниесін…
Иә, оны білу оңай емес. Онымен сөйлесу, әңгімелесу арқылы тануың мүмкін. Кейде ойларың бір жерден шығып, онымен дос та болып кететін жайлар кездеседі. Ал жазушы мен ақынды көбіне жазғанынан танып білемін деп ойлайсың. Бірақ, оның жан-дүниесінің ішкі иірімдеріне бойлай алмауымыз мүмкін.
Елімізге белгілі жазушы, драматург, баспагер Захардин Қыстаубаевты сонау мектеп кезінен бірнеше кітаптарын оқып, тек шығармалары арқылы танысам, айтары, өз ұстанған принципі бар азамат ретінде, бертінде, ару Алматыдан елге, Шымкентке келген кезінен бастап біле бастадым. Атап айтқанда, бір күні «Әділет» газетіне барсам, (аға ол кезде сонда қызмет ететін) орнында отыр екен, мен республикалық «Шұғыла» газетін шығаратынмын. Ол кезде олар да, біздің редакция да «Көл» жақта көрші отыратын едік. Әйтеуір әңгімеміз қазіргі әдебиеттен басталып, тарихқа ойыстық. Қазіргі жастардың жай-күйі де әңгімеге арқау болды. Айтпағым, сонда ағаның терең білімділігіне, нені айтса да жоба-долбармен емес, нақты фактілермен айтатынына таң қалдым. Мысал келтіре айтқанда, еріксіз бас изейсің, мақұлдайсың.
«Жалпы, өмір деген қызық қой. Сол өмірде адасса да, түзу жолға түссе де, жастайынан өзі таңдайды. Олай дейтінім, ең маңызды сәттерді ес біліп, етең-жеңіңді жинамай тұрып, мамандығыңды, онан өмірлік жарыңды таңдауыңа тура келеді» деді. Шындығын айтқанда, тура осылай екеніне өз басым мән бермейді екенмін. Сол кезде «Ойпырмай, бәріне мән беретін осындай сұңғыла да адамдар болады, иә?» деп іштей риза болғанмын.
Осы ағамның нағыз өз мамандығына берілген журналист екенін «Айғақ», «Әділет» газеттерінде бас редактор болып еңбек еткенінде байқадым. Әр нөмірлеріне қызықты танымдық материалдармен қатар сол кездегі проблемалық мақалалар да үздіксіз шығатын. Әрі оның бәрі нақты фактілермен кірпіштен қаланған сұлу үйдей, дәл жазылатынын қайтерсің! Соның жемісі болар, ағамыз Қазақстанның құрметті журналисі.
Биыл қаламгерлердің жылдық есебі өткен жиында ағаның аты-жөні Қазақстанның құрметті жазушысы қатарынан табылды. Басқасын қайдам, бұл Захардин ағаға лайықты марапат. Проза саласына 1969 жылдан бері қалам тербеп келе жатқан жазушының психологиялық иірімдерге бай әңгімелері мен повестері өз оқырманының жүрегіне жол тартып, ыстық ықыласына әлдеқашан бөленген. Оның шығармаларында ауыл өмірі, адам тағдыры, олардың жан-дүниесінің иірімдері терең суреттеледі. «Ақ түн», «Бәйтеректер», «Жүректегі жүзік», «Алматының ақ жауыны», «Сүйріктің махаббаты» және тағы басқа да кітаптарындағы шығармалары арқылы адам жанының ішкі толғанысын дәл, терең көрсетеді. Мәселен, «Жүректегі жүзік» повесінде мәңгілік тақырып — махаббатты басты нысана ете отырып, кейіпкерінің адалдығы мен ішкі сенімін, рухани тазалығын, яғни, өмірдің ең асыл құндылығын суреттеген.
Иә, Захардин Қыстаубаев прозасында қазір көп адамның бойынан жоғалып бара жатқан нәзіктік пен адалдық бар. Ол осы шығармасында адам ойының кейде қарама-қайшылыққа толы болатынын, махаббат пен жауапкершілік арасындағы арпалысты нәзік иірімдермен көрсеткен. Табиғатпен де ішкі күйді байланыстыра көркем тілмен жеткізеді. «Күзгі жаңбыр тамшысы терезеге тырс-тырс тиді. Сол сәттегі үн жүрегіндегі үнсіздікпен үндесіп жатқандай еді».
Жүзік бұл жерде махаббаттағы адалдықтың, сонымен бірге орындалмаған арманның символы. Ол тек бұйым емес, кейіпкердің сезімінің куәсі.
Жазушы үшін өмір — шындықты тану жолы. Аға жазуды сұлу сөз үшін емес, өмірді тану, өзгелерге ой салу үшін жазады. Ең бастысы, сол жазуды әр оқырман оқи отырып оянса, ой түйсе, жазушының көздеген мақсатына жеткені.
Жазушы З.Қыстаубаев үшін марапат та, атақ та — мақсат емес. Ол қаламды шындық пен адамдық, адамгершілік үшін ұстаған жан. Ол — ешкімге жалтақтамай, ешкімнен ештеңе дәметпей, өз жолымен, өз биігімен келе жатқан қаламгер. Кейде қоғамда әділет алыстап, өтірік үстемдік құрған тұстарда үнсіз қала алмайды. Ол шындық үшін күреседі. «Шындықты ащы болса да айту парыз» деп түсінеді. Ешкімге жалтақтамай, жанын ауыртса да, жалғандықтың бетпердесін сыпырып тастауға дайын тұрады. Өйткені оның қаламы – шындықтың найзасы. Сол найза кейде жұмсақ, кейде өткір, бірақ әрдайым шын жүректен шығып жатады. Бұл – нағыз қалам иесінің кісілік келбетін көрсетсе керек.
Сан ғасырлық сырды әрбір тасы мен сайына бүгіп жатқан өзі туып-өскен Ордабасы тауындай онымен әңгімелессеңіз, жоғарыда айтқандай, ішкі рухының жанартаудай бұғып жатқанына көзіңіз жетеді. Соның бәрі оның шығармаларынан шым-шымдап шығып жатыр. Жақында ғана қолымызға тиген «Боран» романы соның айғағы. Қаламды — ардың үні, жазуды жанның айқайы деп түсінген қаламгерге айтулы марапатпен, екінің бірінің қолы жете бермейтін — «Қазақстанның құрметті жазушысы» атануымен шын жүректен құттықтаймын! Жаза беріңіз, ойы ұшқыр, қаламы үшкір аға!
Базаркүл ҚАЛБЫР,
журналист
Comments