Қазақстанда заң бойынша банктер салымшының бірінші талабы бойынша салымды немесе оның бір бөлігін беруге міндетті. Бұл банктік салым шартында көрсетілген мерзімнен бұрын болуы мүмкін. Мұның өзіндік бір қыр-сыры бар, оны Fingramota.kz-тен білуге болады.
Салымшының қалауы бойынша банк салымды мерзімінен бұрын қайтаруды жүзеге асыра алады, алайда оның түріне байланысты ақшаны беру мерзімі әр түрлі болуы мүмкін. Мәселен, мерзімді және мерзімсіз салым бойынша – күнтізбелік 7 күннен кешіктірмей, жинақ салымы бойынша – салымшының талабы түскен сәттен бастап күнтізбелік 30 күннен ерте емес.
Салымнан ақшаны мерзімінен бұрын алудың екі жолы бар:
1) ішінара, төмендетілмейтін қалдыққа дейін;
2) шартты толығымен, мерзімінен бұрын бұзуға құқылы.
Жинақ салымы бойынша ішінара алу көзделмеген. Салымшы Шартты бұза отырып, оны мерзімінен бұрын толық қайтаруға ғана құқылы. Бұл жағдайда жинақталған сыйақының барлығы дерлік жоғалады, ол талап етілгенге дейінгі салым бойынша белгіленген мөлшерде төленеді.
Мерзімді салымдар бойынша ішінара алу төмендетілмейтін қалдыққа дейін жүзеге асырылуы мүмкін. Егер салымшы өз жинақтарын толығымен алғысы келсе, онда ол банктік салым шартын мерзімінен бұрын бұзуы тиіс. Екі жағдайда да салымшы жинақталған сыйақының едәуір бөлігін жоғалтады.
Мерзімсіз депозиттер бойынша салымды төмендетілмейтін қалдыққа дейін ішінара алып қою, әдетте, салымшы үшін ешқандай шығын келтірмейді. Алайда, егер салымшы өз салымын толығымен алуға және банктік салым шартын мерзімінен бұрын бұзуға шешім қабылдаса, онда бұл жағдайда ол жинақталған сыйақының едәуір бөлігін жоғалтуы мүмкін. Осылайша, мерзімсіз салымнан ақшаны ішінара мерзімінен бұрын алу және мерзімсіз салым шартын мерзімінен бұрын бұзу – бұл екі түрлі нәрсе екенін есте ұстаған жөн.
Нені ескеру қажет?
Ең алдымен, банктік салым шартының бүкіл талаптарын мұқият зерделеу қажет. Мерзімсіз салымды ішінара алу кезінде банктердің барынша көп таралған талаптарын қарастырамыз.
Біріншіден, салымшы банктік салым шартын бұзбай, мерзімсіз салымнан сыйақыны жоғалтпай төмендетілмейтін қалдыққа дейін ақша ала алады. Төмендетілмейтін қалдықтың мөлшерін банк дербес айқындайды және банктік салым шартында көрсетеді.
Біріншіден, салым ашылғаннан кейін алғашқы бірнеше күнде – әдетте 15 күннен 1 айға дейін ақшаны шығарып алу үшін банк комиссия ұстауы мүмкін. егер салымшы осы уақыт ішінде ақшаны салымнан шығарып алса, онда банк комиссия ұстауы немесе шарттың талаптарына қарай сыйақы есептеуі мүмкін.
Банктік салым шартын мерзімінен бұрын бұзған кезде мерзімсіз салым бойынша мынадай талаптар көзделуі мүмкін:
1) есептелген сыйақы нөлге айналуы мүмкін;
2) сыйақы талап етілгенге дейінгі мөлшерлеме (0,1%) бойынша қайта есептелуі мүмкін;
3) есептелген сыйақы ішінара ұсталуы мүмкін;
4) сыйақы салым орналастырылған күндердің нақты саны үшін толық мөлшерде төленуі мүмкін.
Қол қоюдан бұрын шартты мұқият оқыңыз!
Егер сіз ақшаны депозиттен мерзімінен бұрын шығарып алуды жоспарлап жүрсеңіз, онда назар аударатын маңызды нәрсе – бұл салымды мерзімінен бұрын шығарып алу және банктік салым шартын мерзімінен бұрын бұзу талаптары.
2024 жылғы тамыздан бастап халыққа ақпарат беру жүйесін кеңейту және ыңғайлы етудің шеңберінде шартқа қол кезінде банктер салымшыларды салымның негізгі талаптарымен таныстыруға міндетті. Жаңа талаптар салымшылардың белгілі бір салымның ерекшеліктерін түсінуін жеңілдетуге және толқы ақпарат алмау тәуекелдерін елеулі түрде азайтуға көмектеседі.
Енді банктер салым бойынша негізгі шарттарды қолжетімді нысанда ашуға міндетті болады, олардың арасында мыналар туралы ақпарат міндетті түрде көрсетілуге тиіс:
— салым түрі және ол бойынша кепiлдiк берiлген өтемнің ең жоғары сомасы;
— салым валютасы;
— сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері;
— салымды мерзімінен бұрын алу мүмкіндігі;
— салым бойынша мерзімді ұзарту шарттары туралы және басқасы.
Салым бойынша негізгі талаптар туралы ақпарат банктік салым шартын жасау кезінде клиент қол қоятын өтініштің немесе өзге құжаттың бірінші бетінен бастап орналастырылуға тиіс. Маңызды: бұл талап міндетті болып табылады және банктік салым шарты банктердің мобильді қосымшалары арқылы электрондық нысанда жасалатын жағдайларда да қолданылады.
Сондықтан салымды ашпас бұрын шарттың барлық тармақтарымен, әсіресе ақшаны ішінара алу және шартты мерзімінен бұрын бұзу шарттарымен мұқият танысу қажет. Бұл білім депозиттен ақшаны аз шығынмен алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, әр түрлі салымдар әр түрлі міндеттерді шешетінін есте ұстаған жөн, сәйкесінше бастапқыда ақша жинаудың мақсатын айқындап, осыған сүйене отырып, салымды таңдау туралы салмақты шешім қабылдаған жөн.
Қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!
Comments