Түркістан облысының жұртшылығы республиканың бірқатар өңірлерінде орын алған табиғи апатты зор күйзеліспен қабылдады. Өйткені, облыс жұртшылығы осыдан екі жыл бұрын Мақтаарал ауданында орын алған тасқын судан келген қауіпті әлі ұмыта қойған жоқ. Сол кезде жерлестеріміздің басына түскен қиындықты бүкіл ел болып көтеріп, бірімізге біріміз сүйеніш боп еңсердік.
Арқадағы ағайынның үйін су шайып, ауылдары топан судың астында қалғанда, оңтүстік өңірінің жұртшылығы қиындықта қалған азаматтарымызға көмек қолын созуға асықты. Қоғам белсенділерінің, еріктілер ұйымдарының бастамасымен облыстың 17 аудан, қаласында, гуманитарылық көмек жинау бекеттері ашылып, жанашырлық танытқан барлық азаматтар киім-кешекті, көрпе-төсекті, тұрмысқа қажетті заттарды, азық-түлік тауарларын әкеп тапсыруда. Волонтерлық ұйымдардың өкілдері сондай-ақ, тауар тасуға ыңғайлы автокөліктерді қоғамдық орындарға қойып, көмек беремін деген азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасауда.
Азаматтық бірлігіміз, өзара жанашырлығымыз сыналатын шақта жергілікті әкімдіктер мен мәслихаттар, депутаттарымыз, партияластарымыз, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, азаматтық ұйымдардың өкілдері, дін қызметкерлері, жастарымыз белсенділік танытып, күшіміз – бірлікте екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қарғын судан зардап шеккен ауылдарға ең алдымен Мақтарал жұртшылығынан жиналған көмек керуені жолға шықты. Жақсылық жасауға асыққан мақтаралдық ағайындар Ақтөбе облысының су басқан аймақтарының тұрғындарына азық-түлік өнімдерімен бірге жылы киімдер, төсеніштер, күнделікті тұрмысқа қажетті тауарларды жіберді.
Облыстың аудан, қалаларынан жинақталған гуманитарлық көмекті Түркістан облысының «Жастар ресурстық орталығында» құрылған штаб үйлестіріп, әр өңірге жөнелтеді деп шешілген…
Comments