Əлемде түрлі соғыстың болып жатқанын естігенде, расында да елімізде тыныштық болып, таңымыздың арайлап атып жатқанына қуанасың. Унитарлы мемлекетте өзге этнос өкілдерімен қоян-қолтық бірлесе еңбек етіп, бейбітшілікте өмір сүргенімізге Тəңірге тəубе дейсің.
Бейбітшілікті ту еткен Қазақстан атты ұланғайыр жері мен байлығы мол елде көктемнің алғашқы күні «Алғыс айту» күнімен басталатыны да тегін емес. Өйткені, əлемді жақсы адамдардың тілегі мен ізгі ісі, мейірімділігі ұстап тұрғаны бəрімізге аян.
Иə, Шымкент Қазақстан атты мемлекетте үшінші мегаполис. Бізде де бірнеше ұлт пен ұлыс, этнос өкілдері бірге қолұстаса өмір сүруде. Оларды бір шаңырақ астына біріктіріп отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы Шымкент қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында «Мың алғыс саған, туған ел» мерекелік іс-шарасы өтті.
ҚХА мүшелері «Қазақ еліне мың алғыс» монументіне гүл шоқтарын қойды. Залға лық толған жастар «Бірлік даму үшін» атты жалпыұлттық телекөпірді тамашалады. Мұнан соң Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Бақтияр Өнербаев алғыс айту күнімен жиналғандарды құттықтап, бірнеше еңбек адамдарына алғыс хат пен бағалы сыйлық табыс етті.
Қалалық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Орынбай Рахманбердиев пен қалалық ҚХА төрағасының орынбасары Наира Мовсисян бүгінгі алғыс айту күнінің мәні мен маңызына кеңінен тоқтала келе еңбегімен айналасына үлгі болып жүргендерді құттықтады. Атап айтқанда, №5 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы А.Махмұтқа, зейнеткер ұстаз Т.Белицкаяға, «Қоғамдық келісім» мекемесінің техникалық қызметкері А.Бертайға, запастағы полковник И.Усеновке, №24 «Алма» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі В.Елекееваға, білім және мәдениет саласының ардагері З.Богдановаға, қалалық иран этномәдени бірлестігі жанындағы жастар қанатының жетекшісі С.Cулейманиге, қалалық неміс этномәдени бірлестігі жанындағы жексенбілік мектептің оқытушысы И.Поляковаға, каратэден Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада ойындарының жүлдегері Д.Асадиловке, ардагер ұстаз Н.Аджиеваға, қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің 2-бөлімше меңгерушісі А.Сламбекқызына, еңбек ардагері Н.Магазиевке, жеке кәсіпкер Ж.Курбановқа, дәрігер В.Лиге, «Sofiya Sweet» кондитерлік компаниясының бас инженері М.Табагуаға алғыс хат табыстап, сый-құрмет көрсетті.
Жиналғандар «Қазына»би ансамблінің «Көңілашар» биін», Халықаралық байқаулардың лауреаты Таңат Мамырханның орындауында С.Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнін, «Ахыска» тобының «Лезгинка» биін, жас əнші Мухлиса Курванходжаеваның «Қазағым», ҚР Мəдениет қайраткері Азиза Исаеваның шырқаған «Алғыс» əндерін тыңдап, тамаша көңіл- күймен тарасты.
Иә, әрбір күн тек қуанышты да бейбіт күндерге жалғассын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!
Базаркүл ҚАЛБЫР
Comments