— Азамат, менің үйленуім керек,- деп әңгімесін бастайтын досым осы жолы да өз репертуарынан жаңылмады.
— Үй салып жатырмын, енді сол үйдің сәнін келтіретін жан керек досым, үйдегілер де үйлен деп жүр, сен Бизнес жаттықтырушы емессің бе? Саған жайттық кейс болсын, осыны шеш,- дейді жұмыспен қалаға барғанда кезіккенде, жұмыстан қол босағанда немесе кешкілік телефонмен сөйлескенде қалжыңға басып ойын айтатын менің аңқылдаған, ойында арамдығы жоқ Нұржан досым. Кейде шын айтып тұр ма, әлде қалжыңдап тұр ма деп ойға қалатынмын. Нұржан екеуміз бүгінгі таңда қызмет етіп жүрген салаға осыдан алты жыл бұрын келгенбіз. «Облыс орталығындағы Даму қорына әр ауданнан ашылатын Кәсіпкерлікті қолдау орталығына, әр ауданға екі кеңесшіден керек» деген хабарландыруды естіп, түйіндеме жіберіп сөйлесуге шақырту алғанбыз. Облыс орталығындағы үміткерлермен сөйлесетін жерге кел деген уақытта кешікпей жетейін деп асыға келсем, адам қарасы көп екен, әлі басталмапты. Жан — жағыма қарасам елдің бәрі қолдарындағы қағаздарынан бас алмайды, мен де бір шеткерек барып қолымдағы қағазымды оқиын деп ыңғайлана бергенімде:
— Сен де сөйлесуге келдің бе?- деген орта бойлы, сарылау келген, арықтау жігіт назарымды өзіне аудартты.
— Ия сөйлесуге келдім,- дедім
— Мен Нұржанмын,- деді қолын созып.
— Мен Азаматпын,-дедім қолын алып тұрып досымның. Осылай басталған достығымызға алты жыл болыпты. Скромный досыңды бір қызбен таныстырсаңшы, деп жүрген досыма бір жақсы қыз болса деп жүріп өзімнің де сол сияқты бойдақ екенімді кейде ұмытып кететіндеймін.
— Алматының маңындағы біздің облыстың бір ауданының филиалында жақсы бір қыз кеңесші болып жұмыс істейді, танысасың ба?- дедім бір күні Нұржанға.
— Қандай қыз? Суреті бар ма?- тағысын-тағы сұрақтарын жаудыра бастаған Нұржанға:
— Есімі Айжан, телефонын жіберем, жігіт емессің бе, өзің сөйлесіп аларсың досым,- дедім қалжыңдап. Нұрекеңнің сол кезде ойында не бары мен үшін жұмбақ, үндемей қалды. Арада біраз уақыт өтті, бұл жайлы сөз қозғалмады, досымнан “Не істедің, сөйлесе алдың ба? деп сұрайын деген оймен кезіккенде:
— Досым, ұлы махаббат айдынында қандай жетістіктерің бар? деп сұрағанымда үндемей жымия қарап, сөзді басқа арнаға бұрып әкеткен болатын. Жақында кешкілік әдеттегідей жұмыстан кеп, кешкі асты ішіп, демалып жатсам, телефоным сыңғырлады, қарасам Нұржан.
— Алло, Азамат, мен бір шешімге келдім, Айжанды алып қашу керек,- дегенде бірден айтарға сөз тапппай тұрып қап:
— Қашан?- деппін сасқалақтап,
— Ертең,- деді.
— Шын ба досым, алып қашатын көлік дайын ба?
— Бәрі дайын, реттеп қойдым Рүстем досым “Нұржан сенің өміріңе қатысты жайт болса, түн болса түн, күн болса күн барамыз» деп айтты маған» дейді.
— О, онда не тұрыс, бармайсың ба?- десем:
— Азамат сенің руыңның қызы ғой, жақсы сөйлесесің, сен сұрашы,- деп күліп қояды.
— Е досым, әйел алатын сен бе, әлде мен бе?- деп күлдім. Содан «Айжан не дер екен, өзі қайда десе не айтам” деген қалың ойдың құшағында тұрып қоңырау шалдым.
— Айжан, қалың қалай? Нұржанның айтып жатқаны шын ба?- десем:
— Білмей тұрмын аға, негізі досыңыз Нұржан қандай адам, айтыңызшы?- деді.
— Досым ба, жақсы жігіт, жаман қылығы жоқ, айтқан сөзін орындайтын, мінезі жұмсақ, өзіне артылған сенімді ақтай алатын адам, бір сөзбен айтқанда дедім. Біраз үнсіздік… менің айтқанымды қыз жүрегі ой елегінен өткізіп жатыр-aу деп түйдім.
— Айжан, қандай шешімге келдің, Нұржан келсін бе, айтшы?- дегенімде, наздана:
— Үйленетін жігіттің өзіне айтам оны аға,- деп сыңғырлай күлді телефонның ар жағынан маған. Қайта досыма қоңырау шалып қыздың жауабын тек өзіне ескерттім. Келесі күні кешкі сағат бестердің шамасы Нұржаннан қоңырау келді.
— Азамат, мен Айжанға кетіп бара жатырмын, алып келем, мамаға келін ғып түсірем, кешкі сағат сегізде кел деп айтты маған досым,- деді. Мен телефонның бер жағынан бір жағы қуанып, бір жағы қалай болар екен деп уайымдап тұрмын. Уақыт өтіп жатыр, қарап қоямын сағат қашан сегіз болар екен, қашан досым Алатаудың баурайындағы алып шаһардан Жетісудың жүрегіндегі қаланы бетке алдық деген сүйінші айтады деп тағатсыздана күтудемін. Сағат тілі кешкі тоғызға жақындап қалды, досыма қоңырау шалдым.
— Алло, досым қандай жаңалығың бар?
— Мына сенің қарындасың аздап көнбей тұр ма қалай, сөйлесіп көрші?- деп күлді.
— Кәне, телефонды берші, дедім. Телефонды алған Айжан:
— Алло, Азамат аға, білмей тұрмын не істерімді, екі ойлы боп,- деді.
— Айжан, қарағым, жүрегіңнің үні не дейді, соны айтшы?- дедім.
— Аға, жүрегім Нұржаннан қалма, азаматым деп етегінен ұста деп сыбырлағандай үн қатады маған,- деді.
— Айжан?
— Ау аға!
— Маған сенесің бе?
— Ия аға, сізге сенем.
— Онда маған сенгендей Нұржанға да сен, үміт арт. Сеніміңе селкеу түсірмейді. Білесің бе біздің дос болғанымызға алты жылдың жүзі болды, әрдайым сөзінде тұратын жан, өсіп-өнген жерге келін боласың қарындасым, дедім. Телефонды қойған соң бір сәт досымның қалай «Скромный “атанғаны еске түсіп езуіме күлкі үйірілді.
2019 жылдың ақпан айында елордасы Астана қаласында Бизнес жаттықтырушыларды дайындайтын курстың төртінші күні сағат он бірлер шамасы, біз отырған аудиторияда кесте бойынша Бизнес жаттықтырушы Нұғман Жұлдызбаев ауылшаруашылығынан лекция оқиын деп қатысушылармен таныстық өткізіп жатқан кезі.
— Әр адам орнынан тұрып алдыңғы айтқан үш адамның айтқанын айтып, кейін өз емсімін айтып мінезіне ұқсас лақап ат айтсын деген шартынан кейін топтағы әр адам айта бастады. Кезек досыма келді, орнынан тұрып жан жағына қарап — қарап ап
— Нұржан скромный! деп отыра салды. Гулеп тұрған аудитория бір сәтке тып-тыныш бола қалды, бәрі Нұржанға қарады, ол болса қанен-қаперсіз Бизнес жаттықтырушыға жалғастырсаңызшы ары қарай дегенде аудитория ду күлген. Содан бері әріптестер Нұржан демей “Скромный“ қайда деп сұрайды хабарласқанда. Біраздан кейін Нұржан қоңырау шалып:
— Айжан көнді, жолда келе жатырмыз, Алла қаласа екі сағатта боламыз деді. Досымның сөзінен кейін оның бойдақтықпен бір жола қош айтысып, елімізде тағы бір жас отаудың пайда болғанына қуанып, бір жағы өзімнің бойдақтығым еске түсіп “ Біздің үйде қашан осындай қуаныш болады екен деп армандап қоямын. Кезінде марқұм атамның” Күтсең уақыт өтсін бе, жүрмей қояды ғой шіркін” деген сөзі осы кезде маған рас көрінгендей болды. Сағатқа қараймын, сағаттың тілдерінің жүрісі маған бала кезімізде атам ауыл сыртына барып, қатты алысқа кетпесін деп үйдегі мініс аттарды тұсап қоятындығы еске түсірді. Сағат тілі түнгі он екіден сәл асқанда досымның уатцапқа жазған “Келдік” деген қуанышты хаты келді. Жалма — жан орнымнан атып тұрып, жарығы өшіп тұрған қараңғы бөлме ішінде телефонды іздей бастадым, әншейінде мен мұндалап тұратын жалғыз менің ғана емес 21 — ғасыр адамзатының өміріне барынша еніп алған, онсыз өмірді елестете алудың өзі бір қайғы боп көрінетін, тістелген алмасы бар серігімді жастықтың тысының ішіне кіріп кеткен жерінен әрең тауып ап қоңырау шалдым.
— Ал досым, қолыңа қонған бақ құсың құтты болсын ! Ниет қып көтерген шаңырақтарың биік, босағаларың берік болсын! Өмірлеріғ күндей, көңілдерің гүлдей, армандарың асқар таудай болсын! Тату да тәтті өмір сүріңдер,- деп құттықтап тұрып ішімнен “Е Алла осылардың жолын маған бер көр» деген тілекпен бет сипадым.
2020 жыл қаңтар
( Кейіпкерлердің есімдері өзгертілген)
Қобланды АБЕНОВ
Comments