Түркістанда бизнес және туризм өкілдерінің қатысуымен өтіп жатқан TIF’23 – «Түркістан: Туризм, Инвестиция, Экономика» халықаралық форумына шет мемлекеттер мен еліміздің ірі кәсіпкерлері, инвесторлары келген болатын. Олардың бірқатарын Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жеке қабылдап, келіссөз жүргізді.
Атап айтқанда, Түркия, Қытай, Өзбекстан және Қазақстанның инвесторларымен жобаларды, әріптестік орнату мәселесін талқылады. Кездесулерді облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров жүргізіп отырды.
– Түркістан өңірінде ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, туризм және өзге де салаларда әлеует жоғары. Инвестициялық мүмкіндігіміз өте жоғары. Біздің өңір – Орталық Азиядағы бизнеске ең қолайлы аймақ. Облыста арнайы экономикалық аймақ, индустриалды аймақтар бар. Онда кәсіпкерлердің жобаларын қабылдауға мүмкіндік мол. Инвесторлармен, кәсіпкерлермен барлық жобаны талқылап, жұмыс істеуге дайынбыз. Инфрақұрылым және өзге де мәселелер бойынша қолдау көрсетіледі. Мақсатымыз – Түркістан облысын өндірісі дамыған аймаққа айналдыру, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыс әкімімен кездескен ҚХР-дың Қазақстандағы Бас консулының орынбасары Хуа Чжонг инвестициялық және экономикалық форумның өте жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, келіссөздерге қолайлы жағдай жасаған өңір басшылығына алғысын білдірді.
– Түркістан тамаша көркімен, табиғатымен және тарихымен таңғалдырды. Форумға ірі бизнес өкілдері, компаниялар келді. Алдағы уақытта да осындай байланысты тереңдетіп, зауыттар, кәсіпорындар ашу бойынша әріптестік орнатуға қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді ол.
«PENG SHENG» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Цзюхай Ци мақта шаруашылығы бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын айтты. Сонымен бірге металл қалдықтарынан өнім шығару жобасына қолдау сұрады. Ал «Beijing Qinyuanjie Technology Development Co., Ltd» компаниясының бас директоры Сун Иеянг және өзге де компания басшылары құс зауыты, ірі қара мал бордақылау мен өнімін өңдеу жобасы, кафель шығару, күн энергиясы станциясын салу, қант зауытын салу, жүгеріні терең өңдеу және өзге де ірі жобаларды ұсынды. Түркияның «BERTAŞ» компаниясының бас директоры Галип Ресул медициналық технологияларды енгізу бойынша ниетін білдірді.
Кездесуде Түркия, Өзбекстанның инвесторларының мақта кластерін дамыту және өзге де салалар бойынша әріптестік орнату жөніндегі ұсыныстары қабылданды. Сондай-ақ шетелдік инвестордан Түркістан облысына туристер тарту жобасы да айтылды. Жоба бойынша Түркістанға Индонезия, Қытай елдерінен саяхатшылар тарту көзделіп отыр.
Өңір басшысы облыстың инвестициялық әлеуетін көтеру бағытындағы жұмыстар жалғасатынын, жаңа кәсіпорындар ашу басым бағыт болып қала беретінін айтып, кездесулердегі ұсыныстар жан-жақты қаралатынын жеткізді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Comments