Аймақ

ТҮРКІСТАН: САЛЫҚТЫҚ ТҮСІМДЕР МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Нарықтық экономика салыққа тәуелді болғандықтан, салық базасының көзін тауып ұлғайту – басты міндет. Көлеңкелі экономикамен күрес жүргізіп, қазына қаржысын еселеген жөн. Бұл бағыттағы жұмыстар тоқтауға тиіс емес. Осылай деген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды апталық апарат отырысында кәсіпкерлердің заң талаптарын бұзып, табысын жасырып, салықтан жалтару әрекетіне бей-жай қарамау керектігін айтты. Облыс әкімі сондай-ақ жаңа кәсіп ашу бағытындағы жұмыстарға күш салуды тапсырды. Жергілікті бюджеттің салықтық түсімдері бойынша жоспардың толық орындалуын жіті бақылауда ұстауды жүктеді.
Мемлекеттің кірістер органдарының берген мәліметіне сәйкес облыста 1362 салық салу объектілері бар. Олармен жергілікті бюджетке 1 млрд. 439 млн. теңге қамтамасыз етілді. 2022 жылдың 6 айымен салыстырғанда салықтар 821 млн. теңгеге немесе 2 есе артты. Алайда осы нысандарда жұмыс істейтін қызметкерлердің саны өте төмен, кейбіреулері мүлдем жұмысшылар санын көрсетпегені анықталды.
Жалпы 1362 объектілерінің ішінде қызметкерлер санын көрсетпеген 723 (53%) салық төлеуші анықталды, мүліктердің бағалау құны көрсетілмеген, яғни салығы төленбеген 213 (16%) салық төлеуші.
— Бюджеттің негізін құрайтын корпоративтік табыс салығы бар. 2023 жылға аталған салық түрінен 12 млрд. теңге күтілуде немесе 2022 жылмен салыстырғанда 20% артық. Ал аудан, қала әкімдіктердің берген мәліметіне сәйкес 10,7 млрд. тг. күтіліп, өсу қарқыны 13% артпақ. Ағымдағы жылға күтілетін түсім 2022 жылмен салыстырғанда түсімдер 32% артады деп күтілуде. Түркістан облысының барлық аудан мен қалаларының әкімдері аумақтық кірістер органдарымен бірлесіп, жұмыс атқарулары қажет. Бюджет жоспарын орындау, түсімдердің өсу қарқынын қамтамасыз ету бұл баршамызға ортақ іс,-деді өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров.
Айта кететін жайт, жергілікті бюджеттің салықтық түсімдерінің 48% бюджеттік мекемелерінің түсімдері құрайды. Аудандар бойынша бюджеттік мекемелер түсімдерінің едәуір үлесі Келес, Мақтаарал, Жетісай, Сауран, Бәйдібек, Төлеби, Қазығұрт аудандарына тиесілі. Жалақы қорынан ұсталатын салықтарға келетін болсақ, бюджеттік мекемелерді үлесі 2023 жылдың 7 айында 69,5% құрады.
2023-2026 жылдары Түркістан облысында 186 инвестициялық жоба іске асып, нәтижесінде 12 мыңға жуық жұмыс орны ашылып, бюджет 9,4 млрд. теңгеге толығады. Жалпы 2023 жылдың 7 айында салықтық түсімдер бойынша өсу қарқыны 125%, ал тіркеу алымы мен мемлекеттік баж сияқты бір реттік түсімдерді есепке алмағанда түсімдердің өсуі 23% немесе 7,4 млрд.теңгеге артық. Төлем көздері бойынша өсу қарқыны жеке кәсіпкерлердің жеке табыс салығы мен бюджеттік емес мекемелердің жалақы қорынан ұсталатын салықтарға тиесілі.
Салық жүйесі – мемлекеттің қаржылық қуатының басты тірегі һәм негізгі кіріс көзі. Сол арқылы мемлекет өзінің көптеген қоғамдық-әлеуметтік, саяси-экономикалық мәселелерін шешіп, азаматтарына жағдай жасап, тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Сондықтан азаматтарынан салық алмайтын мемлекет жоқ. Оның ішінде әр аймақ, әр аудан салық базасын ұлғайту шараларын үздіксіз ұйымдастыруға күш салатыны анық.

«ДАМУ» ҚОРЫ КЕПІЛДІГІН АЛУ МҮМКІНДІГІ!

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *