Бүгінде «Адал кәсіп істеймін» деген кез келген адамға мүмкіндік мол. «Жаңадан кәсіп ашамын» немесе «Кәсібімді кеңейтемін» дегендер үшін түрлі мемлекеттік қолдаулар көрсетіліп, арнайы бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр.
Мемлекетке алақан жаймай-ақ қолдағы барымен кәсібін бастап, тың идеяларын жүзеге асырып, теңгені тиыннан құрап шағын кәсіптің өзінен толағай табыстарға жетуге болатынын дәлелдеп жүргендер аз емес. Солардың бірі – Жетісай ауданына қарасты Қазыбек Би ауылдық округі, Қазыбек би ауылының тұрғындары, ағайынды Жамшид, Рашид Нартаевтар.
Осыдан 15 жыл бұрын көршілес Өзбекстаннан Қазақстанға қоныс аударған азаматтар кәсіптерін үйіргелік 3 соттық жер теліміне жылыжай салып бастаған. Гүл өсіру мен гүл сату ісін өркендетіп, табыстарын арттырып отырған жігіттер бүгінде жылыжай аумағын 15 сотыққа жеткізген.
Қарапайым ауыл тұрғындарының жылыжайында құмыраға отырғызылған гүлдің 20-дан астам түрі өсіріледі. Қарасаң көздің жауын алатын гүлдер негізінен Жетісай, Мақтаарал аудандарымен қатар Шымкент қаласының базарларында саудаланады. Бағасы да аса қымбат емес. Қалтаға қонымды.
«Жылыжайымыз көмірмен жылытылады. Гүл деген нәзік келгендіктен жылыжай ішіндегі ауа температурасына аса мән береміз. Біздегі гүлдердің ерекшелігі сол – бәрі құмыраға отырғызылады. Яғни, бізде өсірілетін гүлдерді үй ішінде күтіп, баптауға болады. Сұраныс та жаман емес. Жыл он екі айда үш-төрт реттен өнім аламыз», дейді Рашид Нартаев.
Қазірдің өзінде 10-ға тарта жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып, бір жылда 10 млн теңгеге дейін таза табыс тауып отырған ағайынды Нартаевтар түрлі салаттар әзірлеуді де қолға алған. Қырыққабат, қияр, қызанақ егу мен тұздау ісін де дұрыс жолға қойған. Бір қарағанда жылыжай ашып, гүл өсіруді аса қиын да іс емес дейтіндердің көзқарасымен жетісайлық гүл өсірушілер келіспейді.
«Алғашқы жылдары гүл өсіру ісіне күле қарап, мол табыс әкелетініне сенімсіздік білдіргендер аз болған жоқ. Алайда, мен жылдан жылға тәжірибе жинақтап, күтіп-баптау ісіне аса мән бердім. Ізденіс жоқ жерде ісің өрге баспайды. Сондықтан, күнделікті ізденіс мені осындай жетістікке жетеледі. Бүгінде, Аллаға шүкір, өзімнің сүйікті кәсібім бар. Айлық табысымыз бір әулетті асырауға жетеді» дейді жетісайлық гүл өсірушілер.
Табыстың көзін тауып, ерекше кәсіпті меңгерген ағайынды жігіттер үйіргелік жылыжайын үшке бөліп қойған. Біріншісінде тұқымнан көшет өсірсе, екіншісінде жер сіңдіреді. Үшінші бөлігінде дайын гүлдер ыдысқа жайғастырылып, сауда нүктелеріне жөнелтіліп отырады.
Comments