Біз бай болғымыз келеді. Күн сайын дәулетті болудың жолдарын іздеп, түрлі ақпарат көздерін ақтарып, табысты арттырудың сырларын кітаптардан қарап, бизнес-мотиваторлардың тренингтеріне құлағымыз түрік жүретіні шындық. Алайда өз қаражатымызды басқаруға келгенде түрлі сәтсіздіктерге ұшырап, ісіміз кері кетіп жатады. Мұның барлығы қаржылық сауаттылықтың жоқтығынан немесе байлық іргетасының дұрыс қаланбауынан. Есепсіздің есесі кетеді деген сөз осы орайда айтылса керек.
Бүгінде несиеге тәуелділік есірткіге тәуелділік сияқты өршіп барады. Әрбір 10 адамның 8-нің басында несие бар. Қарызға бату оңай. «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған Ұлттық банк деректеріне сәйкес, қазақстандықтар екінші деңгейлі банктерге 6 триллион теңге қарыз екен. Сонда жан басына шаққанда әр қазақстандықтың орта есеппен 900 мың теңгеден аса борышы бар. Бұл ойланатын жағдай.
Осы орайда қарыз алмай, несиеге батпай, қаржылық сауаттылығымызды арттырып, өз қаражатымызды тиімді басқарудың жолдары бар ма деген сауалдарға жауап іздеп көрген едік. Оның жауабын «Bai-Quat» инвестициялық компаниясының бас қаржы кеңесшісі – Сайлау Абайділдановтан сұрап білдік. Қаржылық сауаттылықты қазақи ұғымдармен түсіндіріп, өз табысыңызды басқаруды қарапайым тетігін ұғындырып жүрген Сайлау Абайділданов былай дейді:
«Байлар жаман» деген санадағы сарқыншақтан арылуымыз керек
Бүгінгі күні жеке қаржыны дұрыс басқармаудың салдарынан біздің мемлекетімізде қаржылық тапшылық көріп жүрген адамдар өте көп. Осындай бай, қуатты мемлекетте кедей адамдар неге басым деген сауал туындайды. Біздің еліміз қазба байлықтары жағынан өте бай мемлекет. Үлкен мемлекетте аз ғана халық тұрамыз. Біздің жағдайымыз анағұрлым жақсы болу керек. Жеке қаржының айналасында жүрген соңғы 10 жылда осы туралы көп ойландым. Қазақта «өзің білмегенді кісіден сұра» деген жақсы мақал бар. Сол себепті осы мәселе бойынша білетін мамандарға да сұрақтар қойдым. Бұл жерде бірнеше маңызды мәселе бар. Бірінші, ең үлкен маңызды мәселе біз Кеңестер Одағының өніміміз. Бірақ жастар бұл санатқа жатпайды. Біздің әке-шешелеріміз, ата-әжелеріміз 70 жыл бойы Кеңестер Одағының құрамында болды. Сол себепті кеңестік идеология санамызға сіңіп қалған. Кеңестер одағының ең бірінші бағыты бай адамды жаман етіп көрсету болды. Бұл мәселе бізде әлі күнге дейін қалды. Соңғы 30 жылдан бері осыдан арыла алмай келе жатырмыз. Біз Тәуелсіздік жариялағаннан кейін капиталистік дәуірге өттік. Заңдарды ауыстырдық. Үйлеріміз, көшелеріміз басқаша бола бастады. Шетелге адамдар шыға бастады. Бәрі ауысты, бірақ біздің халқымыздың санасы ауыса қоймады. Бірақ, 30 жылдың ішінде капиталистік заманды дұрыс түсінетін, алға қарай ілгерлеп, жаңашылдықты жақсы көретін бүгінгі күннің адамдары арамызда пайда болды. Олар біздің қоғамымыздың жасаушы күші – бизнесмендер. Бұрынғы Қазақстан мен қазіргі Қазақстанды салыстыра алмаймыз. Біз бүгін қанша жағдайымыз нашар десек те алға қарыштап дамыған мемлекетпіз. Бізде үлкен буын тәуелсіз Қазақстанда туған адамдар өсті. Осының барлығын саралап қараған уақытта ескі сарқыншақтан қалған «байлар жаман» дегенді қоюымыз керек. Қазір азаматтардың жеке қаржы кеңесшісі деген заман талабына сай жаңа мамандық иесі пайда болды. Біз сол жаңадан пайда болған мамандықтың иегерлеріміз. Бізге заң тұрғысынан заңгер, денсаулығымызға байланысты дәрігер қалай керек болса, жеке қаражатты басқару үшін қаржы кеңесшісі керек. Қаржы кеңесшісі сізге ең басты мәселелерді түсіндіріп, қаржы ілімінің ара-жігін ажыратып, негізгі іргетасын айтып береді.
Бай болу үшін – бай болуға әдеттеніңіз
«Қаржы бұлақтары» деген мағына — ол жеке қаржының іргетасы. Қазір адамдардың көбісі байлық ақша деген уақытта көздері алдымен құралдарға түседі. Ешқандай ақшасы жоқ, қаржылық білімі жоқ адамдар «мен Биткоинмен (Bitcoin)» айналысамын деп айтады. Менің 30 жылдық қаржылық тәжірибем бар, алайда мен Биткойнмен айналыспаймын. Себебі мен оның маманы емеспін. Ол бар болғаны қаржылық құрал. Қаржылық құрал сізді ешқашан бай қылмайды. Сізді бай қылатын сіздің түйсігіңіз. Бай болу үшін — бай болуға әдеттену керек.
Дәулетті болудың екі қағидасы бар: Бірінші қағида – үнемі ақшаңызды жинап үйреніңіз. Екінші қағида — сол жиналған ақшаңызды инвестиция жасап үйреніңіз. Осы екі қағиданы бұлжытпай орындайтын болсаңыз сіз міндетті түрде бай боласыз. Мен айтқан мәселенің ең түпкі тамыры мынада: ең алдымен сіздің түйсігіңіз белгілі бір бағдарламаны орындайды. Сіздің үйде, мектепте алған тәрбиеңіз кейін сіздің қаржылық бағдарламаңызды жазады. Қаржылық бағдарлама жазылған соң міндетті түрде орындалады. Сол үшін ең алдымен түйсігіңіздегі бағдарламаны өзгертуіңіз керек. Ол неге жүзеге аспайды? Себебі, сіз осы туралы білетін маманнан кеңес алған жоқсыз немесе жақсы бағдарламаны қабылдап, ол туралы оқыған емессіз. Бірінші қағида бойынша сіз ақша жинап үйренуіңіз керек. Ақшаны жинаған дұрыс. Ол дағдыға айналады. Мысалы, сіз жүгіре аласыз. Сіз туа салып жүгіріп кеткен жоқсыз. Жүгіруге дағдыландыңыз, белгілі бір жаттығулар жасадыңыз. Жүгіру дағдысы сіздің ішкі жан дүниеңізде бар. Ақша жинауда жүгіру сияқты дағдыңызға айналу керек. Адам дағдыланса оны автоматты түрде жасайды. Сіз оймен емес, дағдыңызбен ғана бай бола аласыз. Бірінші, дағдыланып ақша жинадыңыз, сол жиналған ақшаны апарып қымбат көйлек алмайсыз, ұлан асар той жасап шашпайсыз. Сіз оны инвестиция жасайсыз. Оған да дағдыланасыз. Инвестиция дегеніміз мен айтқан cash flow, яғни «қаржы бұлақтары». Сіздің жеке қаржыңызда алғашқы қаржы бұлағы пайда болды. Менің клиенттерімнің ішінде 30-50 қаржы бұлағы қалыптасқан адамдар бар. Ай сайын олардың жеке өміріне ақша өзен болып ағып тұр. Шөл далада жүрген миллиондаған қазақтарға айтарым осы. Ең басты мәселе қаржы бұлағының көзін ашу керек. Ол көп болған сайын сіздің қаржылық өзеніңіздің толымдылығы молаяды.
Жеке қаржыны басқаруға жол сілтейміз
Біз қаржы кеңесшілері адамдарды бай қыла алмаймыз. Біз де жаттықтырушы сияқтымыз. Жүгірген баланың барлығы чемпион болмайды. Бірақ жүгірген баланың 90%-ның денсаулығы жақсы, өмірге, қоғамға пайдалы адам болуы мүмкін. Біз де сол сияқтымыз. Біз қалай дұрыс жүгіру керек екенін, демді қалай ұстау керек екенін жақсы білеміз. Жеке қаржының алғашқы баспалдақтарына жол сілтейміз. Ары қарай қалай жүргізеді, оны өзі шешеді. Әрбір адамға ой салуымыз керек. Ой жүзеге асу үшін қадам жасаймыз. Бірінші қадам – оқу, білу, іздену керек. Ізденіп, пайдаға асатын дүние тапса оны міндетті түрде істеу керек. Іске көшкен соң ол адам нәтиже шығарады. Өміріңізде нәтижеге қол жеткізсеңіз, сіз оған сенімді боласыз. Сенім сізді мол тәжірибеге алып келеді. Осы айтқандардың барлығын жасайтын болса міндетті түрде байлыққа, қаржылық сауаттылыққа қол жеткізесіз. Қазір әйелдер де, ерлер де көлік жүргізеді. Көлік айдай алмайтын адам жоқ. Бәрі айдайды. Неге сол сияқты бәрі бай бола алмайды? Себебі көлік айдап келе жатқан адам ойланып отырмайды ғой. Оның барлығын автоматты түрде ой-санаға өткізеді. 1-2 ай көлік айдаған адам барлық іс-қимылдарын өзінің түйсігіне орнатады. Неге бізге бай болу үшін осы жүйені қолданбасқа? Мен барлығы «супер миллионер» болып кетеді деп айтпаймын. Бірақ қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізетініміз анық.
Салт-дәстүріміздің барлығы байлыққа бастайды
Бізге қазір жеке қаржылық сауаттылық туралы жүйелі білім керек. Білім қуып оны Қазақстанда да, Ресейде де ала алмадық. Ол үшін шетелге бару керек болды. Жеке қаржының да салалары өте көп. Сала бойынша оқуларды оқыдық. Негізі білімге ақша аямау керек. Ол ең алдымен сіздің болашаққа инвестицияңыз. Менің алған біліміммен қоғамға кішкене болса да көмегім тисе, мен өзімді бақытты есептеймін. Сол алған біліміңді қарапайым азаматтарға қаржылық терминдермен түсіндіру дұрыс емес. Өйткені жұрттың барлығы қаржыгер емес. Сіздің бір айтқан сөзіңізді түсінбей қалуы мүмкін. Оны қарапайым етіп, халыққа жақын тілге аударып жеткізуіміз керек. Ақселеу Сейдімбеков деген жазушыны әр адам оқыса деп ойлаймын. Сол кісінің жазып кеткендері қазақи рух пен қазақи көзқарасқа жақындатады. Шетелде алып келген білімімді еліме берейін десем, біздің қазақ елінің мыңдаған жыл тарихындағы біздің салт-дәстүрлеріміз, ауыздан-ауызға атадан-балаға мұра болып келе жатқан үлкен байлығымыз, мұрамыз өте көп екен. Ол мұраның ішінен барлығын табуға болады. Мен шетелдік мамандармен көп тілдестім. Мысалы, олар тапқан табысыңыздың 10%-ын жинауды «Жинақтау қағидасы» деп айтайды, ал егер 20%-ын салсаңыз «Жинақтаудың алтын қағидасы» дейді. Мен айтам, бізде қазақтың салт-дәстүрінде 10%, 20% деген жоқ. Біздің салт-дәстүрімізде 50% деген бар. Біз мал шаруашылығымен айналысқанбыз. Мысалы, 1000 бас қойдан — 500 еркек, 500 ұрғашы болады. Соның 50%-на біздің ата-бабамыз киінген, жуынған, өзінің керек-жарағына күнделікті жұмсаған. Оның қалған 50% инвестиция жасаған. Ұрғашы тұсақтарды ары қарай капиталға қосқан. Төрт-түлік малдың барлығын осындай принциппен басқарған. Олар сіздер онда миллиардер болғансыздар ғой деп таң қалады. Біз сіздердің қалайша бай мемлекеттің басында отырғандарыңызды түсіндік дейді.
Қазақи көзқарас деген жеке қаржыда үлкен рөл атқарады. Шетелдік бизнес тренерлер міндетті түрде сіздің қолыңыз ашық болу керек дейді. Қазір әлемдегі үлкен байлардың барлығы қайырымдылық қорларына ақша береді. Біздің қазақи көзқараста ол бұрыннан бар. Мысалы көрімдік, байғазы, тиын тағу дейді. Өзгелерге беріңіз, қолыңыз ашық болсын, себебі сіз сол сәтте өзіңізге де өзгеге де жақсы көңіл-күй сыйлайсыз деп үндейді. Бізде ол әдет-ғұрпымызда бар. Ешқандай қиындық тудырмады. Мысалы, көрімдік бере саламыз. Олар таң қалады: «Сіздер, ақшалай бересіздер ме?» — дейді. Онда тұрған ештеңе жоқ. Біз үшін ол қалыпты жағдай, олар осыны түсіну үшін оқу керек. Біздің салт-дәстүріміз өте үлкен философия жатыр. Шетелдік бір азамат өте тұшымды ой айтты. Ол: «Біздің философиямыз қағазға жазылған, бірақ біз білмейміз. Қағазға жазылды осы дұрыс деп ойлаймыз. Сіздердің философияларыңыз қағазға жазылмаған. Яғни іс пен тәжірибе арқылы мыңдаған жылдар бойы уақыт сынынан өткен», — деді. Осы орайда мынадай заңды сұрақ туындайды. Осының барлығы өзімізде бар екен, неге қазір бай емеспіз? Бізде қазір қазақтар еуропаға еліктейді, орыс болғысы келеді. Неге өйткені әрбіріміздің үйімізде төртбұрышты қара жәшік бар. Қара жәшік күнде адамдардың миын улайды. Халықтың бәрі теледидардан не айтады, соны тыңдайды. Олар күндіз-түні өзгелердің мәдениетін насихаттап жатыр. Бір естисің тыңдамайсың, екі естисің тыңдамайсың. Бірақ қайталауды ешкім шектеген жоқ. Біздің халық миын дұрыс емес ақпараттармен толтырып жатыр. Қазір дұрыс жол сілтеп жүрген қазақ тілдегі коуч-тренингтер бар. Көбіне қазақи көзқарастарды қабылдаған жөн.
Біз ұлы халықпыз
Мен семинарларда халықпен кездесу барысында қаржылық білім беріп, халықпен жақын араласамын. Сонда оларға «неге ақшаларыңыз жоқ?» десем, «біз қазақпыз ғой» дейді. Сондай сөз бар кең тараған. Мен «біз қазақпыз ғой» деген сөздің негізгі мағынасын түсінесіздер ме дедім. Енді қазақпыз ғой бәріміз дейді. Түсінемін, бірақ соны тереңірек ұғасыздар ма десем, үндемейді. «Біз қазақпыз ғой» деген сөз «біз ұлымыз ғой» деген сөз. Қазіргі жағдайда ол сөзді сіздер басқаша айтып тұрған сияқтысыздар десем, бәрі күледі. Иә, біз ұлымыз. Оған ешкімнің шүбәсі жоқ. Бірде бір шетелдік азамат біздің мықты екенімізге шүбә келтірмейді. Бірақ біз өзіміз шүбә келтіреміз. Себебі, Ресейдің отаршылдық идеологиясы бар. Содан кейін жиі айтылатын «жалқаумыз ғой» деген сөз қазақтарға келмейді. Сіз жалқау болатын болсаңыз біздің мұндай мемлекетіміз болмайды. Біздің ғасырлар бойы қалыптасқан өз философиямыз бар. Біздің өзіміздің тұрмыс-салтымыз бар.
Ел экономикасына қаржылық сауаттылық керек
Біздің қоғамымызда бүгінгі күнде дәрігерлер бар, балаларға білім беретін мұғалімдер бар, тәртіпті реттейтін заңгерлер бар. Бірақ біздің өмірімізде, біздің жеке қаржымызды басқаруға кеңес беретін адамдар жоқ. Жеке қаржы деген тек қана байлық, тек қана дәулет емес. Сіз Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзіңіздің қаржыларыңызды көбейте аласыз, басқара аласыз. Сондықтан біздің «Bai-Quat» инвестициялық компаниясы қаржылық институттармен таныстырады. Қаржылық институттар деген не? Көптеген қаржылық институттар бар, бірақ халық оның не үшін керек екенін де білмейді. Банк деген не оның негізгі фукциялары қандай, сақтандыру компаниялары, оның жеке басыңызға қандай пайдасы бар деген сауалдарға жауап беріп, институттардың қайсысын қай уақытта пайдалану керек екенін үйретеміз. Құнды қағаздармен айналысатын брокерлік компаниялар бар. Біздің мемлекеттің ішіндегі қаржылық институттардың жеке басыңызға пайдасын түсіндіреміз. Қаржылық институт болған соң, қаржылық құрал бар. Ол институттар құралдар арқылы жұмыс жасайды. Олар банк, банктің депозиті, банктің несиесі, жеке басыңды сақтандыру полисі. Халықтың қаржылық сауатсыздығының арқасында ғаламторда керексіз ақпараттар көп. Сол жерде кезіп жүрген белгісіз ұйымдарға барып ақша салады. Неге? Себебі қаржылық сауаттылықтың болмауынан. Біздің басты міндетіміз қаржылық сауаттылықты халыққа жеткізу. Екіншіден, қоғамның ақшаға деген ойын өзгерту. Үшіншіден осы арқылы біздің мемлекетіміздің баюына өзіміздің септігімізді тигізу.
Біз шетелді байытып отырмыз
Қазір біз тапқан табысымыздың тең жартысын шетелге таратып отырмыз. Біздің қазіргі экономикамызда киім шығармаймыз, миллиардтаған ақшаны киімге береміз. Мысалы, киімін киіп отырған елдерге жалақымыздың 30%-ы кетеді. Тағы 30% керек емес Қытайдан кіретін ұсақ-түйек тауарларларға жұмсалады. Сосын 30% Ресейге жіберміз. Техника аламыз, трактор, машина аламыз. Бұл 30%-ды мен шамалап, мысал ретінде айтып отырмын. Сондықтан біздің мемлекетке түскен қаржының 90 пайызын шетелге жібереміз. Менің жеке ақшам шетел экономикасын байытып отыр. Бірақ шаштаразға барсам өзімізге беремін, нан сатып алсам, қымыз ішсем мемлекетте қалады. Ол бар-жоғы 10%. Біздің тапқан табысымыздың 10%-ы ғана инвестиция болып өзімізге қайтып келіп жатыр. Осы көзқарасымызды өзгертетін болсақ, біздің экономикамыз басқаша өзгереді.
Компаниялардың акцияларын сатып алуға ешкімге кедергі бола алмайды
Қоғамда үлкен бір мәселе бар. Ол — қор нарығы. Қор нарығы десең, адамдардың барлығы ол не дейді? Бұл қаржылық білімнің жоқтығынан. Көбісі қарапайым инвестиция туралы ақыл сұрайды. Менің ақылым жоғарыда айтқан екі қағида. Біріншісі — әрдайым жүйелі түрде ақша жинау, екіншіден — жиналған ақшаңызды жүйелі түрде инвестицияға салыңыз. Ақша болғаннан кейін адамдар инвестиция жасайды. Біз бәріміз өзімізді патриотпыз дейміз. Жерімізді ешкімге бермейміз деп аттандаймыз. Мен келісемін, жерді бермеу керек. Халықты қолдаймын. Бірақ сол жерімізде мыңдаған мекемелер тұр. Ал ол мекемелердің қазір акциялары бар. Акциялары жоғары бағаланып тұрған жоқ. Өйткені сұраныс жоқ. Сондықтан да мен айтамын әр халық, әр азамат патриотпын десе 100 мың теңгеге біздің мекемелердің акциясын алсыншы. Ол қалай болады? Біздің ештеңеміз кетпейді. Шетел экономикасы миллиардтап ақша алмай қалады. Мысалы, 100 мың теңгеге өзіміздің патриоттық есебімізден «Газпромның», тағы да басқа компаниялардың акциясын сатып алдық. Енді өзіңіз ойлаңыз, біздің мемлекеттегі мықты мекемелердің егесі кім? Өте оңай нәрсе. Акциялардың барлығын өзіміз алсақ, барлығы өзімізде қалады. Иесі біз. Ертең олар пайда әкелетін болса, пайдасын халықпен бөліседі. Заң бойынша өз мемлекетіңізде компаниялардың акцияларын сатып алуға ешкім кедергі бола алмайды. Заңмен шектеу қойып отырған жоқ. Ең жоқ деген 100 мың теңгеге алсын, алдыңыз миллионға сатып алыңыз. Ертеңгі күні жағдай өзгереді. Барлығы халықтың қолында қалады. Ауызбен айтып ұрандамай, іспен көрсеткен дұрыс. Бүгінгі күнде біздің Қазақстандағы жақсы компаниялардың акциялары әлі жоғары бағада емес. Бүгінгі күні қор нарығындағы акциялар бағаланбаған активтер. Сондықтан бүгінгі күні қор нарығында адамдар мүмкіндігінше өз мемлекетіміздің акцияларын сатып алған дұрыс. Сонымен қатар, адамдар инвестицияны даладан күтеді. Ол міндетті түрде Қытай болу керек. Біздің халықтың өзінде де ақша бар. Көп түкірсе көл болады демей ме? Мысалы 100 мың теңгеден бәленбай адам жинаса, оған басқа инвестордың қажеті қанша? Ал ол экономикалық тетіктер ҚР-ның заңнамаларында жазылған. Біздің кәсіпкерлер ақша сұрап шетелдерде жүр.
Балаларды қаржылық сауаттылыққа мектепке бармай тұрып үйреткен жөн
Баланы ең алдымен еңбекке баулыңыз. Қазір балалардың барлығы қызығатын копилка деген дүние бар. Ол копилканың міндеті — бірінші қағида бойынша үнемі ақша жинау. Әкесі келген соң баласына тиын береді. Ол копилкаға салды. Бірақ копилкадан шыққаннан кейін оған велосипед алып беруі мүмкін. Осы жерде балаға айту керек, көрсету керек. Мынау сенің алғашқы капиталың, мынау сенің болашақтағы ақшаң, оған біз саған депозит ашып қояйық деп бағыттасын. Немесе қазір алтын бар емес пе? «Балам саған 5 грамм алтын алып берем. Бұл сенің өзіңнің жинаған ақшаң, біз сені алтынға инвестиция жасауды үйретейік», — десін. Ол ақшасын жинап бірінші қадамын жасап тұр. Сосын әкесі баласының оқуына, тойына ақша жинайды. Мұны алғашқы қаржылық жоспарлау деп атаймыз. Бала тәрбиесіне келгенде мен әкемнің айтқанын істеген жоқпын, мен әкемнің істегенін істедім. Балаңызды бай болуға тәрбилеймін десеңіз, бүгіннен бастап өзіңіздің жеке қаржыңызды басқарыңыз, ақша жинаңыз. Ақшаны инвестиция жасаңыз. Балаңыз өскен соң оған үйретудің қажеті жоқ, ол өзі де соны істейді. Біздің ата-бабамыз мың жылдай балқып-шалқып өмір сүрді. Неге? Себебі оларда жазылмаған кодекс болды. Бала ақыл тыңдамайды, әкесі мен шешесінен көргенін жасайды.
Айырбасты еуропаның адамдары бізге үйреткісі келеді
Қазақ баласына енші береді. Еуропалық ғалымдар: «Адамдар арасында айырбас болу керек. тегін ештеңе алуға болмайды. Айырбас бұзылады» дейді. Бұл сіздерге жаңалық па дедім. «Ия бұл Еуропада өте өзекті», — дейді. Менің ата-бабам осы жолды ұстап келе жатқанына мың жыл болды дедім. Біз тіпті келін алсақ, қалыңмал береміз деп едім, бәрі шалқасынан түсті. Сендер адамдарды сатып аласыңдар ма дейді. Енді, сіз ойлаңыз, қазір неге ене мен келін ортасында араздасу көп. Ене ол жақсы адам. Бірақ сізді тегін алды, яғни ұрлап алды. Сізге қалың мал төлеген жоқ. Оған мынадай қарапайым мысал келтіруге болады. Мысалы сол енесі барды да бір тонды көшеде тұрған жерінен тегін алып келді. Оған аса мән бермей, үйге іліп қоя салды делік. Ол тонды тегін алып келгеннен кейін қадір-қасиеті бола ма? Ал енді сол тоңды екі мың долларға сатып алсын. Сатып алғаннан кейін күйеуіне қарамайды, тонын әукестеп, шифонердің ішіне дәрісін сеуіп іліп қояды. Неге? Өйткені эмоция көп, тонды сатып алу үшін ақша жұмсады. Осы мысалдағыдай неге сіз қалың мал бермейсіз? Мыңдаған жылдар бойы қазақтар оны бекер жасамаған. Сіз қалың малға миллион теңге бердіңіз дейік, ененің көз алдына миллион теңге елестейді. Келіннің де қадір-қасиеті болады. Одан бөлек, қазақ қайда барса да құр қол бармаған. Мысалы, бір үйге қонақ болып бара қалсақ, конфет апарып береміз. Мұның барлығы біздің қанымызда бар дүние. Айырбасты еуропаның адамдары бізге үйреткісі келеді.
Бізге ешқандай несие алудың қажеті жоқ
Қазір біздің қоғамға несие бірде-бір пайда келтірмейді. Мен жеке қаржыгер ретінде халыққа айтарым, несие алмаңыздар. Кредит — сізді қу тақыр кедейлікке алып баратын тура жол. Несиені тек бизнесмендер бизнесін жүргізіп, дамыту үшін ғана алуы керек. Несие — негізі бизнесмендерге арналған құрал. Олардың айналым капиталын кеңейту үшін, толықтыру үшін несие алу дұрыс. Оған мен келісемін. Ал сізге теледидар, көйлек алу үшін несиенің қажеті жоқ. Қарап отырсаң, ол -маркетинг. Қарапайым ғана айтатын болсақ, тауарды сатудың жолы. Олар сіздің активтеріңізді мүмкіндігінше пассивке айналдырып отыр. Той жасау үшін несие аламыз деп мәз боламыз. Біз несие алғанда қуанбауымыз керек, қайта сіз сондай жағдайға жеткеніңізге жылаңыз. Сіз балаңздың қуанышында өз басыңызға үлкен мәселе жасап тұрсыз. Не болса да қаржылық жоспар жасау керек. Қарыз алу деген нәрсе қазіргі уақыттың ғана қуанышы. Сол бір мезеттік қуаныш, жылдар бойы өкінішке алып келеді.
Маржан Сәбет
Comments