Кәсіпкер Нағима Ермазанова өзі ашқан оқыту орталығында 10 адамды тігін ісіне үйретуде. Оқу курсы аяқталғаннан кейін тігін ісіне машықтанған тігіншілерді «Альислам» ЖК тігін цехына жұмысқа орналастыруды жоспарлауда. Бүгінгі күні ол ментрлік бағдарламасына қатысып, Алакөл ауданынан менти ретінде іріктелді.
Нағима Ермазанова оқыту орталығын Кәсіпкерлікті дамытудың 2021 – 2023 жылдарға арналған Ұлттық жобасы аясында ашқан болатын. Өзінің жеке тігін цехы бар. Кадр тапшылығы мәселесіне тап болған кәсіпкер, Жетісу облысының Кәсіпкерлер палатасына жүгінуді жөн санады. Палата жанынан құрылған Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы тарапынан Нағима Ермазановаға бизнесін кеңейту мен кадр тапшылығы мәселесін шешу бағытында тиісті қолдау көрсетілді.
«Тігін ісі – менің бала күнгі қызығушылығым еді, бүгінде бұл қызығушылығым бизнесім мен табыс көзіне айналды. Өзіңнің жеке кәсібіңді ашу – дұрыс бағытын таңдай білген және жұмысты алдын ала құрылған жоспар бойынша жүргізген адам үшін айтарлықтай пайда әкелетін, қайтарымы едәуір жоғары іс. Осы күнде тігін цехында дайындалған өнімдерге тапсырыс өңірімізден өзге, көрші облыстардан да түсуде», — деді Нағима Ермазанова.
Әйелдердің іскерлік белсенділігін арттыру және оны қолдау мақсатында нәзік жанды кәсіпкерлерге Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы тарапынан қаржылай емес қолдау шаралары көрсетілуде.
«Жеке кәсібін ашып, бизнесін жүргізгісі келетін әйелдер Орталыққа жүгініп, өзіне қажетті курстардан өтіп, нарықта сұранысқа ие мамандықты игеруіне болады. Және осының барлығы тегін түрде көрсетіледі», — деп түйіндейді әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының менторы Светлана Оңғарбаева.
Comments