М. Әуезов атындағы ОҚУ «Автоматтандыру, телекоммуникация және басқару» кафедрасы Алымов Н. ф.-м.ғ.к., Абдрахманов Д.Ә. магистр – оқытушы, Ахметова К.Т. аға оқытушы, Джаналиев Б.М. аға оқытушы, магистр, Мырзакельдиев А.А. магистр – оқытушы
Ахмет Байтұрсынұлы — қазақ халқының 20 ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірегейі, мемлекет қайраткері. Ұлтымыздың маңдайына біткен ұлы екі тұлғаның бірі, Абайдан кейін Ахмет. Езгіде болған қазақ халқының көгінде темір қазықтай болып туылған, аса зерек, нағыз ұлтшыл. Бұратана ретінде кемсіткен, ақ патша мен олардың итаршыларына қарсы шығып, күрескен ақиық ірі де бірегей тұлға.
Жеке тұлғаның қоғамның дамуы мен тарихи үрдістерінде ерекше орын алатыны анық. Әрбір дәуірдің мәні мен ерекшелігі жеке тұлғалар арқылы анықталады. Біріншіден, Отандық тарихта өзіндік орны бар қоғам, мемлекет қайраткерлерінің бірі — ХХ ғасыр басындағы А. Байтұрсыновтың өз халқын ұйқыдан оятып, бостандық, теңдік және туысқандық жолына салу үшін жүргізген жанпида күресі келер ұрпақты патриоттық тәрбие беруде үлгі болмақ. Екіншіден, бүгінгі күнде Ахметтің азабы мол еңбегі азаматтықтың биік үлгісі ретінде қазақ елінің тарихын қайта жаңғырту үстінде. Үшіншіден, ұлы қайраткер күрескердің еңбегін мүдірместен демократиялық дәстүрлерге берік бүгінгі қазақ, Қазақстан Республикасы зиялылары қайталайтындығына біздің ешбір күмәніміз жоқ.
Ахмет Байтұрсынұлының саяси қызмет жолына түсуі 1905 жылға тұс келеді. 1905 жылы жазылған Қарқаралы петициясы (арыз-тілегі) авторларының бірі Байтұрсынұлы болды. Қарқаралы петициясында жергілікті басқару, халыққа білім беру істеріне қазақ елінің мүддесіне сәйкес өзгерістер енгізу, ар-ождан бостандығы, дін ұстану еркіндігі, цензурасыз газет шығару және баспахана ашуға рұқсат беру, күні өткен Дала ережесін қазақ елінің мүддесіне сай заңмен ауыстыру мәселелері көтерілді. Онда қазақ даласына орыс шаруаларын қоныс аударуды үзілді-кесілді тоқтату талап етілген болатын. Сол кезеңнен бастап жандармдық бақылауға алынған Байтұрсынұлы 1909 жылы 1 шілдеде губернатор Троцкийдің бұйрығымен тұтқындалып, Семей түрмесіне жабылды. Одан соң көп өтпей Ресей ІІМ-нің Ерекше Кеңесі 1910 жылы 19 ақпанда Ахаңды қазақ облыстарынан тыс жерге жер аудару жөнінде шешім қабылдады. Осы шешімге сәйкес Байтұрсынұлы Орынборға 1910 жылы 9 наурызда келіп, 1917 жылдың соңына дейін сонда тұрды. Байтұрсынұлы өмірінің Орынбор кезеңі оның қоғамдық-саяси қызметінің аса құнарлы шағы болды. Ол осы қалада 1913–1918 жылы өзінің ең жақын сенімді достары Ә.Бөкейханов, М.Дулатовпен бірігіп, сондай-ақ қалың қазақ зиялыларының қолдауына сүйеніп, тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарып тұрды. Газет қазақ халқын өнер, білімді игеруге шақырды. Ахмет Байтұрсынұлының Орынбордағы өмірі мен қызметі Ресей үкіметінің қатаң жандармдық бақылауында болды. Ақын бір өлеңінде Николай патшаның режімін былай суреттейді:
Боламын неғып ырза туысыма?
Туыппын таршылықтың уысында.
Шамам жоқ жан-жағыма қол созарлық,
Тар өмірдің қысылғандай қуысына.
Айта алмай шын сөзіңді қорғалайсың,
Туғаның бүйтіп қор боп құрысын да.
Бар пайдаң өз басыңнан арталмаса,
Мал құрлы мағына жоқ тұрысында.
Ел-жұртына қызмет сіңіргісі келген көзі ашық азаматтардың дәрменсіз мүшкіл халін сезбеу мүмкін емес. Бүл — сол дәуірдің өзекті шындығы.
Ақын Ахметтің айтуынша халық жағдайы былай көрінеді:
Малың алдау, талауда түр,
Жаның арбау, қамауда түр,
Аяғыңды тұсау қысты
Жақтарың құрсау қысты
Көрмесінде пердең мықты.
Осындай сыншылдығы үшін ақын патша өкіметінің қыспағын да көрді, қуғынға да ұшырады. Патша үкіметіне қатысты жазылған өлеңдері үшін түрмеде отырған ақын былай жырлайды.
Пәле деген төбеті балтырымнан қауып тұр.
Жау білегін сыбанып,
Пышағын қайрап жанып тұр.
Бірақ, жабылған жала, қуғын-сүргін ақын үнін баса алмады. Шындықтың ащы айқайы үнемі Ахаң тілінен естілді де тұрды:
Байқасақ, жезде,
Бауыздар кезде
Үн шығу бар емес пе?
Үндемей өлсек,
Сүйекпен көмсек,
Кейінгілер демес пе?
«Лақ құрлы бақырмай,
Өлген екен япырмай».
Бұл жалаң қарсылық, жайдақ егес емес-тін. Сонымен бірге халықтың ішін жайлаған бойкүйез еріншектік, парықсыздық, басқа да түрлі жаман әдеттерден ақын өзі де жиренді, басқаларды да жирендірді. Бейқам, бейжай жұрт санасын қозғауға барын салды.
Осы дүрбелең шақта, орыс империясының қазақ даласын отарлау шағында, орыс-қазақ мектептеріне көңіл аударсақ, оның патша өкіметінің отарлау саясатына сай ашылғаны, соған бағытталғаны да бәрімізге аян. Бұратана мектептерге арналған заңның бірінші тармағы бәрімізге таныс. Бұл мақсаттың ашық та айқын көрінісі патша әкімдері мен ағартушыларының әртүрлі жиын — мейрамдарда сөйлеген сөздерінен анық байқалады. Мәселен, Торғай губернаторы Барабаш өзінің мүшел мерекесінде «Өзіме бағынышты қазақ халқына православиялық дін мөдениетін таратып үлгермедім» — деп өкінген екен.
«Тағы жұрттардың ағартушысы» Ильминскийдің халық ағарту министрі Д. Толстой қатысқан қазан-татар семинариясының ашылуында сөйлеген сөзінде, жабайы халықтарға ашылған мектептің басты мақсаты: бұратаналар арасында орыс православиялық шіркеуінің ықпал басымдығын күшейту, бұратаналардың біртіндеп орыстануына жағдай жасау деді. Патша өкіметі өз мақсатын қадағалай отырып, қазақтарға ана тілінде оқуға рұқсат етпеді; рұқсат бергеннің өзінде жағдайды ауырлата түсті. Медреселердің ашылуына орай қазақ тіліңде миссионерлік бағыттағы кітаптар көптеп шығарылды, православиялық діннің мифологиялық транскрипциясы алынды.
Адамзат қоғамының идеологиялық жағынан толысуы өмірден де, техникалық прогресстен де тыс және қалыс қалып отырды. Бұл жағдайда идеология болмыстың (өзге) салаларынан консервативті болды. Идеологиядағы кертартпалық консервативтік ағымның салқыны, әсіресе, кейін қалған халықтарға, мәселен қазақтарға қатты зиянын тигізді. Бұл, әрине, жаңа тұжырым емес. Идеологиялық консерватизм халықтың дамуына үлкен кедергі келтірді. Бұл ой алфавиттік реформаға да қатысты. Мысалға, орыс алфавитін орнықтыру мәселесі 20 ғасырдың 60-шы жылдары столыпиндік кезеңде шаруалардың орыс ойшылдары арқасында азат етілуімен тұспа-тұс келсе де, екінші Николайды құлатқаннан кейін ғана жүзеге асты.
Қазақ арасында «Қадим» (ескіше) және «Жәдит» жаңаша, төтеше оқу деген мағына нақ осы кезден басталды. Бас-аяғы он жыл ішінде ескі молдалардың сағы сынып, біздің мектептерде жаңа азаматтық заң жеңді. Осы күрделі, қилы заманда А. Байтұрсынұлы өз халқын ағарту саласында жаңалық енгізді. Біздің мұғалімдер оқытып жатқан бүгінгі европалық әдіс – Ахмет Байтұрсынұлының жанашырлық қызметінің жемісі.
Отаршылдыққа қарсы күресте, оған жабылған негізсіз жала салдарынан абақтыға отырып шықты. Алаш қозғалысы тұсында соны өріс іздеген Ахаң ұлт азаттығы жолындағы күрес басшыларының сапынан табылды. Қазақ зиялылары Қазақ автономиясын құруға қам жасап, 1 жалпықазақ сьезін шақырады. Сьез шешімімен «Алаш» ұлттық – саяси партиясы құрылады. Ахаңның басшылығымен «Алаш» партиясының бағдарламасы даярланып, қабылданады. Алаш Орда құрамын бекіткен 2-жалпықазақ съезі Оқу-ағарту комиссиясын құрып, оның төрағасы етіп Байтұрсынұлын бекітті. 1919 жылы наурызға дейін Алашорда үкіметінің Торғай облысы бөлімінің мүшесі болды. Байтұрсынұлы 1919 жылы наурызда Алашорда үкіметі атынан Мәскеуге Кеңес үкіметімен келіссөзге аттанды, осы жылғы шілдеде РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі мен Қазақ әскери-революция комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды.
Ғылыми еңбектері саны жағынын да, сапасы жағынанда ұшан теңіз. Біз бұл мақалада ғалымның еңбектерінің ұлтымызға арналған ағарту саласындағы тәрбиелік тақырыптағы шығармаларын атап өтелік.
Шын мәнісінде, өткен ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалыс, ұлттық сананың өсуі, қазақ халқы мен жастарын саяси, әлеуметтік және қоғамдық ағарту мәселелерінің басында тұрды және белсенді көтерілген мәселелерді шешуде аса маңызды роль атқарды.
Біз А. Байтұрсынұлының көп шығармаларының, қарастыратын бірнеше бөлігін келтірелік:
1. Ақынның алғашқы өлеңдері «Қырық мысал» атты аударма жинағында 1909 ж. Санкт-Петербургте жарық көрді.
2. Байтұрсынұлының екінші кітабы — «Маса» (1911).
3. Ахмет Байтұрсынұлының әліппесі «Оқу құралы» деген атпен 1912–1925 жылдары арасында 7 рет қайта басылып, оқыту ісінде ұзақ әрі кең пайдаланылды.
4. 1926 жылы ғалым «Әліп-бидің» жаңа түрін жазды.
5. «Тіл – құрал» атты үш бөлімнен тұратын, үш шағын кітап болып жарияланған оқулықтар жазылды (1914).
6. «Қазақ» газетінің 1913 жылғы үш санында шыққан «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақаласын атауға болады.
7. Қазақтың эпостық жыры «Ер Сайында» алғы сөз бен түсініктемелер жазып, оны 1923 ж. Москвада шығарды.
8. Қазақ ауыз әдебиетінде молынан сақталған жоқтау-жырларын арнайы жүйелеп, сұрыптап, 1926 ж. «23 жоқтау» деген атпен жеке кітап етіп жариялады.
9. «Әліпби» (1924) жазылды.
10. Байтұрсынұлының қазақ әдебиеттану ғылымы мен әдебиет тарихы жөніндегі тұңғыш көлемді еңбегі — «Әдебиет танытқыш» (1926).
11. А. Байтұрсынов қазақ тіл білімі саласында өнімді еңбек етіп, 1920 жылы «Баяншы» деген атпен әдістемелік қүрал, 1928 жылы «Тіл жұмсар» деген атпен екі бөлімді қолданбалы грамматика шығарды.
Ересектердің сауатын ашуға арнап оқулықтар мен тың еңбектер ұсынды. Араб әріптерінің негізінде төте жазу үлгісін, яғни қазақтың төл әліпбиін жасады. Қазақ тілінің ғылыми, теориялық және әдістемелік мәселелерін кеңінен талдап, оның нәтижесін іске асыруға тікелей нұсқау берді. Қазақ тіл білімінде терминдер жүйесін қалыптастырды. Қазақ тілі грамматикасындағы ұғымдар мен категорияларға жаңаша әрі дәл анықтамалар берді. «Әдебиет танытқыш» кітабы Ахмет Байтұрсынұлының – қазақ ғалымдарының ішінен шыққан тұңғыш әдебиет теоретигі екенін көрсетеді.
Тіл грамматикасына қатысты санаттардың әрқайсысына өз тілімізде ғылыми термин түсініктеме жасап, морфологиялық тұлға-тәсілдерді жаңаша талдау, жаңаша анықтамалар берді. Тіл фонетикасы мен грамматикасын талдауда тілдің типологиялық ерекшеліктері мен өзіндік даму барысын ескеру принципін ұстады. Байтұрсынұлы қазақ тілі білімін 20 ғасырдың бас кезінде қалыптастырып, оның ірге тасын қалады. Араб графикасына негізделген қазақ жазуының жаңашыл реформаторы болды.
Қазіргі таңда, өзінің маңыздылығын жоймаған ғалымның педагогикалық баға жетпес мұрасы бүгінгі өскелең ұрпаққа тәрбиелік орны орасан. Халықтық мұратқа сүйенген халықтық тәрбиенің мәні — бүгінгі белсенді қоғамның жастар ортасына жан-жақты жетілген мүшелерін, яғни өз ұлтын сүйетін, тілін, дінін білетін және оның әдет-ғұрыптарын сақтап, кейінгі ұрпақтарға үлгі боларлық тұлғаларды тәрбиелеуге икемді және ұтымды.
Өмір талабы, заманауи қажеттілік қазіргі алма-ғайып өзгермелі, аласапыран кезеңде
елімізге ұлтттық идеяның тапшылығы білінеді, сондықтан — қоғамның белсенді мүшесі болатын, оны қорғай алатын жетілген тұлғаларды тәрбиелеу күн тәртібінде кезек күттірмей тұрған мәселе.
Айта кететін ой, жан-жақты жетілген озық тұлға дегеніміз — ақыл-ойы дамыған, денсаулығы мықты, еңбекқор, ізденімпаз, эстетикалық талғамы биік, имандылықты бетке тұтқан, адамгершілігі мол, Абай еңбектеріне сусындаған, Байтұрсынұлының қағидаларын игеріп, ұлт мүддесін қарақан бастың материалдық қажеттілігінен жоғары қоятын қоғамның белсенді патриот мүшесі.
Байтұрсынұлының қағидалары халықтық идеяға толы рухани мұралардың мән-мазмұны мен негізгі түйіні де осы жас буындар бойына тәрбиенің сан алуан және жағымды түрлерін қалыптастыруға саяды. Міне, осыған сәйкес жас ұрпақты тәрбиелеуде жалпыға ортақ қоғамда өмір сүрудің моральдық-психологиялық нормасы айқындалды.
Жоғарыда келтірілген 11 шығарманың өн бойында, қазақ халқының педагогикалық мәні зор ой-толғаныстарын бесік жырынан, ертегілері мен аңыздарынан, эпостары мен дастандарынан, шешендік сөздері мен айтыс-термелерінен, мақал-мәтелдері мен баталарынан, аударма еңбектерде айтылған мысал мәтелдерде көптеп кездестіруге болады.
Ахмет шығармаларының маңыздылығы: қарапайым, оқуға жеңіл сазды, сөздері үйлесімді, ұйқасы ұтымды болып келеді. Көркем шығарманың пішіні туралы Ахмет өз өлеңінде:
Оюын ойып, орындап қойып,
Түр салғандай өрнекке.
Қиыннан қиып, қиырдан жиып
Құрап сөзді термекке, — деп қалай жазса, солай орындауға ұмтылған. Ақын, ағартушы аудармамен де көп айналысты. Көркем туындылары негізінен осы екі салада — аударма және түпнұсқа болып жазылған. Бәрінен де Ахметтің ден қойып, көп аударғаны Крыловтың мысалдары, сосын Пушкин, Лермонтов шығармалары, басқа да өзі қалаған орыс ақындарының туындыларын ана тілімізге түсірді.
Бұл орайда Ахмет Байтұрсыновты жаңа аударманың көш басшысы десек те болады. Аудару шеберлігі сондай, егер оқырман түпнұсқамен таныс болмаса, онда шығарманың өзге әдебиеттен екенін аңғармай қалар еді.
1913 жылы “Қазақтың” тұңғыш саны шыққанда газет редакторы А. Байтұрсынов былай деп жазған: “… Өзіміздің елімізді сақтау үшін бізге мәдениетке, оқуға ұмтылу керек. Ол үшін ең алдымен әдебиет тілін өркендету керек. Өз алдына ел болуға, өзінің тілі, әдебиеті бар ел ғана жарай алатындығын біз ұмытпауға тиіспіз. Бұл мәселеде біздің халымыз оңды емес. Осы күні орыс школы мен татар мектептерінде оқып шыққандар қазақ тілін елеусіз қылып, хат жазса өзге тілде жазып, қазақ тілінен алыстап барады. Бұл, әрине, жаман әдет. Егер тілге осы көзбен қарасақ, табиғат заңына бағынбай, біздің ата-бабаларымыз мың жасамаса, ол уақытта тілмен де, сол тілге ие болған қазақ ұлтымен де мәңгі қоштасқанымыз деп білу керек. Егер оны істегіміз келмесе, осы бастан тіл, әдебиет жұмысын қолға алып, өркендететін уақытымыз жетті”. Мұнан 100 жыл бұрын көтерілген, сол үшін жаны пида болған асыл азаматымыздың өзекті ойлы ойы дәл қазір, солымызда орыс, шығысымызда қытай тұрғанда және осы проблемалар қайта-қайта парламент пен үкімет отырыстарында көтеріліп, бастысы Президент қолдап отырғанда іске асуы керек, және оның асуы біздің ұранымыз болуы тиіс.
Тіл – мәдени өркендеудің басты факторы. Тіл жоқ жерде халық, біріншіден, ұлттық бет-бейнесінен айырылып қалады, екіншіден рухани, мәдени тозғындауға ұшырайды. Тілсіз, сөзсіз ақыл мен ойды қозғай алмайсың. Ал ой-санасыз сөз жоқ, яғни, сөйлей білмесе, адамның хайуаннан айырмасы аз.
Міне, осы тұрғыда Ахаң өлшеусіз көп қызмет етті. Бізге тілдің тереңдігі мен шеберлігін, тіл мәдениетінің мәнін, қасиетін дәлелдеп, тілімізді құрметтеуге мәжбүр етті. Оның тіліміздің тазалығы мен дербес өмір сүруі үшін күресі бұл саладағы еңбегі аса зор болды.
Бір кездерде мұсылмандар арасында ерекше бір толқын — пантюркизм болған еді. Ол кезде мәдени жағынан жоғары тұрмыз деп есептеген татар интеллигенциясы өзге түркі халықтарын татарландыруға, ішінде қазақ та бар, басқа да ұсақ түркі тайпаларын да ешқандай себеп-салдарсыз татар санауға болады дегендей ұсыныс та жасады. Оның өзі күллі түркі тектес жұртшылықта татар тілі қабылдансын дегеннен басталған еді. Кезек қазақ тіліне де таяған. Сол тұста Ахметтің ана тілімізді қорғап сөйлеуіне тура келді. Осыған байланысты «Шекіспей бекіспейді» деген мақаламен «Туған тілім» өлеңі жазылды. Онда былай айтылды.
Кенің бай, келімің мол туған тілім,
Дыбыстың сөз ғып теріп буған гүлін,
Қайырған қайдағыны жүйрік ең сен
Мен қосып құтыла алмас қусам білім.
Мен болман болдырамын татар десең,
Мен жатпан босағаңда жатар десең.
Осылай ана тілімізді қорғай жүріп, әдебиет пен тіл ғылымын дамытты, ілгерілетті. Енді біздің тілімізге ешкім тиісе алмайды, ал ол уақытта жағдай мүлде басқа еді ғой. Қазір бізге өз тілімізде жазуға, оқуға, сол арқылы мәдениетті көтеруге толық мүмкіншілік бар, газет оқу халық ағартушылығын арттыра түсетіні де сөзсіз.
А. Байтұрсынұлының жас кезінен айтар ойы, оқ тиіп он үшімде ой түсіріп, бітпейтін жүрегімде бар бір жарам. Алданып жегеніме оны ұмытсам, болғандай жегенімнің бәрі қарам, — деген жолдардың нақты өмірлік материалы әкесі Байтұрсынның 15 жылға Сібірге айдалып, қуғын көруі, бала жүректің тілім-тілім жаралануы. Ал, “Жиған-терген” өлеңіндегі:
Қазағым, елім,
Қайқайып белің,
Сынуға тұр таянып.
Талауда малың,
Қамауда жаның,
Аш көзіңді оянып – деген сөздерді патша цензурасы кезінде жібермеді. Ақын ашынып сөйлейді, тартыстар, қайшылықтарды көрсетеді.
Бұл бір сөз қасірет айтып хатқа жазған,
Қалмаған түк қасиет қазақ азған.
Байға мал, оқығанға шен мақсат боп,
Ойлайтын жұрттың қамын адам азған.
Күрес идеясы, келешек қамы үшін арпалысу, ел болу мақсаты бар тілектен жоғары қойылады:
Мен бұқтым, жаттым,
Сен бұқтың жаттың,
Кім істемек қызмет?
Ауызбен айтып,
Істерде қайтып,
Жоламасақ не міндет?
Тек жүрсе тоқ жүрмекті
Қиын деме білмекті.
Міне бүгінгі жастардың ұраны, Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлының жыр шумақтарымен ұштасып жатса, бұл өскелең ұрпақтың кешегі тарих қойнауындағы арман ме өзекті өртеген өкінішті ыза-кекпен сабақтасып жатса А. Байтұрсынұлының орындалар арманы емеспе.
А. Байтұрсынұлының 1911 жылы “Айқаптың” № 2 нөмірінде “Қазақ өкпесі” атты мақаласында тарихи мәселелерге шынайы, ғылыми тұрғыдан қарайтындығы көрінеді, қазақ хандығы неліктен құлады, өз алдына дербес мемлекет болып тұра алмаудың себебі, Ресейге қосылудың негізгі қолаңсыз жағдайлары деген проблемалардың жауабы айтылады. “Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, ордалы жерде орыннан қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты”, дей келіп, ел мен елді, ұлт пен ұлтты теңгеретін ғылым, өнер екенін айтып, оқуға, ағартушылыққа бас бұруға үндеп шақырады. Бұл бағытта жазылған, бірі-бірімен сабақтас мақалалар өте көп. Сол кездегі еліміздің оқу-ағарту мәселесіне назар аударып, қазақша оқу әлі бір белгілі тәртіпке келіп жеткен жоқ, кемшілігі есепсіз көптігін ескертеді. Ал, революциядан бұрын жазған еңбектердің басым көпшілігінің негізгі идеясы ағартушылық, демократтық, прогрестік биік нысана, олар біздің азаматтық, рухани дамуымыздағы маңызды, мәнді кезеңдер шындығын ашады, ойлар, пікірлер дәл қазіргі уақытқа қызмет ететінін көруге болады.
Ақынның алғашқы өлеңдері «Қырық мысал» атты аударма жинағында, бұл кітабы арқылы қалың ұйқыда жатқан қараңғы елге жар салып, олардың ой-санасын оятуға бар жігер-қайратын, білімін жұмсайды. Ақын әрбір аудармасының соңына өзінің негізгі ойын, айтайын деген түйінді мәселесін халқымыздың сол кездегі тұрмыс-тіршілігіне, мінезіне, психологиясына сәйкес қосып отырған.
Байтұрсынұлының екінші кітабы — «Маса», бұл кітапқа енген өлеңдерінде ақын қараңғылық, надандық, шаруаға енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерді сынады. Көптеген өлеңдері сол кездегі ағартушылық бағытпен үндес болды.
Ол Шоқан, Абай, Ыбырай қалыптастырған дәстүрлерді, гуманистік, демократиялық бағыттағы өрісті ойларды өзінше жалғастырушы ретінде көрінді. Қоршаған ортаға ойлана, сын көзімен қарайды, қоғам қалпына көңілі толмайды. Кітаптың ішкі сазы мен ой өрнек, сөз орамы қазақ поэзиясына тән өзіндік жаңалық, ерекше өзгеріс әкелді.
Қазақ тілінің негізін қалаушы ретінде Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулықтарын жазуды 1910 жылдардан бастап қолға алып, онымен қоса қазақ графикасын жасауға кіріседі. Қазақ графикасының негізіне қазақтың мәдени дүниесінде көп ғасырлық дәстүрі бар, өзге түркі халықтарды да пайдаланып отырғандықтан, туыстық, жақындық сипаты бар араб таңбаларын алады.
Сол 1911–1912 жылдары жасалып, Уфа, Орынбор қалаларының баспаханаларында жарық көрген, Ахмет Байтұрсынұлының әліппесі «Оқу құралы» деген атпен 1912 — 1925 жылдары арасында 7 рет қайта басылып, оқыту ісінде ұзақ әрі кең пайдаланылды.
1926 жылы ғалым «Әліп-бидің» жаңа түрін жазды. Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілінің табиғатын, құрылымын танып-танытудағы қызметі енді мектепте қазақ тілін пән ретінде үйрететін оқулықтар жазумен ұласады. Осы тұста оның атақты «Тіл – құрал» атты үш бөлімнен тұратын, үш шағын кітап болып жарияланған оқулықтар жазылды.
Әдебиеттану халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап жарыққа шығаруда Байтұрсынұлы зор еңбек сіңірді. Әдебиет саласындағы алғашқы зерттеуі деп оның «Қазақ» газетінің 1913 жылғы үш санында шыққан «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақаласын атауға болады.
Онда қазақ халқының рухани өмірінде Абайдың аса ірі тұлға екені, өмірбаяны, шығармаларының мазмұн тереңдігі, ақындық шеберлігі, поэтикасы, орыс әдебиеттерімен байланысы туралы ойлы пікірлер айтылған, ақын мұрасының эстетикалық қадір-қасиеттері ашылған.
Қазақтың эпостық жыры «Ер Сайында» алғы сөз бен түсініктемелер жазып, оны 1923 ж. Москвада шығарды. Қазақ ауыз әдебиетінде молынан сақталған жоқтау-жырларын арнайы жүйелеп, сұрыптап, 1926 ж. «23 жоқтау» деген атпен жеке кітап етіп жариялады. Байтұрсынұлының қазақ әдебиеттану ғылымы мен әдебиет тарихы жөніндегі тұңғыш көлемді еңбегі — «Әдебиет танытқыш» (1926).
Ол араб әріптерінің негізінде төте жазу үлгісін, яғни қазақтың төл әліпбиін жасады. Өзінің «Оқу құралы» (1912), «Тіл құралы» (1914), «Әліпби» (1924), «Жаңа әліпби» (1926) тәрізді кітаптарында қазақ тілінің ғылыми, теориялық және әдістемелік мәселелерін кеңінен талдап берді. Қазақ тіл білімінде терминдер жүйесін қалыптастырды. Қазақ тілі грамматикасындағы ұғымдар мен категорияларға жаңаша әрі дәл анықтамалар берді.
А. Байтұрсынов қазақ тіл білімі саласында өнімді еңбек етіп, 1920 жылы «Баяншы» деген атпен әдістемелік қүрал, 1928 жылы «Тіл жұмсар» деген атпен екі бөлімді қолданбалы грамматика шығарды. Осы мақсатта «Оқу құралы» (1912), «Тіл құралы» (1914); ересектердің сауатын ашуға арнап «Әліпби» (1924), «Жаңа әліпби» (1926) атты оқулықтар мен тың еңбектер ұсынды.
А. Байтұрсынов «Асыл сөз» атты еңбегінде қазақ халқының сөз өнеріне қатысты дәстүр, әдет-ғұрыптарына жан-жақты тоқтала отырып, оның тәрбиелік мәнін ашып көрсетеді.
«Өнер алды — қызыл тіл», — дей отырып, сөз өнерінің адам санасында үш түрде негізделетініне, яғни 1) ақылға, 2) қиялға, 3) көңілге байланысты болатынына тоқталады. Ақыл мен тілдің мән-маңызы және міндеті туралы былайша пайымдайды: «Ақыл ісі — андау, яғни нәрселердің жәйін үғыну, тану, ақылға салып ойлау; қиял ісі — меңзеу, яғни ойдағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұр-патына, бейнесіне ұқсату, бейнелеу, суреттеп ойлау; көңіл ісі — түю, талғау»; «Тілдің міндеті — ақынның андауын аңдағанша, қиялдың меңзеуін меңзегенше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау».
Әсіресе сөз өнді, ұнамды болуы үшін сөз өнерінің мән-маз-мұнына төмендегі шарттарды қояды: сөз дұрыстығы, тіл тазалығы, тіл анықтылығы, тіл дәлдігі, тіл көрнектілігі.
А. Байтұрсынов мұраларындағы тәрбиелік мәні бар ұлттық тағылымның негізгі түрі — бата. «Бата — біреуге алғыс бергенде айтылатын сөз; батаны ақсақал адамдар айтады. Батагөй шалдар басы бар табақты алып келгенде, асты жеп болғанда да бата қылып, көбінесе бата тамақ жеп болған соң істеледі», — деп, бата беру жолдарын баяндайды. Ол баталарды түрлеріне, айтылу рәсімдеріне байланысты жинақтап, топтайды. Сараптап, ғылыми талдап жастарға өнегелі өсуіне ықпал етеді.
Қорыта айтқанда, Ахмет Байтұрсынов айшықты еңбектері арқылы Қазақстанда ұлттық білім беру жүйесінің негізін қалады. Атамыздың өмірі мен еңбегін айтқанда, сол заман келбеті мен зұлматын әрдайым қоса айту ләзім. Мәселен, 1930 жылдары Орталық комитетте бірде бір жоғары білімді жан болған жоқ. Сталин оқуын тауыспаған дни семинарист, Калинин жұмысшы, Ворошилов слесарь, Орджоникидзе – фельдшер, Молотов политехника институтының екі курсында тауыспаған, Киров төменгі училища оқыған сызушы, Микоян – семинарист, Каганович – етікші болған. Осылармен алашорда азамматтарын салыстырсақ:
1. Ахмет Беремжанов (1899 жылы Қазан Университетінің заң факультетін бітірген).
2. Алихан Букейханов (1890-1894 жылы Санкт-Петербургте орман институтын бітірген).
3. Халел Досмухамедов (1903-1909 жылы Санкт-Петербургте Императордың әскери-дәрігерлік академиясында оқыған).
4. Мұстафа Шоқай (1910-1917 жылы Санкт-Петербург Университетінің заң факультетін бітірген).
5. Садық Аманжолов (1902-1907 жылы Қазан Университетінің заң факультетін бітірген).
6. Жақып Ақбаев (1898-1903 жылы Санкт-Петербургтің Императорлық Университетінің заң факультетінде оқыған).
7. Райымжан Марсеков (1899-1902 жылы Санкт-Петербургтің Императорлық Университетінің заң факультетінде оқыған).
8. Базарбай Маметов (1911-1917 жылы Қазан Университетінің заң факультетін бітірген).
9. Мұхамеджан Тынышпаев (1900-1906 жылы Император Александр 1 Санкт-Петербургтің мемлекеттік жол-қатынасы институт оқыған).
10. Уалитхан Танашев (1908-1912 жылы Қазан Университетінің заң факультетін оқыған).
11. Барлыбек Сырттанов (1866-1891 жылы Санкт-Петербургтің Императорлық Университетінің шығыс тану факультетінде оқыған).
12. Салимгерей Жантурин (1898-1903 жылы Москвалық мемлекеттік Университетінің физика-математика факультетінде және Санкт-Петербургтің Императорлық Университетінің заң факультетін бітірген).
13. Жаханша Досмухамедов (1904-1911 жылы Санкт-Петербургтің Императорлық Университетінің заң факультетінде оқыған).
14. Алимхан Ермеков (1921 жылы Томскінің технологиялық Университетінің бітірген).
15. Габдулгазиз Мусагалиев (1909 жылы Каирдегі аль-Кахира Университетінің заң факультетін бітірген, Египет).
16. Нургали Ипмагамбетов (1904-1911 жылы Санкт-Петербургте Императордың әскери-дәрігерлік академиясында оқыған).
17. Сеильбек Жанайдаров (1913 жылы Санкт-Петербургтің Императорлық Университетінің заң факультетінде бітірген).
18. Газымбек Беремжанов (1922-1928 жылы Берлин ауыл-шаруашылық академиясында оқыған).
19. Халиль Габбасов (1911-1915 жылы Москвалық мемлекеттік Университетінің физика-математика факультетін үздік белгімен бітірген).
20. Бактыгерей Кулманов (1884-1889 жылы Санкт-Петербургтің Императорлық Университетінің шығыс тану факультетін үздік белгімен бітірген).
21. Айдархан Тұрлыбаев (1897-1902 жылы Санкт-Петербургтің Императорлық Университетінің заң факультетінде оқыған).
22. Абдурахман Мунайтпасов (1920 жылдары Германияда оқыған).
23. Дамолла Битлеуов (1920 жылдары Германияда оқыған).
24. Қазыбеков (1920 жылдары Германияда оқыған).
Алаш-Орданың уақытша кеңесі (үкіметі) 1917 жылдың желтоқсанынан 1920 наурызына дейін өмір сүрді. Кеңес үкіметі мен Алаш Орда үкіметінің теңсіз күресі, қара түнек пен арайлап атқан таңның арасындағы арпалыс іспеттес еді.
Ахмет Байтұрсынов және оның замандастары осылай қиын-қыстау әділетсіз кезеңде, кеңес үкіметінің солақай саясатында азап шекті. Алаштың асыл азаматтары надан, тобыр билеген, зұлымдық өршіп жер бетінде ізгілік жоғалған уақытта біз үшін, тәуелсіз қазақ халқы үшін мезгілсіз құрбан болды. Жоғарыдағы екі үкіметтің өкілдерін салыстырып көрсек шындығы мен әділдігі дәлелсіз көрінеді. Қайран өксікпен өткен өмір, мезгілсіз ажал алаш азаматтарын жоқ қылды. Біз қазіргі таңдағы тәуелсіз Қазақстан Республикасының азаматтары кешегі есіл өмірі қор болған алаш асылдарының арманын іске асырушы болуымыз қажет және ол абыройлы қасиетті міндет.
Аллаһ қазақ ұлтына материалды дүние асты-үсті толы шексіз байлық берді, рухани ай мен күндей кемеңгер ұлы ойшыл Абай мен Ахметті берді. Алтынды көктен іздемей халыққа да, жастарға да Абай мен Ахметті танытайық. Елімізге екі дүниенің игілігін берсін.
Comments