ҚР Президентінің Жарлығымен Шымкент қаласы ПД Тұран АПБ Криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция капитаны Арман Арипжанов қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды. Қызмет бабында жасаған ерлігі еленді.
-Өзіңіз жайлы толығырақ айтып өтіңізші.
— — Арман Арипжанов. 1990 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келдім. Отбасымда үш ұл, үш қыз тәрбиелендік. Мен үйдің екіншісімін. Қарапайым отбасынан шыққанмын. 2015 жылы шаңырақ құрдым. Үш ұл, бір қызым бар. Балаларымыздың алды биыл мектеп табалдырығын аттады. Өзім 2011 жылы Шымкент қаласы М.Әуезов атындағы Мемлекеттік университетін заңгер мамандығына бітірдім.
-Бұл салаға қалай келдіңіз, қызығушылығыңыз қайдан оянды?
— — —Мектеп оқып жүргенде полиция туралы киноларды көп қарайтынмын. Форма киген тәртіп сақшыларының жұмысы ұнайтын. Олардың батыл қадамдары мен көзсіз ерліктері менің полиция болуға деген құлшынысымды арттырды. Өйткені, өз қиялымда полициядан мықты тұлға жоқ деген түсінік қалыптасты. Сол себепті, өскенде тәртіп сақшысы боламын деген мақсат қойдым. Мені сол уақытта қолдаған ең бірінші ата-анам болды. Қолымнан келетінін айтып, өз баталарын берді. Ерік-жігерім мен ата-анамның демеуінің арқасында осы дәрежеге жетіп отырмын.
— Ішкі істер органдарындағы еңбек жолыңызды қандай қызметтен бастадыңыз?
— — Университет бітіргеннен кейін 2015 жылы Арыс ауданы полиция бөлімінің жол патрульдік полкінде жұмысымды бастадым. 2017 жылы Шымкент қаласы Абай аудандық полиция басқармасының Жергілікті полиция қызметінде учаскелік полиция инспекторы болып істедім. 2021 жылдан бастап Абай АПБ-ның Жергілікті полиция қызметінің аға учаскелік инспектор лауазымына ауыстым. 2023 жылдың қаңтар айынан бері Тұран АПБ-ның Криминалдық полиция бөлімінде қызмет етемін.
-Жұмысыңыздың қиындығы туралы айтып берсеңіз. Бұл қызметке келгеніңізге өкінген кездер болды ма?
— — Осы салаға қатты қызыққаннан кейін бе, қолды бір сілтеп тастап кету деген ой ешқашан болған емес. Әрине, тәртіп сақшысы болу оңай жұмыс емес кейде қауіп-қатермен бетпе-бет келетін кездер де болады. Дегенмен, мен полиция қатарында қызмет еткеніме қуанамын. Елімді, жерімді қорғағаным- ата-анамды, отбасымды, қорғағаным деп білемін.
—Ақпан айының басында қала орталығындағы қару- жарақ дүкеніне қарақшылық шабуыл жасаған ер адамды ұстағаныңызды бәріміз білеміз. Сол күнгі оқиғаға толығырақ тоқталсаңыз
— —Ол уақытта мен Тұран АПБ-дағы ұрлық қылмыстарын ашумен айналысып жатыр едім. Оқтың даусын естіген сәтте сыртқа шықтым. Түскі уақыт болғаннан кейін Көшеде оқ атқан адам мен үрейленген студенттерді көрдім. Басымда адамдар жараланбау керек, зардап шекпеу керек деген ой болды. Сол себепті, тұрғындардың қауіпсіз жерге кіруін сұрадым. Өзім қылмыскердің соңынан бардым. Ол көлікті айдап кетпек болған сәтте тоқтату мақсатында көліктің есігін аштым. Мен көліктің ішіне кіргенімде ер адам шолақ мылтықтың басын маған бұрды. Қоян-қолтық ұрыстың әдісімен оны қарусыздандырдым. Сол сәтте патрульдік полиция полкінің қызметкерлері көмекке келді. Қуанышымызға орай ешқандай адам шығыны болмады. Өзімді ерлік жасадым деп есептемеймін. Бұл менің қызметтік міндетім, борышым.
Отан үшін отқа да, суға да түсуге дайын, ел қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін өмірін қатерге тігетін батыл жандар жетерлік. Қоғам тыныштығын күзетіп, көше тәртібін қадағалап жүрген сақшылар күрделі жағдайлармен күн сайын бетпе-бет келеді. Полиция қызметкері- болу әрқашан қырағылық пен сақтықты, батылдық пен шапшаңдықты талап ететіні баршаңызға мәлім. Ал, осы талаптар бойынан табылған Арманның жасаған ерлігі мен табандылығы көпке өнеге.
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, тұрақтылық пен тыныштық жолында қызмет етіп жүрген ержүрек полицейдің қызметіне табыс, ерлігіне алғыс білдіреміз.
Шымкент ҚПД
Сара Таирова
Comments