«Соңғы кездері халықтың көзі ашылып, саяси сауаты оянды» деген пікірмен онша келіспеймін. Бұрын да ата-апаларымыз, ағаларымыз саясаттан қара жаяу емес еді.
Керісінше, бұрын саяси белсенділігі жоғары болды ма деп ойлаймын. Өйткені сайлаулардан қалмайтын. Құдды бір заңмен бекітілген міндеті сияқты сезініп, таңертеңнен бастап сайлауға баратын. Мен де бала кезде әке-шешеммен сайлауға барып жүретінмін. Ол сәттер есімде.
Өзім 18-ге толғалы бері сайлаулардан қалмауға тырысып жүрмін. Жалпы мен үшін 2021 жылғы сайлау ерекше болды. Өйткені сайлауға тікелей атсалысып, осы салада жұмыс істедім. Тұңғыш рет праймериз өтіп, жастарға, әйелдерге партиялық тізімге алынуға мүмкіндік берілді. Осы саяси процестер нәтижесінде мәслихат пен Парламент едәуір жасарды. Қыруар қаржысы жоқ, қарапайым тұлғалардың біразы депутат атанды. Жалынды жастар келді. Сол жолғы шақырылымдағы депутаттар өз жұмысын дұрыс атқарды деп есептеймін.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен азаматтық қоғамның белсенділігін арттыру, сайанбалы органдарға ел жанашырларын тарту бағытында жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Мәселен екі жылдан бері ауыл әкімдері сайланып жатыр. Түркістан облысында да ел өз әкімдерін таңдап келеді. Бұның бәрі демократиялық үрдістерді жеделдетудегі нақты қадамдар.
Биылғы сайлаудың да жөні бөлек болғалы тұр. Өйткені халықтың белсенділігі өте жоғары. Әсіресе, әлеуметтік желіде. Енді сол белсенділікті шынайы сайлауда көрсету керек. Саяси сахнаға жаңа партиялар қосылып жатыр. Жалпы саяси партиялардың міндеті — ел басқаратын кадрлар даярлау. Тек партиялық тізім емес, мажоритарлық жүйе арқылы да үміткерлерді таңдауға мүмкіндік бар. Аудандық мәслихаттар түгел жеке мандат есебінен жасақталады.
Қалай болғанда да бәрі елдің өз қолында. Экономикадан, бюджеттен, мемлекеттік саясаттан хабары бар, атаққұмар емес, елшіл, дау шығарғыш емес, дипломат, жеке мүддесінен ел мүддесін жоғары қоя білетін тұлғаларды таңдау керек. Сондықтан тұрғындар осы сайлауға белсене қатысады деп сенемін.
Ғабит САПАРБЕКОВ,
Журналист
Comments