Биыл наурыз айында өтетін сайлауға қатысты шетелде 77 дауыс беру учаскесі ашылады. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті.
«2023 жылғы 19 наурызда ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау өтеді. Қазақстанның шетелдегі мекемелерінің жанынан, яғни 62 шет мемлекетте 77 сайлау учаскесі ашылады. Дауыс беруге қатысу үшін тиісті шет мемлекетте тұратын немесе жеке әрі қызметтік, оқу, іскерлік, туристік мақсатпен жүрген және жарамды паспорты бар Қазақстан Республикасының азаматтары еліміздің дипломатиялық немесе консулдық өкілдігіне жүгіне алады», — деді ресми өкіл ведомствода өткен апталық брифинг барысында.
Оның айтуынша, шетелдегі сайлау процесін уақытылы және толықтай дайындау мақсатында Қазақстан азаматтары жақын маңдағы сайлау учаскесіне алдын ала хабарласып, сайлаушылар тізіміне енгізу үшін мәлімет беруі керек.
«Учаскелердің байланыс деректері Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтында жарияланады», — деді А. Смадияров.
Comments