Қалалық құрылыс басқармасы мамандарының мәліметінше, 2023 жылға ауқымды жоспар құрылған. Бюджет есебінен әлеуметтік салада 19 нысанның құрылысы жоспарланды.
Оның ішінде білім саласында – 7, денсаулық сақтау және мәдениет салаларында 1 нысаннан, ал спорт саласында 4 нысан салынбақ. Атап айтқанда үшінші мегаполистегі №№8, 65, 45 мектептерге қосымша ғимараттар (2000 орын), №4 өнер мектебі, әкімшілік-іскерлік орталықта және Тұран шағынауданында бір-бірден оқушылар сарайы және №10 колледжге қосымша ғимарат салынбақ.
Қазіргі таңда құрылысы жүріп жатқан 6 нысан жыл соңына дейін аяқталады, ал 1 нысан 2024 жылға өтпелі. Ол – Тұран шағынауданындағы оқушылар сарайы, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы өтуде.
Мәдениет саласында Конгресс-холл мен 4 спорт нысанының құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Олар – «Метталург» стадионын қайта құру, №12 спорт мектебіне қосымша ғимарат, Бозарық шағынауданындағы ауыр атлетика мектебінің құрылысы мен медициналық колледждің спорт залы.
Сонымен қатар, төтенше жағдайлар саласында 3 нысан салу жоспарланып, екеуі биыл пайдалануға берілуі тиіс. Олар – әкімшілік-іскерлік орталықтағы 4 көлікке арналған өрт сөндіру депосы, Түркістан көшесіндегі 4 көлікке арналған өрт сөндіру депосы. Ал Сайрам шағынауданындағы 4 көлікке арналған өрт сөндіру депосы бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы өтуде.
Қалалық құрылыс басқармасы Шымсити шағынауданындағы 2 саябақ, Қазыбек би көшесінде стационар құрылысы және Ақтас шағынауданынан ит және мысықтарды уақытша ұстау нысанының құрылысын жоспарлап отыр.
Comments