Мамандардың айтуынша, егер Шымкент қаласында соңғы жылдары жүйелі түрде атқарылған жұмыстар болмағанда аяз күндері бізде де энергетикалық дағдарыс туындауы мүмкін еді.
Мәселен, Шымкент қаласының табиғи газға деген қажеттілігі сағатына 250 мың текше метрді құрап отыр. Әрі бұл көрсеткіш жылдан жылға артып келеді. Бұрынғы №1 және №4 АГРС-тердің жиынтық қуаттылығы 180 мың текше метрді құрайтын еді. Яғни, өткен жылға дейін Шымкент қаласында газ тапшылығы күрделі мәселелердің бірі болатын.
Шымкент қаласы әкімдігінің жүйелі жұмыстарының нәтижесінде 2022 жылдың сәуір айында №3 автоматтандырылған газ тарату станциясы іске қосылды. Оның қуаттылығы сағатына 250 мың текше метрді құрайды. Аталған нысанның арқасында бүгінде Шымкент қаласында газ тапшылығы проблемасы толығымен шешілген.
Сол сияқты Шымкент қаласының әкімдігі шаһарды сапалы электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жұмыстарды атқарып келеді. Мәселен, соңғы 5 жылдың ішінде қалада 4 қосалқы станция салынды. Соның ішінде қуаттылығы 160 МВт\сағатты құрайтын «Бозарық» қосалқы станциясының маңызы ерекше.
Осылайша, уақтылы әрі жүйелі түрде жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде аязды күндері Шымкент қаласының тұрғындары жылу, табиғи газ және электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз етіліп отыр.
«Шымкент келбеті»
Comments