Жаңалықтар

Шымкентте алдағы әскерге шақыру мәселелері талқыланды

Шымкент қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінде жастарды алдағы әскерге шақыру мәселелеріне арналған кеңес өтті. Шымкент гарнизонының әскери прокуроры, әділет полковнигі Ғалымжан Маханбетовтың төрағалығымен өткен жиында 2026 жылдың күзінде азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруға дайындықтың негізгі мәселелері қаралып, көктемгі әскерге шақыру науқанының қорытындылары шығарылды.

 

Өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары Шымкент гарнизонының әскери прокуроры, әділет полковнигі Ғалымжан Маханбетовтың, әскери полиция бөлімінің бастығы, әділет майоры Жантөре Досымбектің, Шымкент қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының, сондай-ақ әскерге шақыру жұмыстарын ұйымдастыруға жауапты тұлғалардың қатысуымен талқыланды.

Өз сөзінде Шымкент қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Әбдіғабит Шегебаев көктемгі әскерге шақыру науқанының қорытындысын шығарып, күзгі науқанға арналған жұмыс жоспарын жеткізді. Департамент бастығының айтуынша, биылғы көктемгі әскерге шақыру бойынша азаматтарды мерзімді әскери қызметке жөнелту жоспары толық көлемде орындалған.

– Өткен көктемде Шымкент қаласынан Қарулы Күштердің әскери бөлімдеріне, Ұлттық ұланға, Шекара қызметіне, сондай-ақ Мемлекеттік күзет қызметі мен Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімдеріне 1000-нан астам азамат мерзімді әскери қызметке шақырылды, – деді полковник Әбдіғабит Шегебаев.

Жастарды әскери қызметке шақырудың тәртібі мен ерекшеліктері Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңымен реттелетіні жөнінде әскери прокуратура мен әскери полиция өкілдері баяндады.

Олар азаматтарды әскери қызметке шақыру үдерісін цифрландыру бағытындағы жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті. Бұл отбасылық және кәсіби қызметке байланысты жағдайлар бойынша кейінге қалдыру мәселелеріне қатысты шешімдер қабылдау кезінде адами фактордың ықпалын барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар кеңеске қатысушыларға әскерге шақыру жасындағы азаматтардың медициналық комиссиядан өтуден және әскери қызметтен жалтарған жағдайда әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қолдану тәртібі түсіндірілді.

Айта кету керек, Қазақстан Республикасының Үкіметі жыл сайын әскери қызметтің беделі мен тартымдылығын арттыруға бағытталған бірқатар шешімдер қабылдайды.

Мәселен, Қорғаныс министрлігінің бастамасымен әскерге шақырылушыларға «кредиттік демалыс» беру жүйесі енгізілген. Сондай-ақ еліміздің жоғары оқу орындарымен жасалған «Азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеу саласындағы ынтымақтастық туралы» келісім аясында ерекше көзге түскен сарбаздарға еліміздегі 80-нен астам жоғары оқу орнына түсу кезінде жеңілдіктер қарастырылған.

Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі

В Талдыкоргане гвардейцы задержали вооружённого ножом нарушителя

Алдыңғы

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *