Жетісайлық кәсіпкерлер бүгін тағы да орталық көшені жауып, базар әкімшілігіне нысанды тездетіп ашуды талап етті.
Халықпен кездесуге облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, аудан әкімі Мұрат Қадырбек шығып, базардағы жөндеу жұмыстары 1-2 күн сараптама жұмыстары біткен соң басталатынын түсіндірді.
«Екі сараптама жасалады. Біріншісі — құрылыс сараптамасы, екіншісі – тауарлық сараптама. Қазір базар иесі жаңа нысанның жобасын жасап, бізге ұсынады. Өрт қауіпсіздігін сақтау, әрі халыққа қолжетімді болатын базар салуымыз керек. Өртенген базар ісі бойынша тергеу жұмыстары басталды. Нысан иесі уәде бергендей, 15-20 күн уақытта базар іске қосылады», деді С.Қалқаманов.
Жиналыстан кейін аудан әкімдігінде базар кәсіпкерлерінің несие уақытын шегеру, қайта қаржыландыру бойынша екінші деңгейлі банк өкілдерімен кездесу өтті.
Халық банк, Жусан банк, KMF өкілдері келіп кәсіпкерлердің әрқайсымен жекелей жұмыс жүргізетіндерін айтты.
Сондай-ақ шығынды есептеу бойынша комиссия құрамына кәсіпкерлер арасынан белсенді азаматтар кірді. Тауары өртеніп кеткен кәсіпкерлер тізімі жасақталып, базардың әр бөлімі бойынша тиісті ақпаратты жинақтайтын жауаптылар бекітілді.
Түркістан облысы Өңірлік коммуникация қызметі
Comments