Түркістан облысы, Сауран ауданында қуаты 220 кВ болатын «Орталық» қосалқы станциясы пайдалануға берілді. Станцияның ашылуына «Самұрық-Қазына» ұттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Қаныш Молдабаев, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысып, жобаның маңыздылығына тоқталды.
— Түркістанда соңғы 4 жылда атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде қаланы дамытудың 1-кезеңі аяқталып, Түркістан қаласын одан ары қарай дамытудың 2-кезеңі басталды. Нәтижесінде халықаралық әуежай, әкімшілік-іскерлік және мәдени-рухани орталықтары салынып, қаланың негізгі әлеуметтік инфрақұрылымы қаланды. Қала аумағында зәулім ғимараттар, мәдениет және спорттық, әлеуметтік нысандар салынды. Аталған нысандар мен қала тұрғындарын сапалы, тұрақты электр қуатымен қамту – маңызды міндет. Сондықтан «KEGOC» АҚ тарапынан облысымызда «Орталық» қосалқы станциясы пайдалануға беріліп отыр. Бұл станция Түркістан қаласы мен Сауран ауданы тұрғындарын сапалы электрмен қамтамасыз етеді, – деді Ө.Шөкеев.
KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Қаныш Молдабаев та бұл жобаның өңірде энергия тапшылығын болдырмауда маңызы зор екенін, станция Түркістан энергия торабында электр энергиясын тұтыну айтарлықтай өсуіне байланысты салынғанын атап өтті.
— Жаңа қосалқы станция Түркістан энергия торабын қосымша электрмен жабдықтау орталығын қамтамасыз етеді. Осының арқасында жергілікті тарату электр желісін дамыту үшін жағдайлар жасалады, өңірлік желінің қажетті өткізу қабілеті қамтамасыз етіледі, — деді ол.
«Түркістан қаласын дамыту бойынша бірінші кезектегі іс-шараларды іске асыру жөніндегі жол картасына» сәйкес, «Түркістан қаласын сыртқы электрмен жабдықтау схемасын күшейту. Электр желілік объектілердің құрылысы» жобасын іске асыру «KEGOC» АҚ-на бекітілген. Нәтижесінде «KEGOC» АҚ құрылысты 2019-2022 жылдары жүргізіп, станцияны пайдалануға берді. Қосалқы станцияға кернеуі 110кВ және одан төмен жергілікті тарату электр желісі қосылатын болады. Жоғарғы кернеулі 220 кВ «Орталық» қосалқы станциясы 220 кВ электр желісіне қосылады және қаланы сыртқы электрмен жабдықтаудың қажетті өткізу қабілеті мен сенімділігін қамтамасыз етеді.
Станцияда заман талабына сай озық технологиялар қолданылған. Энергетикалық нысанға «Яссы», «Солтүстік», «Коммунальная», «Сауран» қосалқы станцияларын және 50 МВт жылу энергия орталығын (ЖЭО) қосу жұмыстары жүріп жатыр. Қосалқы станция арқылы Түркістан қаласы мен Сауран ауданының 300 мыңнан астам тұрғыны, әлеуметтік, шағын және орта бизнес нысандары сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етіледі. Құрылыс кезінде облыстың 100-ден астам тұрғыны жұмыспен қамтылса, қазір станцияда 10 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Comments