АймақӘлеуметҚоғам

ИСЛАМ ДІНІНДЕГІ ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ

«Зайырлылық» түсінігінің ауқымы кең. Конституциялық негіздегі «зайырлы» ұғымы мемлекеттің барлық салаларда, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, дін мен мемлекеттік саясатты араластырмайтынын білдіреді. Қазіргі заманғы зайырлылық ең алдымен гуманистік құндылықтарды, соның ішінде адамның ар-ождан және наным-сенім бостандығын еркін жүзеге асыруды қамтиды. Зайырлылық – әр адамның дүниетанымдық еркіндігін құптай отырып, қоғамның рухани саласындағы ой-сананың көптүрлілігін мойындау. Мемлекеттің зайырлы сипаты оның діннен ажыратылғанымен ғана емес, сонымен қатар атеистік, секуляристік идеологияның немесе басқа да бір дүниетанымның басымдылығын мойындамайтынымен де сипатталады. Зайырлы мемлекет азаматтық қоғамның құрамдас элементі ретіндегі діни бірлестіктердің қызметін де реттеп отырады.

Өзге дін өкілдерімен қарым-қатынастың негізгі қағидаттары ислам шариғатының қайнар көздері – Құран мен сүннетте белгіленген. Аталған қағидаттарға сүйене отырып, ислам пайда болғалы бері он төрт ғасырдың ішінде басқа діндермен бейбіт қарым-қатынас жасау жолға қойылған. Ислам діні туындаған кезден бастап өзінің географиялық орналасу аймағына сәйкес қатар қоныстанған иудейлермен, христиандармен және басқа да дін өкілдерімен қажетті байланыс орнатты. Құранда «Кітап иелері» деп аталған иудей және христиан діні өкілдерімен бейбіт қатар өмір сүрудің исламда орнықты дәстүрлері қалыптасқан. Мұхаммед Пайғамбар (с.а.с.) мұсылмандарға: «Сендерге кітап иелерін, яғни христиандар мен еврейлерді аманат етемін»,– деп өсиет қалдырған. Екінші бір хадисте: «Кімде-кім Кітап иелерін жәбірлесе, ақыретте мен оның дұшпанымын»,– деп қатаң ескерткен.

Өз заманында Мұхаммед Пайғамбар өзге дін иелеріне де мейіріммен, қамқорлықпен қарай отырып, ортақ түсінік пен татулықты сақтауға күш салып, өзге дін иелерінің құқығын мұсылмандармен бірдей дәрежеде ұстады. Ардақты Пайғамбар (с.а.с.) хадисінде: «Кім зимми адамды (мұсылмандармен бірге өмір сүретін өзге дін адамын) өлтірсе, ол жәннаттың исін де иіскемейді. Әрине, жәннат исі жетпіс жылдық қашықтықтан келіп тұрады», – десе, келесі бір хадисте: «Кім уәделескен (өзге діндегі) адамға зұлымдық жасаса немесе оның ақысын бермесе, оны шамасы жетпейтін нәрсеге мәжбүрлесе, оның ризалығынсыз мүлкін тартып алса, қиямет күні мен сол адамның кегін алып беремін», – деп қатаң ескертеді.

Ислам барлық діндерді құрметтейді, себебі барлық діндердің тамыры біреу. «Әли Имран» сүресінің 84-ші аятында: «Біз Аллаға, өзімізге түсірілген Құранға, Ыбырайым, Ысмайыл, Ысқақ, Яғқұптарға және ұрпақтарына түсірілгенге және Мұса, Ғайсаларға, сондай-ақ Пайғамбарларға Раббыларынан түсірілгенге де иман келтірдік; ешбіреуінің араларына айырмашылық жасамаймыз», — делінген. Сонымен қатар, «Хужурат» сүресі, 13-аятта: «Уа, адамзат! Біз сендерді ер мен әйелден (Адам Ата мен Хауа Анадан) жараттық. Өзара қарым-қатынас жасап, араласып өмір сүрулерің үшін ұлттар мен тайпаларға бөліп қойдық», – деп әрбір ұлттың дербес өмір сүруге құқылы екендігі көрсетілген.

Қорытындылай келе, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ислам дінінде зайырлылық принциптеріне қайшы келетіндей арнайы шариғи шешімдер жоқ десек те болады. Керісінше еліміздің өркендеп және қарыштап дамуына, конфессияаралық келісімнің озық үлгісін көрсетуде ислам дінінің алатын орны ерекше. Қырандап ұшқан құстың қос қанатының бірін ислам, бірін зайырлылық десек артық айтпағанымыз болар.

 І.Нағызхан

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы

 

«МЕЙІРІМГЕ ТОЛЫ ЖҮРЕК»

Алдыңғы

БАЛАЛАРҒА «КЕРУЕН САРАЙДА» КӨҢІЛДІ ДЕМАЛЫС КЕШІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *